Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтық сапарына жинаған: Нұр-Сұлтанда қос зейнеткердің 700 мың теңгесі жарамсыз болып қалған

Елордалық қос зейнеткердің өздерінің ақтық сапарына деп жинаған 690 мың теңге ақшасы жарамсыз болып қалыпты. Қомақты соманы олар бірнеше жыл жинаған екен. Ерлі-зайыпты қаражаттарын қолданыстан шығып қалған 10 мың теңгелік банкнотамен сақтаған. Ал банкнотаның ауысқанын олар кеш естіген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "31" арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Екі қызына ауыртпалық түсірмеу үшін қариялар ертеңгі күнге өз қаражаттарын өздері дайындап жүрген көрінеді.

Отағасы Александр Дромов бір бума ақшаның жарамай қалғанын естігенде мұңайған. 8 жыл бұрын зейнеткерлікке шыққан ол 690 мың теңгені қобдишада сақтап келген. Ақшаның жарамсыз екенін дәрі-дәрмекке шетінен алып жұмсамақ болған кезде бір-ақ білген.

"Жаназамызға қажет болады деп сақтадық. Одан кейін кемпірім екеуміз жиі ауырамыз. Оның аяғына операция жасату керек, маған да екі бірдей операция қажет. Коронавируспен ауырып қалып, дәріге ақша жетпей кетті. Егер ауырмасақ, жинағанымыздың жарамай қалғанын әлі де білмей жүре берер едік", - деді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Александр Дромов.

Зейнеткер жарамсыз боп қалған бір бума ақшаны қойнына тығып Ұлттық банк филиалына да, "Нұр Отанға" да көмек сұрап барған. Филиал заң бойынша ештеңе істей алмаймыз деп бас кеңсеге жіберсе, билік партиясынан әлі жауап келмепті.

"Дәл қазір осы іске жауапты басшылардан көмек сұраймыз. Мұндай жағдайда қалған біз ғана емес, біраз адам бар екен. Салғырттық таныттық. Бізден де кінә бар", - деді зейнеткердің зайыбы Ольга Николаевна.

Ұлттық банк өкілдері зейнеткерлердің мәселесін қараусыз қалдырмаймыз деп отыр. Өйткені 2006 жылдан бері келе жатқан 2 мың, 5 мың, 10 мың теңгелік банкноттар қолданыстан шыққалы көмек сұрап келіп жатқандардың қарасы көп екен.

"Қазіргі айналымдағы ақшаларға айырбастау мерзімін ұзартуға мүдделі. Нақты қандай мерзімге ұзартылатыны туралы мәліметті жақын арада жариялаймыз", - деп жауап берді банкте.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр