Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда есірткімен ұсталған жігіт полицейлердің өзін жауапқа тартқызбақ

Күдікті полицейлерді жауапқа тартқызбақ. Алматы тұрғыны тәртіп сақшыларының есепті жақсарту үшін, істемеген қылмысты кісі мойнына артатынын сотта дәлелдеп көрмекші, деп хабарлайды КТК.

20170309172923

Себебі, Дамир Тоқмолдановтың өзі осындай әрекеттің құрбаны болдым деп отыр. Отбасымен жолға шыққан жігітті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері тоқтатып, қалтасына есірткі мен қару салған көрінеді. Қолында, онысын дәлелдейтін айғақтары да бар екен.

Кәнігі қылмыскерді құрықтағандай арнайы жасақ жолда көлікті тоқтатып, тізгіндегі жігітті жерге құлатып тұрын кісендепті. Бірақ осы сәт кадрдан тыс қалған. Ұстау шарасы басталғаннан кейін ғана камера оқиға орнына жетіпті. Сол арада куәгерлер мен айғақтар да табыла кеткен.

35 жастағы Дамир Тоқмолданов полицейлердің әрекетіне таң. Олар қылмыстық істі қолдан жасаудың шебері дейді жас жігіт.

“Меркулов Рүстем, ол УБОП-тың бір отделының бастығы, Хасенов Қанат и Жансеркенов Жеңіс. Үшеуі отырады да мені қорқытады. Қазір мынаны мойындамасаң, видеоның екінші жартысында машинадан автомат тауып аламыз деп. Одан кейін үйіңнен запрещенный литература тауып аламыз деп”, – дейді Дамир Тоқмолданов.

Аяқасты террорист атана жаздаған жігіт сөйтіп, автомат лақтырам дегесін тапаншаны мойындауға мәжбүр болдым дейді. Еркінсіген полицейлер тіпті, сотта жеңіл жаза ғана арқалайсың деп өздерінше «жұбатқан» көрінеді. Онысы диктофонға жазылып қалған.

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлерінің осы епсіздігі енді Тоқмолдановтың күдіктіден жәбірленушіге айналуына сеп болуы мүмкін.

“Тапаншаның қалып қалған орны мен қалай жатқанын қарап алатын болсақ, кейін үзілістен соң тапанша басқаша жатыр. Менің қорғауымдағы Тоқмолдановтың айтуы бойынша сол тапаншаны әкеліп, қолына ұстатып, іздерін қалдыру амалдарын жасаған. Содан соң орнына қойып барып, тәркілеу амалдарын жасаған. Бұның барлығы заң бұзушылық”, – адвокат Құрышбек Тәңірбергенов.

Ішкі істер департаментіндегілер, Тоқмолдановқа қатысты әзірге қару сақтағаны үшін жауапқа тартылатынын айтты. Ал полицейлердің заңсыз әрекеті бойынша жазылған арыз бөлек қаралады деп сендірді.

“Күдіктіден полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері жайлы арыз түссе, онда тиісті тексеріс жүргізіліп, оның қорытындысы жария етіледі”, – Алматы облыстық ІІД ресми өкілі Көбейхан Нұрахмет.

Мұнда бір шикіліктің барын білсе керек, прокуратура да істі қайта тергеуге жіберген. Тоқмолдановты да қамауды талап етпепті. Ал, Алматы тұрғынының өзі енді статистика үшін ғана жұмыс істейтін тәртіп сақшыларын жазаға тартқызуға бел байлап отыр.

Талқылау