Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Адам деген пресс": Шымкенттік ата-аналар балаларының автобусқа сыймай қалғанына ашулы

Шымкентте автобустың жоқтығынан балалар бірінші күннен-ақ сабаққа кешігіп барды. Өйткені халық көп қоныстанған Тұран шағын ауданында бір ғана бағытта автобус жүреді. Соның салдарынан бүгін таңсәріде аялдамаға шыққан балалар автобустарға сыймай, сабаққа үлгермей қалған. Бұған ашуланған ата-аналар көлік қозғалысын реттеп беруді сұрап отыр. Олар мектеп басшылығынан тек оқушыларды тасымалдайтын арнайы көлік ұйымдастыруды талап етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап. 

Шымкенттегі Тұран шағын ауданындағы аялдамаларда бүгін сөмкелерін асынған оқушылар мен ата-аналар көп. Өйткені осында қатынайтын жалғыз қоғамдық көліктің интервалы тым ұзақ. Оның үстіне келген автобусқа барлық жолаушы сыймай қалды. Соның салдарынан балалар бірінші күннен сабаққа кешігіп барды. 

“17-ні көрдік азанда. Адам деген пресс. Бірінші сыныптар тұра алмайды. Мен бүгін өзім алып келдім, бүгін, кеше. Енді бәріміз жұмыстағы адамбыз ғой, күнде әкеп, әкете алмаймыз. Лық толы, бір ғана 17 жүреді Тұраннан”, – дейді ата-ана Маржан Мамытбаева. 

Ата-аналардың айтуынша, алыстағы мектепке балалардың өзін жіберу қауіпті. Сондықтан білім ошағы басшылығынан тегін көлік беруін сұрайды.

“Менің есігімнің алдынан мектепке дейін 8 км шығады. Екі ортада екі трасса бар, ешқандай белгі қойылмаған. Пешеходный зебра қойылмаған. Аялдама мүлде жоқ. Балалардың өміріне өте қауіпті”, – дейді тағы бір ата-ана Асқар Төлеев. 

Ал ата-ана Айжан Әзімбаеваның айтуынша, автобус развозкаға бір күнге 18 мың сұрап жатқан көрінеді.

“18 орындық. Енді есептеңіз, бізде осы мектепте 125 бала бар, бірінші класқа. 5 класс 25 оқушыдан. Бір күнге 18 мың сұрап жатыр, айына қаншадан түседі сонда бізге? Ал мектеп басшылығы қалаішілік жолаушылар тасымалы бар аумаққа тек оқушылар үшін арнайы автобус жүргізу заңда қарастырылмаған деп отыр”, – Айжан Әзімбава. 

Шымкент қаласы №79 мектеп директоры Ақтолқын Ақжолқызы балаларды қаланың ішінде тасымалдауға заң жүзінде рұқсат етілмеген.

“Сондықтан жолаушылар көлігі басқармасына хат жазып, осындағы 17-ші маршрутқа тағы да екі автобус қосып беріңіздерші, бары 7 автобус екен дедік. Сөйтіп, екі автобус қосып берді де, нәтижесінде 9 автобус болды. Қазір интервалдары 12 минуттан қатынайды деп осылай жауап берді”, – дейді ол.

Жолаушылар көлігі және автомобиль басқармасының өкілдері бағыттағы автобус санын ертең 10-ға жеткіземіз деп ағынан жарылды. Әрі, қосымша тағы бір жаңа бағыт қосуды ойластыратындарын айтты.

Талқылау