Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

3 прокурор және 30 адвокат: Алматыда Жомарт Ертаевтың ісіне қатысты сот отырысы басталды

Алматыда қашқын банкир Жомарт Ертаев пен оның сыбайластарына қатысты сот тыңдауы басталды. Айыпталушы орындығында Ертаевтан «RBK BANK» пен жабылып қалған «QAZAQ BANKI»-нің әртүрлі дәрежедегі 36 қызметкері бар, - деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеп.  

жомарт ертаев

Тергеу мәліметі бойынша, барлығы сыбайласып ақша жеген. Кейбірі Ертаевқа миллиардтап теңге жымқыруға көмектескен. Алғашқы отырысқа үш прокурор мен 30 адвокат күш салды. 

800 томға арқау болған істе бақандай 37 күдікті бар. Басты айыпталушы Жомарт Ертаевтың бұрыңғы әріптестері мен бірқатар топ-менеджерлер сот залына лық толды. 

Күдіктілердің көбі кепілдікпен бостандықта жүр. Сондықтан қолына кісен салынған 9 адам ғана айыпталушылар орындығына жайғасты. Тоғыз ай тергеу қапасында отырған қашқын банкирдің жүзінен өткен іске өкініштің нышаны да байқалмайды. Ол адвокатымен қайта-қайта күбірлесіп, тым көңілді отырды. 

Айыпталушылардың ешқайсысы түрін көрсеткісі жоқ. Жалпы, айыпталушылар арасында кезінде атағы дүркіреген банктің топ-менеджерлері бар. Мәселен, «RBKBank»-тің экс-басшылары Марпу Жақұбаева мен Игорь Мажинов, орынбасары Тимур Шәріпов, DSFK басқармасының экс-төрағасы Мәди Мәмбетов, «Qazaq banki»-нің экс-акционері Бақыт Ибрагим, сондай-ақ, Жомарт Ертаевтың сенімді серігі болған Татьяна Пак пен Айдос Құсайынов та сот алдында жауап беріп жатыр.

Еске сала кетейік, «RBKBank» Директорлар кеңесі төрағасының бұрынғы кеңесшісі Жомарт Ертаевқа қызметін пайдаланып, 2011-2017 жыл аралығында банктен 144 миллиард теңге жымқырды деген айып тағылып отыр. Бұл тірлігін атқаруға Ертаевқа «елуден астам сыбайласы көмектескен» дейді тергеушілер.

Қашқын банкирді өткен жылы Интерпол қызметкерлері Мәскеуде ұстаған болатын. Ал биыл ол наурыз айында елге экстрадицияланды. Алдын ала тыңдауда жәбірленуші ретінде «RBKBank»-тің өкілдері келген.

Жомарт Ертаевтың адвокаты судьядан оның анасының мүлкіне қойылған шектеуді алып тастауды сұрады. Бірақ сот бұл шағымды қанағаттандырған жоқ. Жалпы, банкирлерге тағылған айыпты үш прокурор кезекпен оқитын болады. Ал айыпталушыларды 30 адвокат қорғамақшы. Сондықтан сот әлі бірнеше айға созылуы бек мүмкін.
 

Талқылау