Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ауыл шаруашылығы министрі қанттың қашан арзандайтыны туралы айтты

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қант бағасы күзге қарай түсуі мүмкін екенін айтты. Бірақ ол үшін әкімдіктер өнімді тұрақтандыру қоры арқылы өзіндік құнынан арзанға сату тәжірибесін доғаруы керек дейді министр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

қант

Ауыл шаруашылығы министрі брифинг барысында қазір қант бағасының қанша болуы керек екенін де айтты. Сөзінше, қант шикізаты бір жылда 2 есеге қымбаттаған. 

"Қазіргі жағдай қант бағасының да өсуіне әкелді. Айта кету керек, биржадағы шикі қамыс бағасы өсті. Тасымалдау шығындары да, өңдеу шығындары да өсті. Мысалы, 2020-2021 жылдары қазіргіден екі есе аз болды – қазір шикі қант 476 доллар тұрады. Логистикалық шығындар да 2,6 есе өсті, былтыр Бразилиядан қантты 110 долларға жеткізуге болатын еді, бүгінде бір тонна шикі қанттың бағасы 300 долларға дейін көтерілді", – деп түсіндірді ол. 

Бұл деректер отандық қант зауыттарында қамыс қантының қымбаттауына әкелген.

"Бүгінде зауыттар қанттың келісін 450 теңгеден сатып жатыр. Бұл ретте көтерме саудадан, сондай-ақ бөлшек саудадан түсетін 15 пайыздық рұқсат етілген үстемені ескеретін болсақ, қант шикізатының басым құнын ескере отырып, ең төменгі баға шамамен 595-600 теңге боулы тиіс. Бұл нарықтық өнім, сондықтан баға ішкі нарықтағы қант бағасының өсуіне байланысты", – дейді министр.

Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, қантты нарықтағы бағадан төмен сатуды доғарса, дүкендегі дүрбелең сол кезде тоқтайды. 

"Ресей Федерациясының болжамынша, қыркүйектен бастап қант экспорты ашылмақ. Өйткені биыл қызылша шығымы да қажетті деңгейде болады деген жоспар бар. Сондықтан шілде, тамыз айларында қант бағасы жоғары болатын шығар. Одан кейін біртіндеп баға түсіп, нарықтағы жағдай қалыпқа келеді деп ойлаймын", – деді Ербол Қарашөкеев.

Министрдің сөзінше, болжам орындалуы үшін жергілікті әкімдіктер нарықты сауатты реттеуі керек. 

"Қазіргі ұзын-сонар кезек пен дүрбелеңнің бәрі арзан қанттың айналасында туындап отыр. Тіпті қыркүйек айында да қантты сырттан әкеліп, азғантай бөлігін өзіндік құнынан төмен бағамен сатуды жалғастырсақ, дүрбелең де жалғасады. Сондықтан қантты өзіндік құнынан арзанға сатып, дүрбелең туғызуды тоқтатқан кезде  мәселе бірден шешімін табады. Шілде айында елге әкелінетін, зауыт шығаратын қанттың көлемін есепке алсақ, айлық қажеттілікті 150%-ға жабамыз. Тамызда бұл көрсеткіш 170%-ға дейін жетеді", – деді министр.

Талқылау