Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда Бишімбаевқа қарсы митингке шыққан феминистке 184 мың теңге айыппұл салынды

15 мамырда “Феминита” ұйымының тең құрылтайшысы Гүлзада Сержанға қатысты әкімшілік іс бойынша сот отырысы өтті. Ол және басқа феминистер Бишімбаевты өмір бойына бас бостандығынан айыруды талап еткен еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: feminita_kz

Ол рұқсат етілмеген бейбіт жиын ұйымдастырғаны үшін кінәлі деп танылды. Хаттамалар Гүлзада Сержанның "іс-шараны белсенді ұйымдастырғанын" көрсетеді.

Белсендіге 50 АЕК (184 600 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Алайда ол акцияға қатысқанын, бірақ оның ұйымдастырушысы емес екенін айтады.

Айта кетейік, 14 мамырда Алматы полициясы Бишімбаев пен Байжановтың үкіміне наразылық білдірген "Феминита" феминистік ұйымының мүшелерін ұстаған еді. Олар айыпталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыруды талап етіп, митингке шыққан.



Еске салайық, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен 2023 жылы 9 қарашада ұсталған еді. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры Бақытжан Байжанов та тұтқындалды. Олардың сот отырысы 2024 жылы 27 наурыздан басталып 10 мамырға дейін жалғасып, ашық түрде өтті. 

Сондай-ақ экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны үшін сотқа тартылды. 

Нәтижесінде әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал екінші айыпталушы Бақытжан Байжанов 4 жылға сотталды. 

Талқылау