Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда есірткінің жаңа түріне еліткендерді туыстары мәжбүрлеп емдеп жатыр

Алматылықтар тағы бір есірткі түрінің пайда болғанын айтып дабыл қағуда. Әсері нашадан аспаса, кем түспейтін ол кәдімгі көз дәрісі екен. Ал нашақорлар емдік тамшыларды мұрынға тамызып көріп, оның басқа бір қырын ашып алған, – деп хабарлайды КТК арнасы.

Қазақстанда есірткінің жаңа түріне еліткендерді туыстары мәжбүрлеп емдеп жатыр

Енді сатып алуға жеңіл, әрі бағасы тым қымбат та емес сол елірткіш зат қыз-жігіттер арасында кеңінен тарап жатыр екен. Динара ұлының қолынан үнемі түспейтін көз дәрісінен алғашқыда тіпті күдіктенбеген. Тек кейін денсаулығы сыр бере бастаған соң баласының өзі «Цикломед» деген дәріге тәуелді екенін айтқан.

“Ұлым көз алдымда арықтап кетті. Көз дәрісін мұрынға тамызып, құмарын қандырып жүргенін кейін айтты. Бірақ әлі де одан бас тарта алмай жүр. Бос жерден айқай салып, тамшыларды іздейді де тұрады. Ал «Цикломед» деген дәрі дәріханаларда ашықтан-ашық сатылып жатыр. Оған тыйым салуды сұраймын. Менің ұлым ғана емес, оның достары да солай тәуелді боп қалған”, – дейді Динара.

Сөйтсе, «Цикломед» деген дәріге тек Динараның ұлы ғана емес, басқа қыз-жігіттер де еліріп жүр екен. Тәуелді болғандары сонша, қауіпті тамшыдан көз жұмғандар да бар.

“Комаға түсіп кеткен жағдайлар болды. Демалуға қиналып қалады да өліп кетеді. «Цикломед» пайдаланатын адамдар өте көп. Олардың көбісі емделгісі келмейді. Әке-шешесі, туған-туысқандары қинап тұрып емдетеді”, – дейді нарколог Марс Берімбаев.

Дәрінің есірткілік әсері белгілі болғалы бері, оған деген сұраныс та артқан. Бағасы – 2 мың теңге. Дәріханадағылар оны бізге рецептісіз сатуға бас тартқанымен, таныс «клиенттерінің» көңілін қалдырмайтын көрінеді.

Сорақысы сол, естен тандырар тамшыларға оқушылар да үйір боп жүр екен. Нарколог-дәрігердің айтуынша ондайларды ата-аналары күштеп емдетіп жүрген көрінеді. Міне осы құтыдан тараған қауіпке қарамастан полицейлер әзірге ешқандай шара қолданбаған. Өйткені әзірге тірі жаннан арыз түспепті және бұл тек көз дәрісі болғандықтан, бұл құтыдағы тамшылар тіпті есітркі ретінде тіркелмеген де.

 

Талқылау