Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында полицей әйелін көлікпен қағып өлтірді деген күдікке ілінді

Бауыржан Қабдылданов
Фото: ПД

Алматы облысының Балқаш ауданында полиция бөлімі бастығының орынбасары әйелін қызметтік көлікпен қағып өлтірді деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі  Polites News сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Бауыржан Қабдылданов уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Алдын ала ақпарат бойынша, қайғылы оқиға 16 мамырда шамамен таңғы сағат 5:04-те Қонаев-Бақанас тас жолында болған.

Аудан прокуроры, оның орынбасары, кезекші прокурор және Алматы облысы полиция департаментінің тергеу тобы оқиға орнына жеткен.

Алдын ала тергеу мәліметтері бойынша Балқаш аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Hyundai Elantra көлігін жүргізіп келе жатқан. Көлікте онымен бірге әйелі де болған.

 Күдіктінің сөзінше, Бақанас ауылына қарай келе жатқанда ерлі-зайыпты арасында дау туындаған. Әйел көліктен шыққысы келіп, есікті ашпақ болыпты. Осыдан кейін ол көлікті Бақбақты ауылының маңында тоқтатып, әйелін түсіріп, көлік жүргізуді жалғастырған. Шамамен 2-3 шақырым жүріп өткеннен кейін әйелін алып кету үшін артқа қайтқан дейді.

Әйел Қонаев-Бақанас тас жолының 84-шақырымындағы жолдың ортасында отырған. Жүргізуші оны байқамай қалып, қағып кеткенін айтты.

Әйел алған жарақаттарынан оқиға орнында мерт болды.

Сондай-ақ Қабдылданов қызметтік көлікті жүргізгені белгілі болды. 15 мамырда ол полиция бөлімінде қаралып жатқан қылмыстық істер бойынша сот-медициналық сараптама тағайындау үшін Қонаев қаласына барған.

Оқиға сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі “Жол қозғалысы ережелерін немесе көлік құралын пайдалану ережелерін бұзу арқылы өлімге әкеп соқтыру” бойынша тіркелді.

Қызметтік көліктің алдыңғы бампері зақымдалған, ал радиаторы ішке қарай ығысып кеткен.

Полиция оқиғаның мән-жайын тексеріп жатыр.

Қырмызы Скендирова
Жексенбі, 17 Мамыр, 2026 11:11