Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әнші Света Айтбаева ата-енемен тұрудың артықшылығын айтты

Әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Света Айтбаева жас жұбайлардың отбасы болып кетуі көбіне енеге байланысты деп санайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Сарасөз” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

 ©instagram.com/sveta_aitbaeva

“Отбасылық өмірде көп нәрсеге ененің ақылдылығы керек. Тек келінге емес, көп дүниеге енеге байланысты. Қазір өкінішке қарай, балаларымен, келіндерімен бірге тұрғысы келмейтін, жанының тыныштығын ойлайтын, бала баққысы келмейтін, немереге қарағасы келмейтін енелер көбейіп бара жатыр. Мүмкін дәстүр үзіліп қалған болар. Менің де анам төрт немересін бағып, келінін жұмысқа жіберіп отыр. Бұл жастардың отбасы болып қалыптасып кетуіне, тұрмыс-тіршілікке алаңдамай, қызмет істеп, күнделікті нәпақасын тауып, балаларын тәрбиелеуге көмектеседі. Ата-ене, үлкен кісілер болған соң көп ұрыса да алмайсың ғой. Ондай бізде болмаған. Ата-енемен тұру жаман әдеттерден аулақтатады. Жас жұбайлар болған соң бңр-бірімен келіспей жатады. Бірақ көрші бөлмеде ата-енең отырса айқайласып, қатты дауыс шығаруға өзіңнен-өзің қысыласың Сондықтан үлкен кісілермен бір шаңырақтың астында тұру – жастардың отбасы болып қалыптасып кетуіне жақсы әсер етеді”, – дейді Димаш Құдайбергеннің анасы.

Өнер иесі бүгінде қоғамда өзектлігін жоғалтпаған ене мен келін тақырыбын да көтерді.

“Ата-ене де жастардың жағдайына қарайласып, арасына іріткі салмау керек. Қазір баласын қызғанып отыратын енелер көп. Сондықтан менің жақсы жерге келін болып түскенім – менің бағым деп түсінемін. Қазір мені құрметтеп шақырып отырғандарыңыз ел алдымен ата-енемнің, ата-анамның маған берген тәрбиесінің арқасы”, – деп ойын қорытындылады әнші.

 

Талқылау