Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде адам өліміне әкеп соққан апатқа түскен оқушылар оқиғадан кейін бірден олимпиадаға қатысуға жіберілген

Ақтөбе облысында аудандық олимпиадаға бара жатып жол апатына ұшыраған  үшінші көліктегі оқушылар дәрігердің тексеруінен кейін олимпиадаға қатысуға жіберілген. 

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Ырғыз ауданында болған жол апаты кезінде екі жеңіл көліктің болғанын растады. Бұл туралы облыс әкімінің жергілікті журналистермен өткен кездесуінде айтылды.

Аудандық олимпиадаға келе жатқан екі көліктің бірінде Жаныс би ауылының, екіншісінде Құмтоғай ауылының оқушылары болған. 

“Бұл жағдайға қатысты тергеу жүріп жатыр. Екі баланың екінші машинамен шыққаны айтылды. Бұл жағдайлардың барлығы тергеу кезінде анықталады”,- деді облыс әкімі Шахаров. 

Республикалық олимпиаданың аудандық кезеңіне қатысуға шыққан Жаныс би ауылының оқушылары Самара-Шымкент тас жолының бойында апатқа ұшырап, екі оқушы мен бір мұғалім оқиға орнында қаза тапты. Жарақат алған үш оқушы ауруханаға жеткізілді. Апатқа ұшыраған “Toyota Alphard” көлігінің артында келе жатқан “Piora” көлігі де жол апаты кезінде зақымданған. Оның ішінде Құмтоғай ауылынан олимпиадаға бара жатқан екі оқушы болды. Облыстық білім басқармасының қызметкерлері үшінші көліктің ішінде болған оқушылардың олимпиадаға жіберілгенін айтты. 

“Балалар ауруханаға жедел жәрдем көлігімен жеткізілді, денсаулығы тексерілді. Содан кейін ғана олипиадаға қатысуға рұқсат беріліп, қатысты. Белгілі себеппен уақытында кіре алмады, уақыты олипиадаға кірген сәтпен есептеледі”,- деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбекова. 

Ақтөбе облысындағы жантүршігерлік жол апаты 19 желтоқсан күні болды. Мерт болған екі оқушы мен мұғалімнің денесі кеше шығарылды. 

Қарсы беттегі жүк көлігіне соққан “Toyota Alphard” көлігін айдаған екінші мұғалімді екі айға қамауға алуға сот санкциясы шықты. 

Қазіргі уақытта жол апатынан жарақат алған оқушылар облыстық балалар ауруханасында ем қабылдап жатыр.

Өңірде олимпиадаға бара жатып жолда ажал құшқан оқушылардың өліміне қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбе облысында олимпиадаға бара жатқан мұғалім мен оқушылар жол апатынан көз жұмғанын хабарлаған болатынбыз.

Талқылау