Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ол – үлкен қылмыс": Сенат спикері Қуандық Бишімбаевтың ұсталуына қатысты пікір білдірді

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев өз әйелін өлтірді деп күдікке ілінген экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, осындай қылмыстардың алдын алу үшін заңнамада өзгерістер енгізілген. 

"Қылмыстық кодекстің тиісті баптарын өзгертіп, осындай қылмыстар үшін жауапкершілікті күшейттік. Сіз айтып отырған оқиға – ерекше жағдай. Ол – үлкен қылмыс. Тергеу органдары бәрін анықтайды, ары қарай сот шешімі болатын шығар. Сот жазаны да, жауапкершілікті де анықтайды",  – деді ол.

Сонымен қатар Әшімбаев Қазақстан заңнаманы қатайту бойынша қажетті шараларды қабылдап жатқанын айтты.

"Егер заңнаманы ары қарай күшейту керек болса, біз оған дайынбыз. Біз оған дейін де оны жасадық. Егер ары қарай да қоғам талабы болса, біз мамандармен ақылдаса отырып, ол қадамдарға да барамыз. Оған күмән болмауы керек. Тек заңнаманы өзгертумен бұл мәселені шешуге болмайды. Жалпы заңдарды қатайтқаннан мәселе шешіліп кетпейді. Сонымен қатар, жалпы адамдардың, жастардың мәдениет деңгейін де көтеру керек секілді. Елімізде осындай бағыттарда азаматтарымыздың мәдениетіне қатысты да үлкен жұмыстарды жүргізу керек деп ойлаймын. 

Бұл бағыттарда тиісті министрліктер, мемлекеттік органдар жұмыстарды атқарып жатыр, бірақ ол жеткіліксіз.

Жалпы түсіндіру, ағарту жұмыстары керек екені анық. Тәрбие бала кезден қалыптасады. Мектептен бастап түсіндіру керек. Қыз бен баланың арасында қарым-қатынас қалай болуы керек? Қалай бір-бірін құрметтеуі керек? Қыздарға қол көтермеу керектігін бала кезден ер балаларға түсіндіре беруіміз керек. Бұл жерде тәрбие жұмыстарында үлкен олқылықтарды көріп тұрмыз десек, артық болмайтын шығар", – деді Әшімбаев. 

Талқылау