Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"39 таблетка шашып, кетіп қалған": Ақтауда уланып мерт болған екі баланың өліміне қатысты тың деректер белгілі болды

Эпидемиологтар Ақтауда қандаланың уынан уланған екі баланың өліміне қатысты мәлімет берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен брифингте санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Әсима Жарылғасова пәтерлердің бірінің иесі қандаланы улау үшін белгісіз препаратты қолданғанын айтты. Эпидемиологтар тексеріс жүргізіп, аммиак пен көміртек оксиді деңгейінің жоғарылағанын анықтапты. Улы газдардың мөлшері жеті адамның улануына, соның ішінде екі баланың өліміне әкеп соқты.

“Пәтер иесі пәтерге 39 таблетканы шашып, бұл туралы ешкімге ескертпей, кетіп қалған. Мамандар у қойылған пәтер және адамдар уланған пәтердегі ауаны өлшеді. Эпидемиологиялық тергеу барысында екі пәтерде де аммиак пен көміртек оксиді деңгейінің жоғарылағаны анықталды. Улы газдардың бұл құрамы жеті адамның улануына, оның ішінде екі баланың өліміне әкеп соқтырды”, – деді Жарылғасова.

Пәтер иесі препаратты Алматыдағы базардан сатып алған. Мамандардың сөзінше, Ақтауда 2016 жылдан бастап пәтер иелері үйлерін жиі улайды.

“Көміртек оксидінің жоғары концентрациясы еден деңгейінен 50 сантиметрден жоғары деңгейде байқалды. Балалардың жағдайы 20 қазан күні кешке нашарлады. Анасы балалар ЖРВИ жұқтырып алды деп ойлаған. Балалар мен ересектердің жағдайы келесі күні таңғы жетіге қарай күрт нашарлады”, – деді санэпид басқарма басшысы.

Еске сала кетейік, Ақтауда пәтерді улағанның салдарынан көрші үйдегі екі бала уланып, мерт болды. Іс "Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу" бабы бойынша тексеріледі. Сараптама тағайындалды. Жауапты 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Талқылау