Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"4 балаға қорлық көрсеткен": Алматы облысында асырап алынған балаға қорлық көрсеткен жігіт қамауға алынды

Алматы облысы Сарқан қаласында тұратын отбасы төрт бірдей баланы асырап алып, оларға қорлық көрсеткен. Қазіргі таңда кәмелеттік жасқа толмаған балаларға қорлық көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Әлеуметтік желіде тараған видеода жас жігіттің кішкентай балаға қорлық көрсетіп жатқанын анық көруге болады. Ол алдымен баланы төрт аяқтап тұрғызады да, арқасына кірпіш қояды. Одан кейін жұлқылап, басынан ұрады. Сосын тағы қолына бес бірдей кірпіш береді. 9 жасар бала жылап тұр. 

Ресми мәліметке сәйкес, төрт бала 2003, 2007, 2012 және 2014 жылдары туған. Оларды 35 жастағы әйел асырап алған. 2020 жылы маусым айында күйеуімен бірге балаларды өз үйіне алып кеткен. Ал туған анасы рұқсатын берген. Қазіргі кезде оның қайда жүргені белгісіз. Полицейлер 9 жастағы балаға қорлық көрсеткен жас жігітті де анықтады. Ол ерлі-зайыптының туған баласы болып шықты. Жасы – 17-де. 

Сарқан аудандық әкімдігінің мамандары балаларды алып кеткенін хабарлады.  

"Бұл мәселемен арнайы комиссия айналысып жатыр. Балаларды облыстық кәмелеттік жасқа толмағандарды бейімдеу орталығына орналастыруға шешім қабылданды", – дейді әкімнің баспасөз хатшысы Олжас Қайратұлы.

Қазіргі кезде құқық қорғау органдары әлеуметтік желіде тараған ақпаратты тексеріп жатыр.  

Қылмыстық кодекстің 110-бабы, 2-бөлігі бойынша тергеу шаралары басталды.

"Сосын комиссияның шешімі бойынша ерлі-зайыпты балаларды асырап алу құқығынан айырылды. Ал 17 жастағы ұлы қамауға алынды", – дейді полицейлер.  

Тергеу аясында қажетті сараптамалар тағайындалды. Полиция департаментінің басшысы, генерал-майор Серік Күдебаев осы істі жеке бақылауына алды.  
 

Талқылау