Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2025 жылы ұлттық қордан 8,2 миллиард доллар сатылып, алтын резервінен тағы 7 миллиард доллар жұмсалған

Фото: istockphoto.com

2025 жылы Қазақстанның Ұлттық қорынан 8,2 миллиард доллар сатылып, алтын-валюта резервінен тағы 7 миллиард доллар жұмсалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл туралы Ұлттық банктің валюта нарығы туралы ақпараттық хабарламасында айтылған.

“Республикалық бюджетке трансферт бөлуді қамтамасыз ету, сондай-ақ "Талдықорған – Үшарал" магистральдық газ құбырын салу жөніндегі инфрақұрылымдық жобаны қаржыландыру мақсатында 2025 жылдың желтоқсанында Ұлттық қордан 400 миллион доллар валюта сатылды. Бұл жалпы сауда-саттық көлемінің 5%-ын немесе күніне шамамен 18 миллион долларды құрады. Жалпы алғанда, 2025 жылы Ұлттық қордан 8,2 миллиард долларға валюта сатылды”, – делінген хабарламада.

Ұлттық банк мәліметінше, желтоқсан айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 доллар үшін 505,73 теңгеге деңгейінде болып, 1,3% нығайған. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір ай ішінде 280 миллион доллардан 359 миллион долларға дейін ұлғайған.

“Жалпы 2025 жылдың қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 доллар үшін 525,10 теңгеден 505,73 теңгеге дейін 3,7% нығайды. Сауда-саттықтың жиынтық көлемі жылдық есеппен 15% ұлғайып, 63 миллиард долларды құрады”, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар үкіметтің республикалық бюджетке трансферттерді конвертациялау бойынша алдын ала болжамды өтінімдеріне сәйкес, 2026 жылдың қаңтарында Ұлттық банк Ұлттық қордан 350 миллион доллардан 450 миллион долларға дейінгі мөлшерде валюта сатылады деп жоспарланған.

“Айналау” операциялары аясында желтоқсанда 475 миллиард теңге алынды. 2025 жылы “айналау” операциялары аясында алтын-валюта резервтерінен сатылған валюта көлемі 7 миллиард долларды құрады”, – делінген Ұлттық банк есебінде.

Ұлттық банк дерегінше, 2025 жылы алынбай қалған өтімділікті ескергенде, “айналау” операциялары мен мемлекеттiң басым құқықты жүзеге асыруынан туындайтын болжамды эмиссияны бейтараптандыру, сондай-ақ алтын бағасының өсуі аясында 2026 жылдың I тоқсанында шамамен 1,1 триллион теңге шетел валютасын сату жоспарланып отырған көрінеді.

Еске салсақ, бұған дейін Ұлттық банк жаңа 500 теңгелік банкноттарды айналымға енгізген еді.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 05 Қаңтар, 2026 22:23