Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ақша төлеудің орнына келісімшартты бұзды": Жамбыл облысында бір топ кәсіпкер қаржыларын әкімдіктен ала алмай жүр

Жамбыл облысында әкімдіктен тапсырыс алған бір топ компания өкілдері ақшаларына қол жеткізе алмай жүр. Абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарымен айналысқан кәсіпкерлер шенеуніктер қаржы төлемеудің бар амалын жасап жатыр деп ашулы. Нарызылық танытқан көпшілік келісімшарт бойынша берілу керек қаражатты талап етіп облыстық әкімдік алдында жиналған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

кәсіпкерлер

"Жасыл Ел Тараз" мекемесінен тапсырыс алып, тазалық жұмыстарын бастаған бір топ кәсіпкер облыстық әкімдік алдына жиналған. Компания өкілдерінің айтуынша,тікелей қала әкімдігі қаржыландыратын бұл мекеменің өздеріне берешегі 800 миллион теңгеге жеткен. Қаланы көгалдандырып, абаттандырдық деген көпшілік серіктестік бастапқы келісімді орындамай, шартты бұзды дейді. 

“Жалпы біздің фирмаға 18 миллион теңге қарыз осы уақытқа дейін. Біз сол ақшадан салық төлей алмай жатырмыз, айлық бере алмай отырмыз. Сол ақшаның кесірінен басқа да жұмыстарға қатыса алмай отырмыз”, – деді кәсіпкер Нұржан Ниязалиев.

“Жұмысты бастататын кезде келісімшарт жасалды. Сомасы бәрі көрсетілген, мөрі басылған. Енді ақша аударатын кезде келісімшарт дұрыс емес дейді”, – деп мәлімдеді кәсіпкер Ерлан Әлімбек. 

Кәсіпкерлер мекемемен келісілген соманың 20 пайызын алған. Өзгесін кейін деп уәде берген екен. Ал қалалық әкімдік қазір төлеудің жолдарын жасап жатқанын жеткізді. 

“Барлық келісім-шарттар бір көзден қағаз жүзінде болған, электронды портал арқылы емес. Сондықтан біз оны төлей алмаймыз. Қазір тек қана сот шешімі арқылы ғана төлейміз, бұл кісілердің бәріне түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Қазір қаржы төлеудің жолдарын қарастырып жатырмыз”, – деді "Жасыл Ел-Тараз" ЖШС директоры Азамат Әбішев. 

Бірақ бұл қарастырудан қарық болмаған елдің күмәні көп. Өйткені уәдесінде тұрмаған әкімдік айналып келіп, алдап отыр дейді. 

Талқылау