Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Almaty Hostel-дегі өрттен аман қалған шетелдік жігіт қайғылы оқиғаны ашық айтып берді 

Бүгін Алматыдағы хостелден шыққан өрт қоғамда қызу талқылануда. Бір сәтте 13 адамның өмірін жалмаған тілсіз жауды көзбен көрген шетелдік жігіт оқыс оқиғаның қалай болғанын Stan.kz тілшісіне баяндап берді.

Кеше түнде Almaty Hostel-де қонып, таң атқанда тұтанған өрттен жанұшыра қашқан 72 тұрғынның бірі – Аудиа есімді алжирлік азамат. Шетелдік жігіт орталық Азияны шарлап жүрген саяхатшы екен. Қазақстанға қыдырып келіп, Алматыдағы Әди Шәріпов көшесінде орналасқан тұрғын үйге тоқтапты. Ол төтенше жағдайдың қалай басталған сәтін есіне алса, бірден оның бойын қорқыныш билейді. 

"Таңғы төрт жарым шамасында біз өрт дабылын естідік. Яғни ұйқыдан оянып, жан-жағымызға қарасақ барлық жерді өрт шарпып, түтін басқан. Көзімізге ешнәрсе көрінбейді. Хостелде тұрғандардың көбісі шығатын есікті таба алмай, әбден әбігерге түсті. Сол сәтте шұғыл түрде терезелерді ашып, сындырып сыртқа шығуға тура келді. Сондықтан кейбір адамдар аман қалды. Аллаға шүкір! Ал мен танитын бес адам осы өрттен шардап шекті", – дейді Аудиа есімді шетелдік азамат.

Таң атқанда суық хабарды естіген тұрғындардың дәл қазір мазасы қашып, өртенген хостелдің маңын торуылдап жүр. Олардың айтуынша, бұл ғимаратты бұрын да түрлі бизнес ошағына айналдырып, кәсібін дөңгелеткендер көп болған көрінеді.  

"Бұл хостел биыл жаз мезгілінің ортасында ғана жұмыс істей бастады. Хостел тұрғындарының қатты шулағанын естімедім. Көбінесе шет елдік азаматтар тұратынын білемін. Бұған дейін бұл ғимарат қару-жарақ дүкені болған, оның алдында азық-түлік сататын дүкен болды. Кей кездері бос тұрады, кейде жұмыс істейді", – дейді Антонина Ивановна егде жастағы тұрғын.

Өрт шыққан ғимараттың маңында шетелдік студенттер де қаптап жүр. Өйткені кезінде олардың жақындары да дәл осы қонақүйді паналаған екен. 

"Бұл хостелде тұрған шетелдік студенттерді танымаймын. Бірақ бұрын бұл жерде менің әпкем тұрған. Тура бір апта бұрын көшіп кетті. Қазір менімен бірге басқа хостелде тұрады. Бұл жерде пәкістандық, үндістандық және тәжікстандық студенттер тұрады", – дейді Алматыдағы Медицина университетінде оқитын тағы бір шетелдік студент.

Еске сала кетсек, алғашқыда төтенше жағдай департаменті аталған өрт туралы ақпарат таңғы 5:33-те келіп түскен. Қызыл жалынды сөндіру кезінде 13 адамның мәйіті табылған. Бұл жайында алғашқы болып Алматы қалалық ТЖД басшысы Нұрлан Атығаев хабарлаған еді. Департамент басшысының айтуынша, хостел әкімшілігінің тұрғындарға қызмет еткеніне бір жарым ай болған. Дабыл қағу аппараты жұмыс істеп тұрғанымен, өрт сөндіру құралы көзге көрінбеген. 
Сондай-ақ өрт шыққан ғимаратқа Алматы әкімі Ерболат Досаев та арнайы келді. Қала басшысының айтуынша, қаза болғандардың 11-і қазақстандық, қалғаны өзге елдің азаматтары екен. 

"Көбісі Қазақстанның азаматтары. Біреуі – Өзбекстанның азаматы, енді біреуі – Ресей (Саха республикасы) азаматы. Басқалары қазақ азаматтары", – деді Алматы қаласының әкімі. 

Бүгінде дәл осы қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, барлығы құзырлы органның назарында. Айта кетейік, санаулы сағат бұрын Алматыдағы хостелде қаза тапқандардың аты-жөні жарияланды. Желіде тараған әлгі тізімге зер салсақ, өрттің кесірінен өлім құшқандардың ішінде ең үлкені 1984 жылы туылған азамат болса, ең кішісі 15 жастағы студент екен. Сондай-ақ мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев марқұмдардың отбасына көңіл айтты.
Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan kz YouTube арнасынан көріңіз.

 

Талқылау