Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Асылдың сынығы: Әбілхан Қастеевтің шөбересі қалай өмір сүреді және немен айналысады?

Айсаным Қастеева — қазақтан шыққан әйгілі суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі, график суретші Әбілхан Қастеевтің шөбересі. Бала күнінен бастап түрлі шетелдік көрмелерге қатысқан ол, қазіргі таңда халықаралық өнер байқауларының жеңімпазы атанып жүр. “II халықаралық этникалық сән байқауын” жеңіп шыққан Қастеева атасының атына кір келтірмей, оның есімін тағы да бір рет жаңғыртуды армандайды. Ол Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне Әбілхан Қастеевтің ұрпағы қалай өмір сүріп жатқанын, танымал суретшінің туындыларын көшіретін адамдар туралы көзқарасы қандай екенін айтып берді

Айсаным Қастеева 24 жыл бұрын екі суретшінің жанұясында дүниеге келген. Суретшілік қабілет Айсанымның бойына ана сүтімен, әке қанымен дарыған. Оның анасы қазақтан шыққан танымал суретші Мұхит Қалимовтың қызы, ал әкесі Әбілхан Қастеевтің немересі. Кейіпкеріміздің ата-анасы үлкендердің жолын жалғап, өмірлерін шығармашылықпен байланыстырған екен. Бүгінгі күні Қастееваның анасы Астанадағы Өнер колледжінде сабақ береді, ал әкесі интерьер сәулетшісі болып жұмыс істейді.

“Бала күнімнен, шамамен үш жасымнан бастап сурет саламын. Кішкентай болсам да, ата-анамның демеуімен сол кезден бастап көрмелерге қатыстым. Анам мен әкем менің шығармашылық туындыларымды шетелдегі көрмелерге жіберетін. Суреттерім Нидерландыда, “Қызғалдақтар көрмесінде” қойылған. Өзім суретші болуды жоспарламадым, бірақ тағдыр мені осылай шығармашылықтың жолымен жетелеп келеді.

Адамдардың менің тегіме деген қызығушылығы мектепте оқып жүрген кезімнен бастау алады. 10 жасымда қазақтан шыққан тұңғыш суретшінің шөбересі екенімді түсіндім. Көпшілік тегімнің Қастеева екенін білгенде, Әбілхан атаммен туыстығымның бар не жоғын сұрайды. Сосын өзімді оның шөбересі екенімді растап, олардың күмәндарын сейілтетінмін”, — дейді ол.

Суретшінің шөбересі Өнер университетінде, “Театр және костюмдер бойынша суретші” мамандығына оқып жатыр. “Жасым жиырма төртке келсе де, әзірге немен нақты айналысатынымды айта алмаймын”, — дейді Қастеева. Ол суретшілік қабілетін текке кетірмей, болашақ мамандығымен байланыстырып, киімдерге жазу жазуды, сурет салуды қолға алған.

Үнемі ізденіс үстінде жүріп, жан-жақты болуға тырысатын жас суретшінің қарапайымдылығы мен ақжарқындылығына еріксіз сүйсінесің. 2018 жылы ол Астананың 20 жылдығына орай ұйымдастырылған “II Халықаралық этникалық сән марафонына” қатысып, бас жүлдені жеңіп алды. Қастееваның айтуы бойынша, байқауға жүйріктің жүйрігі қатысқан соң, жеңіске жетемін деп ойламаған.

“Бұл — біздің, яғни менің, күйеуімнің, тігіншімнің, модельдердің еңбегі бағаланды деген сөз. Менің ойымша, модель киген киімінде өзін ыңғайсыз сезінсе, киім әдемі көрінбейді.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Айсаным Кастеева (@aisanym_qasteeva)

Қазір университет қабырғасында оқып жатқан мамандығым мені киімдермен жұмыс істеуге міндеттейді. Алайда, қазіргі уақытта мен майда-шүйдемен, танамоншақ сынды түрлі аксессуарларды жасаумен айналысамын. Киімдерге сурет салумен, жазу жазумен айналыса беруіме болатын еді. Бірақ менің қолымнан шыққан киімді сатып алуға таныстарымның шамасы келмейді, оны алып киюге қалталары көтермейді. Жұлдыздармен бірігіп жұмыс істеуді қалаймын. Алайда, олардың маған қойған өз талаптары бар. Нақтырақ айтқанда, олар киімді сыйға алғысы келеді, — дейді ол.

Танамоншақ демекші, Қастеева әйгілі суретшінің жары Сақыш әжесінен қалған танамоншақты көзінің қарашығындай сақтап, оны қатты бағалайды екен. Әжесі берген танаманшоқ ұрпақтан-ұрпаққа мұра ретінде қалып келе жатқан асыл зат. Айсаным Қастеева кейін оны дәстүр бойынша өз ұрпағына табыстауды жоспарлап отыр.

Ол атасының өмірімен, шығармашылығымен Қастеевтердің үйіне келін болған Мұхит әжесі арқылы жақынырақ танысып шыққан. Қиын-қыстау заманда өмір сүрген суретшінің бойындағы қарапайымдылық, жомарттылық бүгінгі күні көптеген адамдардан табыла бермейтін қасиет. Біздің кейіпкеріміз Әбілхан Қастеевтің өмірімен танысу барысында көкейіне осы жайтты түйіп алған екен.

“Жұмыс бабымен көбінесе іс-сапарда жүретін ата-анамнан Қастеев жайлы көп нәрсені естей алмадым. Мен бала кезімде Мұхит әжемнің қолында өстім, атам туралы көптеген әңгімелерді көбінесе сол кісіден еститінмін. Мұхит әжемнен Қастеевтің қандай қонақжай адам болғанын білдім. Әжем Қастеевтер әулетінің келіні болған. Оның айтуынша, суретшінің жанұясы тұрған үйдің есігі танымал тұлғаға да, қарапайым адамға да ашық еді. Тіпті, кей кездері Қастеев қонақ қылып күткен адамын танымайтын сәттер де болған. Бұл оның өте қарапайым адам болғанынның белгісі. Қаншама жерден лауреат атанып, қаншама қызметтерді атқарса да, Қастеев өзінің қарапайымдылығын жоғалтқан емес.

