Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында аңның орнына жылқы атқан экс-полицей тұрғындарды шошытты

"Экс-полицей аң орнына жылқы атып жүр". Осылай деп шағымданған Алматы облысының тұрғындары арам өлген адал малының ақысын кімнен өтерін білмей жүр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "КТК" арнасына сілтеме жасап.

жылкы

Үмбетәлі және Шолаққарғалы ауылындағы ағайынның айтуынша, әлдекімдер үйірде жүрген екі айғырды атып өлтірген. Тұрғындар болса ауыл шетіндегі өзен жағасында тұратын екі адамнан күдіктенеміз дейді. Себебі арасында ащы судан ұрттап алатын әлгі екеуі үнемі түн ортасында дүрсілдетіп мылтық ататын көрінеді. Бірақ оның біреуі бұрынғы полиция қызметкері болғандықтан, тәртіп сақшылары арызымызға аяқ асты қарайды деген жылқы иелері миллиондап шығынға ұшырадық деп отыр.

"Түнде бір-екі рет дүңкілдеп мылтық атылды. Өзім баруға қорықтым. Барып неге атасыңдар деп айтайын десем тілім де қысқа. Содан соң тығылып, өз жылқыларымды қарадым да жаттым. Сосын көрші ауылдың табыншысы айтады, ана жақта екі жылқы құлап жатыр деп. Барып қарасам, бытырамен атып тастапты", – дейді Үмбетәлі ауылының тұрғыны Шәкірт Шәріп.



Шолаққарғалы ауылының тұрғыны Ақиқат Әбділдабектің айтуынша, бүкіл елдің малы осында жайылып жүреді екен. 

"Орып алып кеткен жер ғой. Орып алып кеткеннен кейін бүкіл елдің малы осында келеді. Таңертең "ойбай, мал өліпті"  деді. Дереу келсек, жылқымыз орнына барыпты. Ішінде айғыр жоқ. Іздеп келсек осында өліп жатыр. Асылтұқымды айғыр. Араласпаған. 750 мыңға алғанмын", – деп қосты ол.

Күнкөрісі төрт түлікке қараған азаматтар  бірден тәртіп сақшыларына арызданыпты. Алайда учаскелік полиция қызметкері "ешқандай дәлелдерің жоқ" деп меселін қайтарыпты. Тіпті екеудің бірі бұрынғы полиция қызметкері деген тұрғындар шағымдарының шатқаяқтап тұрғанын осы жағдаймен байланыстырады.

"Екеуінің біреуі қызыл кітапшасын көрсетті. Маған да көрсетті. Ол айқайлап "қызыл кітапшам бар, полицияда істегем" деді. Тілін онша түсінбеймін. Учаскелік полицейлердің де көзінше көрсетті", – дейді тұрғын Шәкірт шәріп.

"Мал ашуы жан ашуына" айналған ағайын жеке бастарының қауіпсіздігіне де алаңдайды. Шарасы таусылған жұрт кешкілік мал қайырып жүргенде қаңғыған оқ тиіп кете ме деп қорқатынын айтады. 

"Өзімізді атып кете ме деп қорқамыз. Ол шындық. Ату бер жағы, боқтағанда неше түрімен боқтайды. Оның боқтауын айта алмаймыз. Содан қорқынышымыз бар. Күніне он уақ үйдің арасымен жүреді. Арақ ішеді. Қорқамыз", – деп түсіндірді ауыл тұрғыны Шәріп Көксін.

Ал тұрғындар күдіктенген екі азамат өзен жағасындағы көлік ішінде тұрады екен. Маңайда атылған оқтың гильзалары шашылып жатыр. Алайда "жаз бойы қызанақ пен картоп егіп жайымызға жүрміз" деген біреуі мылтық атпақ түгілі, қолымызда қару жоқ деп бет қаратпады. Айтса да, оның жанындағы серігін жауап алу мақсатында бүгін аудандық полиция бөліміне жеткізіпті.  

"Ештеңе түсіне алар емеспін. Жасырмаймын, сол күні жақсылап тойлатқанмын. Зейнеткерлікке шыққан адаммын. Тынығу үшін осында досымның жанына келіп тұрамын. Таңертең оянсам, осындай жағдай болғанын естідім. Мен ол кезде ұйықтап жатқанмын", – деп ақталды Валерий Капельницкий.

Ал арам қатқан қос жылқының иелері шығындарын миллион жарым теңгеге бағалап отыр. Полициядан көңілі қалған олар жазықтылар тезірек анықталып, малымыздың ақысын өтеп берсе дейді. Ал жергілікті полиция тергеу жүріп жатыр дегеннен ары аса алмауда.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр