Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Арбаға таңылған Томирис жүріп жүр": Журналист көмек қолын созған Елжан Біртановқа алғысын айтты

Арбаға таңылған қыз экс-министр Елжан Біртановтың көмегімен аяққа тұрды. Созақтық Томирис арбадан тұрып, жүре бастады. Оған бірнеше ота жасалды. Журналист Гүлмира Әбіқай Томириске көмек қолын созған экс-министрге алғысын жеткізді. 

Бұл туралы Гүлмира Әбіқай желідегі парақшасында жазды. 

“Экс-министр Елжан Біртановқа бір тілекші бар болса, ол Томирис екеуміз. Ең алғашқы бағдарламада созақтық Томиристің жағдайын көрсеттік. Піл аяқ қызға ота жасалуы керек еді. Оның тағдырын баяндап, Елжан БІртановқа хат жаздым. Ол кісі “көмек көрсетеміз, қажет болса шетелге емдетеміз” деп жауап берді. Содан шетелге шықпай-ақ астанада ем жасаттық. 8 отаның 4-уі жасалды. Томиристің томардай аяғы кішірейіп, аяққа тұрды. Ақырындап жүре бастады. Бірінші рет бәтіңке киді. Көршілері құтты болсын айтып, бәтіңкесіне көрімдік беріп жатыр. Шағын ауыл үшін бұл үлкен қуаныш”, – деп жазды журналист. 

Гүлмира Әбіқай бір жарым жылдан бері үй қамақта отырған Біртановты ердің жасы елумен құттықтып, тілек білдірді. Одан өзге ешбір министрдің хатқа жауап жазып, көмек көрсетпегенін атап өтті. 

“Бүгін Елжан ағамыз ердің жасы 50-ге толды. Өз басым жүзі жылыдан түңілмеймін, ақталып шығуына тілектеспін. Біртанов қалай қамауға алынды, одан кейінгі министр қиналған кейіпкерлерге көмектеспек түгіл, белгілеген бір постқа жауап берген емес!”, – деді Әбіқай. 

Желідегі оқырмандары да ақ тілегін жаудырды. Жақсының жақсылығын айтып, тілек білдірді. 

“Сізге Алла разы болсын. Осындай қамқор, жанашыр қыз берген Алла ға, анаңызға мың алғыс”, “Құтты болсын жаным сұлу қыз, өте қуаныштымын”, “Елжан Амантайұлының ақталып шығуына тілектеспін”, “Сол жақсылық жасаған үш адамға Алланың нұры жаусын”, “Сізге Алла жар болсын”, “Қандай қуаныш, ұзағынан болсын, сізге рақмет”, “Бала-шағаңыздың қызығын көріңіз, Біртановқ Алла жар болсын”, – деп жазды желідегілер. 


Талқылау