Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда алып гипермаркетті тұрғызған құрылысшылар жалақысын талап етіп, шу шығарды

Алматыда алып гипермаркеттің құрылысы үлкен даумен аяқталды. Ірі дүкеннің иесі жүзге жуық құрылысшыға жарты жыл бойы жалақы бермей, оларды соңынан жүгіртіп қойған. Негізінен шетелдік брендтер мен қымбат әшекей бұйымдарды саудалайтын кешен басшысы онымен қоймай, «ғимаратты тұрғызған басқалар» деп өзінің жұмысын істегендерді алғашқыда мойындағысы келмеген деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Безымянный

Айлығын сұрап аласұраған құрылысшылар бұл. Тақыр жерді алып сауда үйіне айналдырса да, ешбіріне көк тиын да төленбепті. Жарты жылдан бері берілмеген жалақыны енді жұмысшылар тұрмақ, олардың жанұялары жалбарынып сұрап жүр.

“Күйеуім ауру. Үшінші операциясын жасау керек, ақшамыз жоқ! Егер базары ашылса, не үшін бермейді? Мен тек қана жолдасымның ақшасын сұрап келіп тұрмын! Басқа ештеңе емес!”-дейді Набира Жұмабаева.

Жалақысын алмақ былай тұрсын, құрылысшылар базар аумағына да аттап баса алмай жүр. Өздері соққан кешеннің тек сыртынан тұрып айлығын сұрап тұр.

“Менің 4 балам бар. 6 ай жұмыс істедім мен! 6 ай қарызға көмілдім мен қалай қайтарам ертең? Күнде келесің ертең ертең! Шықпайды міне!” – дейді Бақтияр Мұхамедов.

Қарулы күзет жұмысшылар тұрмақ, құрылыс компаниясының директорын да ішке кіргізбей қойды. Кезінде қол алысып келісім-шартқа тұрғандар кешен құрылысы біткенде бет көріспей қойған.

Сөйтсе, құс сүтінен басқасының бәрі бар гипермаркет басшылығы дәл осылай бір емес, бірнеше құрылыс компаниясын қапыда қалдырған екен. Салдарынан, жүзге жуық жұмысшы жалақысыз қалған. Енді бір ғимаратын алтын саудасын, бірінен – алып ойын-сауық орталығын ашып қойса да, «құрылысты әлі бітірген жоқ» деп міз бақпай отыр. Тіпті, «базарды салған басқалар» деп маңдай тер ақысын талап еткендерді танымай қалды. Десе де, бірер минуттан соң қайта танып, есеп айырысуға жұмысшыларды ішке алып кетті.

Талқылау