Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үйдегі заттарды сатып, күн көреміз": Алматылық ер адам үстіне ағаш құлаған соң жұмысқа жарамсыз болып қалған

Алматыда дауыл кезінде үстіне ағаш құлап, бір ажалдан қалған жігіт кімді жауапқа тартуды білмейді. Айдын Боранбаевтың бас сүйегіне зақым келіп, бел омыртқасы сынып, қазір жұмысқа жарамай қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото видеокадрдан алынған

Мәліметтерге сүйенсек, оқыс жағдай Қазақ ұлттық аграрлық университетінің аумағында болған. Ер азамат қураған бұтаны кеспеген білім ошағын кіналап отыр. Қолында видеоматериалдар мен басына ағаштың құлағанын көрген куәгерлер бола тұра, іс насырға шапқалы тұр дейді жапа шеккен жігіт.

Былтыр жазда күтпеген жерден ағаштың бұтағы сынып, велосипедіне енді отырайын деген ер адамды басып қалады. Видеодан құлаған талдың айналасы қан екенін және ағаш басып қалған Айдын Боранбаев ес-түссіз жатқанын көруге болады.

Зардап шеккен Айдын Боранбаев оқиғаның мән-жайын айтып берді.

"Сол кезде әріптесім екеуіміз жұмыстан шығып, осы жерге тұрып, қоштасып, әріптесім үйге қайтып, мен де велосипедіме енді отырып жүрейін деп бара жатқан кезде сынып жатқан талдың дауысын естіп, қай жаққа қашарымды білмей, жоғары қараған сәтте үстіме ағаш құлады", – деді Айдын Боранбаев.

Ол қатты соққыдан есінен танып, ауруханада бір-ақ оянған. Денсаулығына көп зиян келген. Миы шайқалып, бас сүйегі зақымданған. Иығы мен бел омыртқасы да сыныпты. Сегіз айдай тұра алмай төсек тартып жатып қалған. Өздігінен енді ғана жүре бастаған.

Айдын Боранбаев екі баласы бар екенін және қалада екі бөлмелі пәтер жалдап тұратынын айтты.

"Кредиттерім бар еді. Соның кесірінен екі бөлмелі пәтерді төлей алмадым. Бүкіл үйдегі заттарды сатып, әйтеуір бірдеңе қылып күн көріп жүрміз. 7-8 ай болды, жұмыс істей алмаймын. Ауыр көтеруге болмайды. Емделейін десем, емделуге қаражатым да жоқ", – деді ер адам.



Осы уақытқа дейін құрылыс саласында нәпақа тауып, енді жұмысқа жарамай қалған Айдын Боранбаев өзінің қазіргі халіне тікелей университетті кінәлап отыр. Салбырап түсейін деп тұрған талды уақытылы бұталамаған деп отыр. 

Оқиға куәгері Рамиль Каляшев ағаштың Айдын Боранбаевқа қалай құлағанын айтты.

"Ағаш құлаған кезде мен де болдым. Алғашқы көмекті көрсеттік. Кезінде бұл талдың бұтасы біздің қақпаға дейін салбырап тұрған. Сол күні әкімдіктегілер келді. Келесі күні теректі бұталап тастады", – деді куәгер.

Зардап шеккен Айдын Боранбаев шығынды өндіру үшін заңгер Жандос Ниязалиевке жүгінген. 

"Бірінші Бостандық ауданының әкімдігіне бардық. Ол жақтағылар "ТЖМ тергеу жүргізген, тал Аграрлық университеттің аумағында тұрған соң, университет жауапты" деп отыр. Одан басқа сол жерге учаске полицейі келген. Олар да солай айтып отыр, аграрлық университет деп. Ең таңғаларлығы, сол күні адамға тал құлағанын барлық құзырлы орган біледі. Бірақ тек аграрлық университеттің басшы тарабы бұл мәселені білмейді. Ол қалай сонда? Мен соны түсінбей отырмын", – деді заңгер.

Университеттегілердің пікірін біз де түсіне алмадық. Қызметкерлерінің әңгімелері әртүрлі. Бірін-біріне қайшы келеді. Ал ректордың орынбасары әу баста "мәселені білмеймін" деп, кейін тәптіштеп түсіндірді. 

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті басқарма төрағасы, ректордың бірінші орынбасары Пірімқұл Ибрагимов бұл жағдайдан бейхабар екенін айтты.

"Мен ол жағдайды білмеймін. Соттан келген жоқ. Полициядан ешқандай қағаз келген жоқ. Біз қандай жағдайда жауап береміз? Мемлекеттік ұйым болғаннан кейін, 30 күнде жауап беруіміз керек. Солай емес пе? Бізге ондай шағым түскен жоқ. Бірақ осындай болған екен деп айтты. Ол – қураған ағаш емес, өсіп тұрған ағаш. Біз оларға хабарластық деді. Мен жалпы адамның үстіне ағаш құлағанын білемін", – деді ректордың бірінші орынбасары.

Сайып келгенде білім ордасындағылар мәселенің анық-қанығына 10 күнде жетеміз деп отыр. Кінә университеттен болса, шығынды өтейміз деп сендірді.

Бірақ зардап шеккен тарап бұған күмәнмен қарайды. Сондықтан олар сотқа жүгініп, ғылым және жоғары білім министрлігіне де шағым түсіруді жоспарлап отыр.

Талқылау