2025 жылы болған басты саяси оқиғаларға шолу: Қазақстанда не өзгерді
Фото: Stan.kz
2025 жылы Қазақстанда саяси реформалар жеделдетіліп, экономикалық саясат күшейтілді. Бір палаталы парламент құру ұсынылып, жаңа Салық кодексі қабылданды. Тоқаев АҚШ-қа барып, 17 миллиард долларлық келісімге қол жеткізді. Stan.kz ел ішіндегі басты саяси-экономикалық өзгерістерге шолу жасайды.
Ішкі саясат және биыл қабылданған заңдар
Қазақстанда бір палаталы парламент құрылмақ
8 қыркүйекте халыққа жыл сайынғы дәстүрлі жолдауын жариялаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан партиялық тізіммен сайланатын жалғыз палаталы парламент құру туралы ұсыныс айтты.
2019 жылдың наурызынан бері президент қызметінде отырған Тоқаев кезінде он жыл сенат жетекшісі болғанын, сол себепті парламенттік реформа туралы айту оңайға түспейтінін, соған қарамастан елде бір палаталы парламент құру туралы бастама көтергісі келетінін мәлімдеді.
"Бірден айтайын, бұл – өте маңызды мәселе. Оны асығыс жүзеге асыруға болмайды. Бұл реформа азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ, әрине, қазіргі парламентте жан-жақты талқылануы қажет. Реформаның мән-маңызы айрықша екенін ескерсек, оны талқылауға бір жыл уақыт керек деп ойлаймын", – деді ол.
Фото: parlam.kz
Президенттің ойынша, 2027 жылы елде парламент реформасы жөнінде жалпыұлттық референдум өткізіп, содан кейін Конституцияға тиісті өзгеріс енгізуге болады.
"Егер бір палаталы парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын", - деді Тоқаев.
Қазақстанда қос палаталы парламент елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында, 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституцияға сәйкес құрылып, алғашқы құрамы 1996 жылы сайланған. Содан бергі өткен уақыт ішінде құрамы сегіз рет жаңарған сенат 50 депутаттан тұрады: 40-ын жергілікті мәслихаттар жанама жолмен сайлайды, қалған он депутатты президент тағайындайды.
Қазіргі кезде Қазақстан Сенатының құрамына президенттік квота кіреді: Сенатта президент тағайындайтын орындар бар. Тоқаевтың ұсынысына сәйкес жаңа бір палаталы парламентте “президенттің квотасы болмайды” деп жарияланды, яғни барлық депутаттар тікелей сайлау арқылы таңдалуы тиіс, ал президент квотасы жойылады.
“Парламенттік реформа – екі палатаны жай біріктіре салу деген сөз емес. Меніңше, депутат санын тым көбейтудің қажеті жоқ. Керісінше, оңтайландыру керек, парламенттің жұмысын жетілдіру қажет. Мысалы, бір палаталы жаңа Парламентте Президент квотасы болмайды. Барлық депутаттар бірдей тәртіппен сайлануы қажет. Бұл – алдағы Парламенттік реформа аясында жасалатын аса маңызды қадам. Мұны жақсы ұғынып, жұртшылыққа кеңінен түсіндіру қажет”, - деді президент.
Экс-президенттердің жеке өмірі туралы ақпарат мемлекеттік құпияға жатқызылады
Биыл 10 қаңтар күні Тоқаев “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі, ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив ісі салаларында артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заңына қол қойды. Қол қойған заң аясында бұрынғы президенттердің денсаулығы мен жеке өміріне қатысты мәліметтер мемлекеттік құпия санатына енгізілді. Бұл өзгеріс “Мемлекеттік құпиялар туралы” заңға түзетулер енгізу арқылы жүзеге асырылды.
