Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көлікті ұрлап, жол апатын жасаған: Алматыда ұры полициядан қашамын деп есінен танып қалды (видео)

Алматыда ер адам көлікті айдап әкетіп, жолда полициядан жасырынамын деп апатқа ұшырады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 28 қыркүйек сағат таңғы 5:00 шамасында патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері “күдікті көлікке” назар аударады. 

Жүргізушіден тоқтауды талап еткен кезде, ол елемей, жасырынуға тырысқан. 

Содан кейін полиция қызметкерлері оның ізіне түсті. Ал көлік тізгініндегі азамат көлікті басқара алмай, Шығыс айналма жолы бойында жоғары жылдамдықпен өзге көлікті соқты.

Қауіпсіздік жастығына соғылған жүргізуші есінен танып қалды. Ал оның аяғы газды басқан күйі қалды. Полицейлер көлікті айдап кеткен жас жігітті құтқарып қалу үшін барын салды. Алайда бір соққыдан көлік терезесі сына қоймаған.

Алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін ұсталған азамат істің барлық мән-жайын анықтау үшін Бостандық аудандық полиция басқармасына жеткізілді.

Полиция қылмыстық кодекстің 200-бабының 1-бөлігі ("Автомобильді немесе өзге де көлікті жымқыру мақсатынсыз заңсыз иелену") бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

Күдіктіге 1000 АЕК (2,9 миллион теңге) дейін айыппұл немесе екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру не шектеу жазасы берілуі мүмкін.

 

 

Талқылау