Алматыдағы автобус апаты: Прокурор сотталушыны 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
2023 жылдың 22 желтоқсан күні Дархан Ахметжанов үш адамның өліміне әкелген бұзақылық жасады және көліктің қауіпсіздік жұмысын қамтамасыз ету ережелерін бұзды деп айыпталып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото Жоғарғы сот отырысынан скриншот жасалған
"Жүргізуші оның абыройына нұқсан келтірген болса, онда ол дәлелді түрде тиісті органдарға жүгінуі керек еді. Сонымен қатар сотталушы Ахметжановтың Шөкебаеваның оны балағаттады деген сөзінде ешқандай дәлел жоқ. Шөкебаева тарапынан қорлау болған жоқ. Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың, мамандардың айғақтарымен, сот-медициналық сараптамасының қорытындысымен, оқиға болған жерді қараудың хаттамасы мен сызбасымен, айғақтармен, жол-көлік оқиғасының бейнежазбасымен дәлелденеді", – деді прокурор.
Прокурор сотталушының өкінбегенін және өз кінәсін толық мойындамайтынын айтты. Сотталушы наркологиялық есепте тұрмағандықтан немесе диспансерлік бақылауда болмағандықтан өз әрекетін толық бағалай алады.
"Сотталушы Дархан Маратұлы Ахметжановты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 293-бабының 1-бөлігі және 351-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танып, сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасын ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтеуді сұраймын", – деді мемлекеттік айыптаушы.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда автобус бір топ жаяу жүргіншіні қағып кетіп, салдарынан 3 адам қаза тапқаны туралы жазған едік. Полиция мәліметінше, 47-бағыттағы автобустың жолаушысы жүргізуші әйелді ұрған, жүргізуші есінен танып, көлікті басқара алмай қалған. Полиция автобус жүргізушісін ұрған жолаушыға қатысты қылмыстық іс қозғаған еді. Бұған дейін автобус апатына кінәлі сотталушы оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтқан.