Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде саудагерлер тауарларын қоқысқа тастап жатыр

Ақтөбеде жеміс-жидек сататын саудагерлер сауданың жоқтығынан тауарларын амалсыз қоқысқа тастап жатыр. Жергілікті билік көкөніс пен жеміс-жидек сататын базардың дәл алдындағы жолды қайта салу үшін жауып тастапған. Салдарынан саудагерлер екі жылдан бері табыстарынан қағылып, миллиондап қарызға батқан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтарына сілтеме беріп.

Былтырдан бері табыссыз қалған саудагерлер бұрын базарға келушілер үзілмейтін еді дейді. Ал қазір келетін адам да, саудагерлер де азайған. Дәл базар үстінен жүретін жолдың құрылысы басталып, жабылғаннан кейін келушілер қарасы көрінбеген.  Олар асфальт салуға жауапты мердігер компания ең болмаса базарға дейін айналып өтетін қара жол түсірмеді, не шаң басу үшін су да сеппейді деп ашынады.

"Келгелі жинаған клиенттерімізді, қасықтап жинаған клиенттеріміз қазір қашып кетті. Қазір жолға байланысты ешкім келмейді. Келгісі келмейді. Біздің саудамыз тоқтап тұр. Былай айтқанда біз уже банкротқа кірдік. Әкелген заттарымыздың бәрін мусорға тастап жатырмыз", - дейді саудагер Гүлнәр Диханбаева.

Тағы бір саудагер Қыдыр Бархат базарда бес күннің үш күнінде ғана жұмыс істейтіндерін айтады.

"Мына тұрған халықтың бәрі осы жерден күн көріп, бала-шағасын асырап отырған адамдар. Бұлардың да жағдайы түсінікті. Алып келген тауарларының бәрі босап кетеді. Бүгін - сәрсенбі. Базардың іші бос. Бес күн жұмыс жасаймыз. Оның екі күнінде жабық", - дейді ол.


Атыраулық саудагерлер жаппай балалар алаңқайларын базарға айналдырған 


Ал жолға жауапты мамандар жол құрылысының уақытымен жүріп жатқанын айтады. Республикалық маңызы бар трасса болғандықтан жұмысы әу бастан екі жылға жоспарланыпты. Әкімдіктегілер он үш шақырым жолды қайта салуға республика мен жергілікті бюджеттен жеті жарым миллиард теңге бөлінгенін айтады. Бірақ құрылысты толық аяқтау үшін әлі үш жүз миллион теңге жетіспей тұр екен.

Ақтөбе облыстық Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр ақша толық бөлінген кезде осы жылдың аяғына дейін аяқтауға жоспарлап отырғанын айтады.

"Тағы да үш жүз миллион теңге жетіспей отыр. Сонымен қатар дәл Алматы базар маңындағы участокте жер ылғал, дымқыл болып тұр. Сондықтан әлі жұмысты бастап кетуге ыңғай жоқ. Біздің рассчет есебінен сол тамыз айына дейін сол проездті береміз", - дейді ол.

Жол құрылысын алдағы күз айларына дейін аяқтаймыз деген әкімдіктегілер базарға баратын айналма жол салып береміз деп уәде берген.

Талқылау