Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Анасының қолынан жұлып алып, қашқан»: Қарағанды облысында 3 жасар бала ұрланды

Қарағанды облысында қамаудан шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан ер адам әйелдің қолынан кішкентай баланы жұлып алып, қашып кеткен. Ұрланған бүлдіршін екі тәуліктен бері іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.

«Анасының қолынан жұлып алып, қашқан»: Қарағанды облысында 3 жасар бала ұрланды

Сурет: Instagram/volontery_karagandy_rina.kz

Оқиға 5 қыркүйекте Бұрма аулында орын алған. 3 жасар Максимді ұрлап кеткен ер адам бұрын оның анасына ғашық болған екен. 

«Ер адам оған қоқан-лоққы жасап, өзімен қатынасқа түсуін талап еткен. Ол келіспепті. Кеше ол қолына ұлын көтеріп, дүкенге кірді. Артынан еріп кірген ер адам өзгелердің көз алдында қолынан баланы жұлып алып, қашып кетті. Қайда кеткені белгісіз», - дейді ұрланған бүлдіршіннің туысы Ирина. 

Иринаның сөзінше, бұған дейін адам өлтіргені үшін түрмеге жабылып, тәртібі үшін шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан 23-24 жастағы ер адам көрші ауылда өгей анасымен бірге тұрады. Олар өгей анасының үйіне барғанымен, ер адамды да, бүлдіршінді де таппапты.

Ал облыстық полиция департаментіндегілер қазіргі уақытта бүлдіршіннің қайда екенін анықтап, күдіктіні тұтқындауға бағытталған жедел іздестіру шаралары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Оқиғаға қатысты ҚР ҚК 125-бабы 5-бөлігі (Көрінеу кәмелетке толмағаны адамды ұрлау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Бүлдіршін мен күдікті туралы қандай да бір мәлімет білетіндерден келесі телефон нөмірлеріне хабарласуы сұралады: +7 775 936 5186, +7 705 586 9295 немесе 102.

Талқылау