Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда самокатпен жүргендерге жүргізуші куәлігін міндеттеу талап етілуде

Алматылықтар жылдамдығы жоғары самокаттарды басқару үшін жүргізуші куәлігі қажет деген ақпаратты естіп, қарсылықтарын білдіріп жатыр. Айтуларынша, электр самокаттарына қатысты жаңа талап тікелей жеке құқықтарын шектейді. Яғни қозғалыс құралдары онсыз да әлемдік стандарттарға сай. Жылдамдығы 25 шақырымнан аспайды екен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.

Күні кеше "электросамокат" ұғымына түсініктеме берілді. Қазір "ҚазСтандарт" қызметкерлері әзірлеген құжат Ішкі істер министрлігіне жолданған. Соған сәйкес, "электросамокат" екі немесе үш дөңгелегі бар, электр қозғалтқышпен жүретін, орындығы жоқ жеке қозғалыс құралы болып саналады.

Ол тек бір ғана адамды тасымалдауға арналған. Әрі ең жоғары жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан аспауы тиіс. Ал жылдамдығы одан жоғарылары Кедендік Одақтың техникалық регламентіне бағынады. Яғни кәдімгі көлік құралы есебінде болмақ. Сәйкесінше, санаты "L" деп белгіленуі мүмкін. Елдің алаңдаушылығын тудырған да осы жайт. 

Талапты әзірлеген ведомство өкілдері әзірге жылдамдығы жоғары самокатты басқару үшін жүргізуші куәлігі қажет, қажет еместігі туралы сөз қозғауға ерте деді. Себебі стандарттарды заң тұрғысынан ішкі істер министрлігі қарайды. Бірақ негізі осы талаптардан алынады екен. 

“Жалпы жаңағы біздің еліміздегі ұлттық әзірленген стандарт бұл 25 кмға дейінгі, максималды жүрісі 25 кмге дейінгі жүретін электрсамокаттарына ғана әзірленген”, – дейді , "Доңғалақты көлік құралдары және ауыл шаруашылығы машиналары" стандарттау жөніндегі №87 техникалық комитетінің төрағасы Ербол Сейпілов. 

Соңғы жылдары Алматыда электр самокаттарына қатысты проблема өзекті болып тұр. Әрі оқыс оқиғалар да жиіледі. Бірақ заң бұзылған жағдайда тәртіп сақшылары самокаттарды қай санатқа жатқызарын білмейтін еді. Өйткені ресми түсінік болған жоқ. Енді талаптар бекітіліп, күшіне еніп отыр. Соған қарағанда, жақында жол ережесі мен Әкімшілік кодекске де өзгерістер енгізілуі мүмкін. 

Талқылау