Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әміреге жетпейсің": "Маска" жеңімпазы шоу әділетсіз өтті дегендерге жауап берді

"Маска" шоуының жеңімпазы Ерден Жақсыбеков жобаның әділ өткенін мәлімдеді. Ол жобадағы өзінің фавориттерін атады, сондай-ақ халықтың ыстық ықыласына бөленген қарсыласы Әміреге қатысты ойын айтты. Ерден Жақсыбеков журналист Аман Тасығанның TalkLike бағдарламасына сұхбат берді, деп жазады Stan.kz.

Ерден жоба барысында Бүркіт, Арыстан, Аққу, Сиыр маскаларын фаворит санағанын айтты. Сондай-ақ:

"Маған әрқайсысы ұнады. Бастапқыда интрига тудырған Робот қызық болды. Қылықтары сүйкімді. Сөйтсем академияда бір курс жоғары оқыған, бірге футбол ойнап жүрген бауырым Рүстем (Жаныаманов) екен", – дейді Ерден.

Ерден шоуды әділетсіз өтті деп сынайтындармен келіспейтінін айтты. Сөзіне қарағанда, жобада кімдердің өнер көрсеткенін сол жерде жүрген түсірілім тобының өзі толық білмеген. 

"Әділетсіз өтті дегенге кішкене таңғаламын. Менің өзім гримеркада тұрып тыңдағанда "Бұл кім?" деп таба алмайтынмын. Эфирден тыңдағанда кішкене тани бастайсың. Теледидардан дыбыс жай, анық естіледі. Ал павильонда дыбыс деген шашырап кетеді.

Әділ-қазылар да байқасаңыздар "Мынау кім?" деп тыңдайды. Халық өтірік істеп отыр деп ойлайды.

Жоба әділ өтті. "Маска" жобасының ережесі бойынша, таппаған әншіні соңына дейін апару емес. Бұл жерде кім қандай деңгейде өнер көрсетеді, қызықты болған сайын ол масканы өткізе береді. Халық ережені дұрыс түсінбеген сияқты", – дейді Ерден.

Шоу жеңімпазы қарсыласы Бүркітке (Әміре) қатысты ойын айтты. Оның пікірінше:

"Жеңгеннен гөрі ұшып кеткені оған екі есе ұпай болды. Мен оны финалда көргім келді. Неге ерте шешкендерін білмеймін. Бірақ Бүркітті ғана емес, жобаның талаптарына сай, бірнеше масканың репертуарларының бір типті болып кеткенін байқадым. Мүмкін сол жағынан да әділ-қазылар қараған шығар.

Әміре халықтың алдына шығып, ертең эфирге шығатынын сезіп, соны ойлап тұрып, тактика жасаған деп ойлаймын. "Тек қана қазақша әндер айтамын" деп өте "умно" жасады. Бір жағынан ол "Маскадан" кейінгі уақытты ойлап жасаған сияқты көрініп тұрды. Ал менде "Маскадан" кейін халық таниды, финалға жетсем көреді деген ой болған жоқ. Оның сол стратегиясы халыққа ойнап кетті", – дейді Жақсыбеков.

Ерден көңіліне кірбің түсірген пікірлерге тоқталып, шоуды жеңгені үшін өзін кінәлі сезінетінін айтты.

"Көңілге келген комментарий бар. Жекеге келген. "Мойындашы, сатып алдың ба?" – депті. Күлдім, ыңғайсыз күлкі болады ғой. Жауап бердім, өзі де күтпеген сияқты. "Менің материалдық жағдайымды білсең, бұлай ешқашан айтпайтын едің", – дедім. 

Бір қыз "Әміреге жетпейсің" деп жазып жіберіпті. "30 жылдан бері жете алмай жатырмын. Қалай жетсем болады?" деп қарсы жаздым. Сарказм ғой. 

Сатып алғандай біртүрлі боласың. Сол нәрсе қатты тиеді", – дейді Ерден.

Талқылау