Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Аттап кетер едім". Блогер Нагимуша алып қашудың құрбаны болған қыздарға кеңес берді

Танымал блогер Нағима Ахметова “Замандас” бағдарламасында қыз алып қашу дәстүріне деген көзқарасын білдірді. Блогер осыдан жеті жыл бұрын өзіне жасалған пранктың жай-жапсарын айтып берді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

©instagram.com/nagimuwaa

Нағима өзін алып қашып кеткенде қандай сезімде болғанын және босағадағы кейуанадан не себепті аттап кетпегенін айтып түсіндірді.
“Тал түсте мені көлікке салып, алып қашып кетті. Босағадан аттап кетпеуімнің себебі, мен бәрібір бұл жерден шығатынымды, сосын бәрін сотқа беретінімді білдім. Ойымда көп нәрсе болды. Босағадан аттамау – бәріне келісу, мойынсыну деген сөз емес. Мен полицияға хабарласып, мұның қылмыс екенін айтпақ болдым. Қазіргі Нағима болсам, аттап кетер едім. Өйткені қазір мен батыл Нағимамын. Бұл дұрыс нәрсе емес, нағыз қатыгездік. Мені алып қашып кеткенде, мен қатты қорықтым. Бұл шын мәнінде ұрлық қой. Қазіргі кезде ересек адамды, баланы ұрлап, құлдыққа сатып жіберуге болады”, – дейді Нағима.

Десе де блогер бұл жағдай әзіл болуы мүмкін деп те ойлаған. Сондай-ақ ол алып қашудың құрбаны болған қыздарға кеңес берді.

“Санамның түкпірінде мұның өтірік екенін сездім. Бірақ шынайы көрінгені соншалық өз-өзімнен күмәндана бастадым. Ол жағдайдан кейін мен есейдім. Көп дүниені көрдім, түсіндім. Қазір маған сөйлеуге мүмкіндік берсе, алып қашудың дұрыс емес екенін айтар едім. Аттап кет, хабар бер, қаш, айқайла, қират. Бірақ өз еркіңнен тыс шешім қабылдама. Кім үшін, не үшін өзіңді құрбан етпексің? Сені еркіндігіңнен айырмақ. Жақсы көрсе адам сияқты жақындарыңның алдынан өтсін. Кім не десе де бәрібір, мейлі, сенен теріс айналсын, жек көрсін, “көргенсіз” деп айта берсін. Бұл сенің өмірің”, – дейді блогер ақтарыла. 

Айта кетейік, 2017 жылы "Алма-ата, штат Небраска" атты шығармашылық ұйым Нағимаға пранк жасап, оны алып қашып кеткен болатын.

Талқылау