Бір күні үйге шай ішуге бір кісі келіпті. Атам екеуі әңгіме-дүкен құрған. Сосын үйдегі адамдар қонақты шығарып салып, атамнан оның кім екенін сұрағанда, ол “білмеймін” деп жауап берген екен. Сосын қарапайым киім киген атам үйдің ауласын сыпырып жүргенде көрші әйел келіп : “Осы жаққа танымал Әбілхан Қастеев есімді суретші көшкен екен. Оған телевидение, танымал адамдар келеді. Сол суретшінің түрі қандай екен?” деп сұрап,  алдында тұрған адамның дәл сол суретшінің өзі екенін білмеген. Осыдан суретшінің қарапайым, сабырлы тұлға болғанын байқалады. Ол барлығын өзінде ұстайтын, ал біз білетініміздей, барлығын өзінде ұстайтын адамдар дүниеден ерте озады. Атам үшінші инфарктен кейін қайтыс болды, — дейді Айғаным Қастеева.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Айсаным Кастеева (@qasteeva)

Әбілхан Қастеевті көзі көрген адамдардың барлығы бірауыздан суретшіні елі үшін адал еңбек еткен, өте қарапайым адам ретінде суреттейді. Оның өне бойындағы осы қасиеті барлық балаларына, немерелері мен шөберелеріне дарыған. Аяулы ана, асыл жар атанып үлгерген Айсаным Қастеева да қарапайым өмір сүреді. Үш жарым жастағы Арлан есімді ұлын бағып, өмірлік серігіне көңіл бөліп, шығармашылықпен айналысуға да уақыт табады.

“Менің туысқандарым өте сабырлы, салмақты адамдар. Біз барлығымыз қарапайым өмір сүреміз. Туысқандарым қаншама атақты иеленген, жұмыстары газет-журналдардың бетінде сансыз жарияланған. Көптеген дәрежелерге жетіп жатса да олар дандайсынып кету дегенді білмейді. Адамның бойындағы қасиеттері ұрпағына қан арқылы беріледі деп ойлаймын. Егер біреу мансапқұмар, тәкаппар болса, демек оның бір атасы сондай болған.

Әбілхан Қастеевтің өзі қиын-қыстау кезенде өмір сүрген ғой. Бүкіл өмірін суықта өткізген. Қателеспесем, оның үйіне жылуды ол өмірден озып кеткеніне бір апта, екі-үш ай болғанда қосқан. Сондықтан мен өміріме шағымданғанда, көңіл-күйім болмағанда, күйеуім атамның қандай қиындықтардан өткенін есіме салады. Қастеев қиындықтарға қарамастан, “ақырын жүріп, анық басып” балалары үшін көздегеніне жететін, — дейді суретшінің шөбересі.

Асылдың сынығы Айсаным Қастееваның бір жайтқа іші қан жылайды. Әбілхан Қастеев әрдайым халқына жақын болған адам. Алайда сол халықтың ішінен оның атын пайдаланып пайда көргісі келетіндер жоқ емес. Суретшінің шөбересі олардың бұл ісін күнәға балайды.

“Қастеевтың суреттерін көшіріп алып, суретшінің қолын мінсіз қоюды үйреніп алған. Қазақтың біртуар азаматының туындыларын көшіріп алып, өздерін суреттердің авторымыз деумен дес бермейді. Осыған ішім қан жылайды. Бір дарынсыз адам өз-өзін жетілдірудің орнына, біреудің арқасында танымал болуды көздеп қойған. Менінше, мұндай іс күнәға жатады”, — дейді ол.

Әбілхан Қастеевтің өмірі жайлы естеліктерден ол кісінің суретті тұрып салғанын білеміз. Кейіпкеріміздің сөзінше, ұлы тұлғаның бұл қасиеті шөбересіне берілген. Қастеева шығармашылық жұмыспен кілемде отырып, кілемге жатып айналысады. Неге екені белгісіз ол ешқашан үстел басында отырып сурет салмаған.

“Дарынды адам барлық істе дарынды” деген сөздер біздің кейіпкеріміздің болмысын суреттеп тұрғандай. Ол осыдан екі жыл бұрын шыққан, шынайы оқиғаға негізделген “Мен сені сүйемін, Ақерке” фильмінде күйеуімен бірге басты рөлдердің бірін ойнаған. Қастеева фильмдегі рөлі үшін ақы алмаған екен. Сонымен қатар, актерлік жолды қуып, актриса атану оның жоспарында жоқ.

Қазақстандық өнердің ортасынан өз орнын таппаған көптеген суретшілер шетелге шығып, өзге мемлекет тұрғындарының ыстық ықыласына бөленіп жатады. Олардың шығармашылық туындылары әдемілігіне, тартымдылығына қарай шетелідктерден тиісті бағаны алады. Қастеева Қазақстанда суретшілерге күн көру оңай емес деген пікірмен келіседі.

Айсаным Қастеева Қазақстанға әйгілі атасы секілді, өнері жоғары бағаланатын суретші атануды қалайды.“Егер мен танылып жатсам, адамдар оны да ұмытпайды. Сондықтан өз тегімнің жиі-жиі естілуі үшін тырысамын”, — дейді ол. Қастееваның көкейінде атасының есімі өшпей, мәңгі жаңғырып тұрса деген арман бар.

 

Автор: Айару Шаймерден

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау