Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматының жаңа ауданының тұрғындары "суда паразиттер қаптап жүр" деп шағымданды

Алматыға қосылған Наурызбай ауданына қарасты Құрамыс шағынауданының тұрғындары ауыз суы жетпейтінін, суаруға арналған суда паразиттер қаптап жүргенін айтып шағымдануда, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап.

“Біздің көшеміз ең жақсы көше болатын. Біз өзіміз ақша жинап, су тартып, асфальт қойып, арық қазып қалпына келтірдік. Қалаға кіріп, орталықтандырған жүйеге қосылдық деп қуанған едік. Бірақ жарты жылдан бері ешнәрсе өзгермей отыр”, – дейді тұрғындар. 

Тұрғындардың айтуынша, бұл ауданға суармалы су келеді. Бірақ оның ластығы соншалықты, тіпті тазартудан өткізгеннен кейін де ішу мүмкін емес. Оған қоса халық, карантинге дейін жасалып жатқан жолдың да жартысын жасап, жартысын сол қалпында қалдырғанын айтып ашынды. Сонымен қатар кәріз жүйесі де іске қосылмаған. 

Ашуланған тұрғындардың айтуынша, оларға жұмысты өз қаражаттары есебінен аяқтау ұсынылды. 

"Олар жер қазуға, су жүргізуге, кәріс жүйесін жасауды бастаған. Аяқ астынан қалғанын өздерің бітіріңдер деп жарты жолда қалдырып кетті.  Әр отбасынан үш жүз мың шамасында қаражат сұрады құбырлар үшін. Мен ондай ақшаны қайдан табамын”, – дейді тұрғындардың бірі. 

Осы арада әкімдік өкілдері Қарғалы өзенінде ауыз суға арналған сүзгі станциясы салынып жатқанын айтады. Ал басқа өзенде тағы бір станция тексеріліп жатыр дейді. Сумен жабдықтау жүйесі мемлекет есебінен салынуда. Бірақта су жүйесіне қосылу үшін тұрғындар өз қалталарынан қаражат төлеуі қажет. Шенеуніктер барлық мәселелерді жыл соңына дейін шешуге уәде берді.

Талқылау