Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Алматы алақандағыдай...": "Жаралы сезім" фильміндегі Арай алғаш рет эксклюзив сұхбат берді

2007 жылы жарыққа шыққан "Жаралы сезім" фильмінде Арай есімді кейіпкерді сомдаған Регина Шамғұнова бірден жұрт назарына іліккен еді. Сол сәттен бастап экраннан алшақтап, кейін көпшілік көзіне көрінбей кеткен актриса 18 жылдан кейін жұртты қызықтырған сауалдарға жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Регина  

Регина Шамғұнова Алматы облысының тумасы екен. Ол Абай атындағы ҚазҰПУ-дың "Халықаралық құқық" мамандығында оқыған. "Жаралы сезім" фильміне түскен кезде 18 жастағы бірінші курс студенті еді. Кино саласында арнайы кәсіби білімі болмағандықтан үш ай актерлік курстан өтіпті.

Әуесқой актриса "Жаралы сезім" киносынан кейін ешбір туындыға түспегенін айтады. Бүгінде Регина өнерден алшақтап, бар уақытын отбасына арнаған жан. Ол жеке өміріндегі қиын кезеңдерді де ашық айтты.  

"Иә, шүкір тұрмыстамын. Биыл отау құрғанымызға 10 жыл болды. Алтындай екі баламыз бар. Үлкеніміз тоғыз жаста, кішіміз үш жасқа толады. Менің негізі үшінші балам болған. 2019 жылы қыз босандым. Қызым дүниеге келді, бірақ 12 күннен кейін жүрек ауруынан шетінеп кетті. Ол сырқатты туылғаннан кейін бір-ақ білдік. Астанаға апардық, білікті мамандар ота жасады. Бірақ болмады, отадан кейін қызым шетінеп кетті. Сол бір кезең отбасымыз үшін оңай болмады. Жолдасымның қолдауымен ғана сол күйзелістен шыққан шығармын. Қазір бәрі жақсы, шүкір екі ұлым бар", – дейді Регина Шамғұнова. 

2007 жылы "Жаралы сезім" фильмі бірден көрермен көзайымына айналды. Әсіресе, аталмыш кинокартинадағы "Алматы алақандағыдай..." деген сөз әлі күнге дейін елдің есінде. 

"Ол сөз әлі менің есімде, әрине! Көктөбеден Алматы алақандағыдай көрінеді" деген сөздің авторы – Еркін Рақышев. Соншалықты халық арасында тарап кетеді деп ойлаған жоқпыз. Өткенде бір кісі "осы сөзді Көктөбеде үлкен әріппен жазып қою керек" деп әлеуметтік желіде пікір қалдырыпты. Негізі ол кісінің ұсынысына келісемін", – дейді актриса. 

"Жаралы сезім" киносы жарыққа шыққан шақта Регинаның ел арасында танымалдығы артып, көшеде емін-еркін жүріп-тұруы қиындаған екен. Халық қолтаңба алып, фотоға жиі түсетін.  

"Әрине, ондай жағдай болды. Мен ол кезде студент едім. Автобусқа міне алмай қалдым. Аяладамада мені танып, артымнан топырлап қуып, қашып кеткен жағдай көп болды. Қауіпті жағдай екен. Содан кейін ата-анам көлік алып берді. "Жаралы сезім" фильмінің арқасында 19 жасымда көлік мініп алдым. Университетте танымал болдым", – дейді Регина.  

Айта кетейік, дәл қазір "Жаралы сезім" фильмінің жалғасы түсіріліп жатыр. Алайда аталмыш киноның екінші бөліміне Арайды сомдаған актриса түспеген, режиссердің ұсынысынан бас тартыпты. Еркін Рақышев бізге берген соңғы сұхбатында Регина Шамғұнованың отбасылық жағдайына байланысты түсе алмайтынын айтқан еді. Бірақ режиссердің сөзін ол жоққа шығарды.

"Негізі "Жаралы сезім-2" фильміне түспеуімнің себебі көп. Бірақ Еркін Рақышев айтқандай отбасылық жағдайым емес, әрине. Мен Еркін ағаның солай айтқанына біраз ренжідім. Мен негізі гонорарды себеп қылдым, гонорарға келісе алмадық. "Не болды сонша ақшаға құмарланып" деп желідегі оқырмандар ұрсып жатыр. Бірақ мен Еркін ағаға бәрін түсіндіріп, маған ренжімеуін өтінген едім. Қазір байқаймын, түсірілім тобы маған бәрібір ренжулі сияқты, агрессия байқалады. Менің орныма кастинг арқылы басқа актрисаны алыпты. Көрдім, жақсы актриса, оқыған актриса екен. Жақсы алып шығады деп ойлаймын. Таңғалдым, себебі келбеті де маған ұқсайды екен. Менің бұл киноға түспегенім өкінішті, әрине. Бірақ шын көңіліммен бұл кино жақсы шықса екен деп тілеймін", – деп түйіндеді сөзін "Жаралы сезім" фильмінде Арайды сомдаған актриса. 

Регина Шамғұнова алдағы уақытта отандық режиссерлердің тарапынан жақсы ұсыныстар түссе, актрисалық мансабын жалғастыруға ниетті. Еске сала кетсек, бұған дейін "Жаралы сезім" фильмінің режиссері Еркін Рақышев 17 жылдан кейін аталған кинотуындының жалғасын түсіріп жатқаны туралы мақала жариялаған едік. 

Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan kz YouTube арнасынан көріңіз.

 

Талқылау