Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әлеуметтік көмек төрт есе азайған: Алматы облысында көпбалалы аналар наразылық білдірді

Алматы облысында тапқандарын күнкөріске жеткізе алмай жүрген аналар наразылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото видеодан алынды 

Айтуларынша, мемлекеттен ай сайын түсетін атаулы әлеуметтік көмектің құны биылдан бастап кенеттен үш-төрт есе азайып кеткен. Оған табысты артығымен есептейтін жергілікті шенеуніктерді кінәлап отыр.

"Жетпейді. Сендердің беріп жатқан ақшаларың жетпейді. Тағайындап жатырсыңдар, соны міндетсінесіңдер. "Ойбай, үйің үлкен" деп, алдында қайтарып жібердіңіз. Үйім кең болса да, қабырғасындағы түсқағазын, жихазын жемейтін шығармын”, – дейді аналар. 

Бұл қаржыдан қысылып таршылықтан тұншығып жүрген Феруза Тастанбекованың жанайқайы. Қазір бір бөлмені ғана жалдап, үш баласын жалғыз асырап отыр. Жұмысқа шығып нан табайын десе, кенжесі церебралды сал ауруына шалдыққан. Бағып-қағатын өзі ғана. Мүгедектігі үшін түсетін жәрдемақы, алимент пен атаулы әлеуметтік көмектің арқасында өлместің күнін кешіп жүрміз дейді.

"Осы уақытқа дейін үш айға дейін 96 мың АӘК шығып жүрді. Одан кейін бірден 22 мыңға түсті. Мен оны қыздардан сұрасам, жауап бермейді. Нақты жауап жоқ. Үкіметтің көмегі біртінрдеп қысқарып жатыр. Сол үшін осылай әр жерге жүгіріп жүрміз. Балалар үшін. Өйткені басқа табысымыз жоқ. Жұмысқа шыға алмай жіпсіз байлаулымыз”, – дейді Феруза Тастанбекова. 

Шарасыздың күйін кешкен аналар бүгін әкімдік алдына жиналды. Атаулы әлеуметтік көмектің үш-төрт есе аз түсуі тікелей жергілікті әкімдіктің кесірі деп отыр.

"Неге азайып жатыр?! Неге дұрыстап бізге жауап бермейді?! Біз ол кісілерге құл сияқтымыз, солай қарым-қатынас жасайды. Қосымша заңсыз табыс жазады. "Сізге 10 мың теңге кіріс жазып қойдым" дейді. Ал менде ондай кіріс жоқ”, – дейді көпбалалы ана Құрбанай Анарқұлова. 

"Бес балам бар. 200 мыңнан жоғары ақша түсуі керек. Содан ана кіріспен алып тастайды да, атаулы әлеуметтік көмектің қалған жетпеген ақшасын үкімет өзі беруі керек. Ал, енді сол ақша ойымыздағыдай емес. Одан төмен ақша түсіп тұр. Сонда қалғаны қайда кетті”, – көпбалалы ана Рабиға Балқиева. 

Шенеункітер ол ақшаны "біз есептемейміз" деп басын ала қашты. Айтуларынша, әкімдіктегілердің міндеті өтінім берген адамның тұрмыстық жағдайы мен мүлкін тексеру. Яғни құжат түгендеу ғана. Ал қаражатты база есептейді деп отыр.

"Адамдардың бәрі мемлекеттен сол ақшаны алғысы келеді. Бізде арнайы комиссия құрылған, алты адам. Барып үйін көреміз. Керемет үйде тұрып жатса, сұраймыз "сіз жұмыс істемейсіз, бала күтімінде отырсыз", жолдасының жалақысын көрсетеді, ресми түрде 70 мың теңге, "мынандай үйде 70 мың теңгеге қалай күн көресіз, бес балаңыз бар, үйіңіз үлкен дейміз. Сол кезде ол кісілер "маған ана жақтан, мына жақтан кіріс түседі, туысқандарым көмектеседі" дейді. Соны өз еркімен жазып береді”, – дейді Іргелі ауыл округі әкімінің орынбасары Өміржан Апсаматов.

Әкімнің кабинетіне кіріп шу шығарған аналар ақыр соңында шағымын қағаз бетіне түсіріп тарқасты. Шенділер әр адамның мәселесін жеке-жеке қараймыз деп сендірді. Бірақ одан нәтиже шыға ма, шықпай ма, ол жағы белгісіз.

Талқылау