Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әлемдегі ең ұзын әйел өз өмірі жайлы айтып берді

Түркияның Сафранболу қаласының тұрғыны Румеиса Гельги – әлемдегі ең ұзын әйел. Ол туралы ақпарат Гиннестің рекордтар кітабының сайтында жарияланған. Румейса сұхбатында өз өмірі жайлы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Румеиса Гельги

24 жастағы Румеиса Гельгидің бойы 215,16 сантиметрге тең. Оның бойын Гиннестің рекордтар кітабы өкілдері 2021 жылдың 23 мамырында өлшеген. Ал бұған дейін Румеиса жасөспірімдер арасында ең ұзын қыз болған. 2014 жылы арудың бойы 213,6 сантиметрді құраған. 

Румеиса Гельги бойының ұзын болуы сирек кездесетін генетикалық ауру – Уивер синдромымен байланысты екенін айтады. Бойдың ұзын болуы – ауру белгілерінің бірі. Румеиса бұл аурумен ауыратын Түркия тарихындағы алғашқы пациент болған. Әдетте, қыз мүгедектерге арналған арбамен қозғалады. Бірақ жүріс арбасының көмегімен өз бетінше жүре алады. 

Гельгидің сөзінше, отбасы және оны қоршаған адамдар рекордымен мақтанады және үнемі қолдау көрсетеді. Дегенмен, бала күнінде мазақтағандар да болған екен. Ал қазір Гельги көпшіліктің сұрағын ұнатпайтынын айтады. Әйткенмен бұл қыздың көңіл күйін түсірмейді. 

Румеиса анасымен бірге сериалдар көріп, отбасымен мейрамханаға баруды және жүзуді ұнататын айтқан. Ол әлемдегі адамдарды өз сыртқы бейнесін қабылдауға жігерлендіргісі келеді. 

"Әр кемшілікті артықшылыққа айналдыруға болады. Сол себепті өзіңізді қалай бар, солай қабылдаңыз. Өз мүмкіндігіңізді біліңіз, қолдан келетін нәрсемен шұғылданыңыз", – деді ол.

Қазір әлемдегі ең ұзын ер адам Сұлтан Косен де Түркияда тұрады. Оның бойы 251 сантиметрге тең. Гельги онымен ешқашан кездеспегенін, бірақ жолыққысы келетінін айтады. Адамзат тарихындағы ең ұзын әйел – Цзэн Цзиньлянь. Оның бойы 246,3 сантиметр болған.
 

Талқылау