Фото: Instagram elbasy_nazarbayev
Енді мемлекеттік құпия ұғымы тек барлау, қарсы барлау немесе жедел-іздестіру қызметімен шектелмей, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ұйымдар, күштер, құралдар мен әдістер туралы ақпаратты да қамтиды. Сонымен қатар Қазақстан президентінің, оның отбасы мүшелерінің, сэкс-президенттер мен олардың отбасы мүшелерінің денсаулығы мен жеке өміріне қатысты осыған ұқсас мәліметтер де құпия деп танылады.
Демек бұл норма жоғары лауазымды тұлғалардың жеке өміріне қатысты ақпараттың жариялануына заңмен шектеу қойып, оны ұлттық қауіпсіздік деңгейінде қорғауды көздейді.
Антикор таратылды
30 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін қайта құру туралы Жарлыққа қол қойды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосылды. Тағы бір айта кетерлігі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет енді президентке тікелей бағынбайды және есеп бермейді.
Қаулыға сәйкес Ұлттық қауіпсіздік комитеті бір айда президент қарауына қызмет туралы ереже жобасы мен Үкімет және Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, қайта ұйымдастырылған агенттіктің функциялары мен өкілеттіктеріне сәйкес штат санын қайта бөлу жөніндегі ұсыныстарды енгізуге тиіс.
Ауыл және қала әкімдерінің сайлауы
Жыл бойы ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы жалғасты. 1500-ден астам партия өкілі (алты партия мүшелері) және 700-ден астам өзін-өзі ұсынған кандидат әкім болып сайланды.
Жыл басында бұл үдеріс айтарлықтай қарқын алғандай көрінді. Тоқаев Ақордада өткен ауыл әкімдерінің жиынында ауыл және аудан әкімдерінің халықтық сайлау арқылы іріктелуін саяси реформалардың маңызды жетістігі ретінде атаған еді.
Алайда уақыт өте келе бұл оптимизм бәсеңдей бастады. Көпшілікті таңғалдырған мәлімдемелердің бірі сол жиында айтылды. Президент бірқатар қоғам қайраткерлері мен белсенді азаматтардың, Ерлан Саиров, Альберт Рау және Мархабат Жайымбетов бастаған депутаттардың аудан әкімдерін сайлауды алып тастау жөнінде ұсыныс көтергенін мәлімдеді.
“Олар елде сайлау тым көбейіп бара жатқанын, жұрт саяси науқандардан мезі бола бастағанын айтуда. Бұл пікірді ауыл және аудан тұрғындары да қолдап жатыр. Сайлау науқандары жергілікті жерде жүргізілуге тиіс нақты жұмыстарға кедергі келтіруі мүмкін деген пайымдар да бар. Бұл пікірлерді ескерген жөн”, – деді Тоқаев 28 қарашада Астанада өткен ауыл әкімдерінің жиынында.
Аталған депутаттар бұған дейін де әкімдерді сайлау жүйесін уақытша тоқтата тұруды ұсынған, алайда бұл ұсыныстар қоғам тарапынан айқын қолдау тапқан жоқ.
Фото: gov.kz
2025 жылғы 12 қазанда Семей қаласында алғаш рет қала әкімі тікелей сайлау арқылы анықталды, бұл Қазақстан тарихында өңірлік маңызы бар қала деңгейінде алғаш рет өткізілген осындай сайлау болды. Сайлау қорытындысы бойынша Әділет Қожанбаев 89 441 дауыс жинап жеңіске жетті, бұл жалпы дауыс берушілердің 77,06 %-ын құрады. Ол қала басшысы міндетіне тағайындалды.
Жаңа Салық кодексі
2025 жылы 18 шілдеде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодексін қабылдады. Бұл кодекс 2026 жылы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Президент құжатты әзірлеуді бастау жөніндегі тапсырманы 2022 жылы қыркүйекте берген. Ал талқылау шамамен үш жылға созылған.
Негізгі өзгерістер:
- Қосылған құн салығы 12%-дан 16%-ға көтерілді (бастапқыда 20% ұсынылған еді, бірақ халық пен бизнес тарапынан қарсылыққа ұшырады);
- Қосылған құн салығы бойынша міндетті тіркеу шегі 20 мың Айлық есептік көрсеткіштен 10 мың Айлық есептік көрсеткішке төмендетілді (2026 жылы – 43,25 миллион теңге).
