Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде күйеуін өлтірді деп айыпталған 37 жастағы әйел сот залынан босатылды

Фото: Stan.kz

Ақтөбе сотында күйеуін өлтірді деп айыпталған 37 жастағы әйелге үкім шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

37 жастағы Ксения Седова 7 ай тергеу изоляторында қамауда болды. Сотта әйелге қатысты қылмыстық іс “Адам өлтіру” бабы "Аффект жағдайында жасалған адам өлтiру” бабына өзгертілді. Кінәсі дәлелденген сотталушы рақымшылықпен сот залынан босап шықты.

Оқиға өткен жылдың көктемінде болған. Отбасылық жанжал кезінде әйел күйеуіне пышақ жарақатын салған. Кеуде тұсына тиген жарақаттардың бірі жүрекке зақым келтіріп, ер адам оқиға орнында көз жұмды.

Сараптама қорытындысы бойынша, ер адамның қанынан ішімдік ішкені анықталған.

Оқиғаға қатысты үш рет сот сараптамасы жасалған. Әрекет аффект жағдайында жасалған деген тұжырымға келіп, қылмыстық іс қайта саралады.

“Ксения Седова қылмыстық кодекстің 101-бабы 1-бөлігімен айыпты деп танылып, 1 жыл 6 айға бос бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. "Рақымшылық туралы" Заңға сәйкес Ксения Седова жазадан босатылсын”, – деді судья Сейтжапаров.

Седованы күзетпен ұстау туралы шешім өзгеріп, сот залынан босатылды. Жәбірленушінің 20 миллион теңге өтем туралы азаматтық талап арызы ішінара қанағаттандырылып, сотталушы 5 миллион теңге моральлық шығын, 378 500 теңге материалдық шығын өтеу міндеттелді. Сонымен қатар заңды өкілге жұмсалған 754 325 теңгені төлеуі тиіс.

Сотталушы әйел медициналық мекемелердің бірінде әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істеген. Екінші күйеуімен 2 жыл отасқан. Бірінші некесінен 12 жастағы қызы бар. Әйел сотта ұзақ уақыт бойы тұрмыстық зорлық-зомбылық көргенін мәлімдеді. Айтуынша, күйеуі ішімдікке тәуелді болып, жиі қол көтерген.

“Әділдік орнағанына қуаныштымын. Соңына дейін үміт үзбедік. Алғашында 3 ай қамауда болдым, кейін іс 101-бапқа өзгеріп, рақымшылықпен босатылдым. Алайда екі айдан соң қайта қамауға алынып, 10 қазаннан бері абақтыда отырдым. Мен екі жыл бойы отбасымды сақтап қалуға тырыстым. Күйеуімнің туыстарынан кешірім сұраймын. Мен олай болғанын қалаған жоқпын”, – деді Ксения Седова.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 24 Ақпан, 2026 21:17