Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы жер сілкінісі: Бірінші қабаттағы пәтерлер мен жер үйлерге сұраныс артқан

Алматыда жер сілкінісінен кейін бірінші қабаттағы пәтерлер мен жер үйлерге сұраныс артқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: freepik.com

OLX.kz аналитикалық қызметі 2024 жылдың наурыз айының бірінші жартысында Алматыдағы жер сілкінісінің пәтерлер мен үйлерге деген сұранысқа қалай әсер еткені туралы сараптама нәтижесін жариялады.

Сарапшылардың мәліметінше, Алматыда 2024 жылдың 4 наурызы мен 10 наурызы аралығындағы аптада 1-3 қабаттағы пәтерлерді ұзақ мерзімге жалға алуға деген сұраныс өткен апталармен салыстырғанда 51%-ға өскен.

Осындай үрдіс 1-3 қабаттардағы пәтерлерді сатып алу нарығында да байқалады. Алматыда 1-3-қабаттардағы пәтерлерді сату туралы хабарландыруды қарау 57%-ға өскен.

Сарапшылардың айтуынша, бұл жағдайда 1-3-қабаттардағы пәтер иелерінде өз мүлкін тиімді сату мүмкіндігі бар, өйткені нарықта сұраныс көп.

"Мәселен, бұрын танымал болмаған бірінші қабаттарға қазір сұраныс артты. Бұл қабаттардың санына байланысты пәтерлердің бағасының өзгергеруіне әкелуі мүмкін", – дейді OLX сарапшылары.

Жер сілкінісінен кейін жеке үйлерді жалға алу мен сатып алуға сұраныс та артқан. Жер үйлерді жалға алуға деген сұраныс 45%-ға, ал сатып алуға деген сұраныс 38%-ға өсті.

"Бұл өзгерістер қала тұрғындарының қауіпсіздік мәселелеріне көбірек көңіл бөле бастағанын және табиғи апаттарға төзімді тұрғын үй таңдауды қалайтынын көрсетеді", - делінген сараптама қорытындысында. 

Талқылау