Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ауруханадан шығып, жоғалып кеткен: Ақмола облысында әйел адамның денесі табылды

Ақмола облысында ауруханадан шыққан әйелдің денесі орман алқабынан табылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осы жылдың 6 қыркүйегінде Аршалы аудандық полиция бөліміне Ақкөл қаласының тұрғыны 31 жастағы әйел 60 жастағы қайын енесін іздеуге көмек көрсету туралы өтініш білдірген. 

Келіншектің сөзінше, енесі 6 қыркүйек сағат 14:00 шамасында Аршалы аудандық ауруханасынан шығып, белгісіз бағытта кетіп қалған.

"Бұл факті сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Сотқа дейінгі тергеу барысында жоғалған әйелдің келіні мен оның ұлынан жауап алынды. Ол анасының Шортанды ауданының Жолымбет ауылында інісімен бірге тұратынын түсіндірді. Биылғы жылдың 18 тамызында ол ауырып, Аршалы аудандық ауруханасына жіберілді. Әйел комаға түсті. Осы жылдың 25 тамызында өзіне келген әйел туыстарымен байланысқа шығып, олармен телефон арқылы сөйлесті. Ал биылғы жылдың 3-ші қыркүйегінен бастап әйелдің ұялы телефоны өшірілген", – деп түсіндірді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнар Пинчук.

6-шы қыркүйекте әйел ауруханадан шығарылуы керек болған. Бірақ Аршалы кентіне келген туыстары оны ауруханадан таба алмапты. 60 жастағы әйел ұлым келді деп, өз бетімен ауруханадан шығып кеткен. Бастапқыда жоғалған адамның туыстары оны өз бетінше іздеп табуға тырысты, одан нәтиже болмаған соң полицияға жүгінген.

"Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері Аршалы кенті бойынша орналасқан бейнебақылау камераларының жазбаларын қарады, "Аршалы – Нұр-Сұлтан" қатынасымен тасымалдауды жүзеге асыратын такси жүргізушілерінен жауап алынды. Адамдар көп жиналатын орындарда бағдарлар жапсырылды. Аршалы ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері жоғалған адамды іздеуге жұмылдырылды. 6505 әскери бөлімінің атқыштар ротасы күштерін тарта отырып, Ақбұлақ, Ижевское ауылдары және Аршалы стансасы елді мекендері аумағын сүзіп шықты. Қыркүйектің 9-да вокзал маңындағы орман алқабынан жоғалған әйелдің денесі табылды. Осыған байланысты сараптама тағайындалды", – деп толықтырды Гүлнар Пинчук.

Оқиғаға қатысты облыстық денсаулық сақтау басқармасы түсініктеме берді. Ондағылар әзірше ешқандай ақпарат бере алмайтынын, басқарма басшылығы мен мамандары Аршалы ауданына аттанатынын, кейін қосымша ақпарат жолданатын айтып түсіндірді.

Еске салсақ, бұл туралы Бақытбек Қадыр есімді желі қолданушы Facebook-тегі парақшасында жазған болатын. Онда ол ауруханадан шығып, орман ішінен денесі табылған әйелдің 1961 жылғы Асқар Қазиман екенін айтады.

Талқылау