"6 айда екі қимасымнан айырылдым": Наркенже Серікбаеваның жазбасы көпшілікті жылатты
Дәстүрлі әнші Наркенже Серікбаева желіде жазба жариялап, жан сырын ақтарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/narkenjeserikbaeva/
Өнер иесі бір жылда жолдасы мен анасынан айырылып қалған еді.
“Кенжегүл деген атымды жүк көтерер нардай болсын деп Наркенже деп атауында да мән бар-ау. Тағдырдың түрлі сынағынан өтіп келем. (Аллаға шүкір)Күлдіреді, жылатады, құлатады, күн батады, таң атады. Өтіп жатқан өмір. Дөңгеленген дүние, дүниеге кім ие… Өмірден өткендерден бір хабар жоқ, жағдайы ана жақтың қандай екен деп” осы термеде айтылғандай, 6 айда екі қимас адамдарымнан айрылдым. Ана жаққа барып келген ешкім жоқ қой дегенмен, кейде сағынғанда жағдайларын сұрағың келеді екен. Сырласқың келеді екен… Бұл термемен молдаларды сынағым жоқ, бірақ өзім түсінбейтін, білмейтін дүниелерді сұрағым келеді”, – деп жазды әнші.
Айта кетейік, өнер иесі марқұм жолдасының тірісінде қандай адам болғанын айтқан еді.
“4 жыл 7 ай өмір сүріппіз. Жаман сөз айтып, қол көтерген емес. Бауырларыма да ауыр сөйлемеген. Анам оны қатты жақсы көрді. Жүрегім тыныш, түсіме де кірмейді. Ол жақтағы өмірі де жақсы шығар деп ойлаймын. Ол кісімен жүрген кезде "өнерді қояйын ба?" деп ойлайтынмын. Сол кезде "мен қарсымын" деп айтатын. "Сен домбыраңды тастама, баяғы жырларыңды айтшы" дейтін. Қайтқаннан кейін "өнерді қоямын" деген ой бар”, – сөзін жалғай алмай көз жасына ерік берген еді әнші.