- Арнайы салық режимдерінің саны жетіден үшке қысқартылды. Ол өзін-өзі жұмыспен қамтитындарға, жеңілдетілген декларацияға негізделген және фермерлерге арналған. Жеңілдетілген салық салу жүйелерімен жасалған операциялар үшін шегерімдер де алынып тасталды.
- Корпоративтік табыс салығының сараланған мөлшерлемесі белгіленді: жалпы мөлшерлеме 20%, ал банктер (бизнес несиелерін қоспағанда) және құмар ойын бизнесі үшін жоғары мөлшерлеме 25%.
- 10% сән-салтанат салығы енгізілді.
- Қазір жылына 8500 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) астам табыс табатындарға (2026 жылы айына 3 миллион теңгеден астам) қолданылатын 15% табыс салығы да күшіне енді.
Инфляция шарықтау шегіне жетті
2025 жылы Қазақстан жылдық инфляция деңгейін 8,4% (қаңтар айында) көрсеткішімен бастады. Алайда бағалардың өсу қарқыны ай сайын артып, 2025 жылы қыркүйекте 12,9%-ға жетті. Бұл 2023 жылдың тамыз айынан бергі рекордтық көрсеткіш. Ал ол кезде көрсеткіш 13,1% болған еді.
Қараша айында Ұлттық банк пен үкімет қабылдаған шаралардың нәтижесінде инфляция 12,4%-ға дейін төмендетілді.
Базалық мөлшерлеме өсті
2025 жылы Қазақстанның Ұлттық банкі жоғары инфляцияға байланысты базалық мөлшерлемені екі рет күрт көтерд. Наурызда – 15,25%-дан 16,5%-ға көтерілсе, қазанда 1,5 пайыздық тармаққа, яғни 18%-ға жетті. Бұл коммуналдық қызмет тарифтері, отын нарығындағы реформалар және ішкі сұраныстың өсуі салдарынан бағаның өсуіне жауап болды.
Күзге дейін мөлшерлеме бірнеше рет 16,5% деңгейінде сақталды. Бірақ қыркүйектегі 12,9%-дық инфляция қарқыны саясатты қатаңдатуға мәжбүр етті. Жыл соңына қарай мөлшерлеме 18% деңгейінде қалды. Бұл соңғы жылдардағы ең жоғарғы көрсеткіш. Бұл несие мен депозиттерді қымбаттатқанымен, инфляциялық күтулерді тұрақтандыруға және ішінара теңгені қолдауға септігін тигізді.
Фото: Stan.kz
Теңгенің көтерілуі мен құлауы
2025 жылы теңге айтарлықтай ауытқуларға ұшырады. Биыл доллардың бағамы шамамен ең төмен 496–500 теңге (көктем мен желтоқсанның басы) деңгейінде болған. Ал рекордтық көрсеткішке 549 теңгеге (қыркүйек) жетті. Ұлттық валюта шілде–қыркүйек айларында 530–549 теңге деңгейіне көтерілді. Бұл мұнай бағасының төмендеуі, импорттың өсуі және нарықтағы спекуляциялармен байланысты болды.
Теңге жыл соңына қарай айтарлықтай ұлғайды. Қазан–желтоқсан айларында доллар бағамы 510–520 теңге аралығына қайта түсті. Бұл портфельдік инвестициялардың (3,4 млрд долларға дейін), базалық мөлшерлеменің өсуі және үкіметтің экономиканы тұрақтандыру шараларының арқасында болған жетістік. Желтоқсанға қарай теңге жылдың басындағы деңгейінен шамамен 2–3% күштірек болды.
Фото: freepik.com
Қазақстан жасанды интеллектке ақырындап көшіп жатыр
Биыл Қазақстанда министр Жаслан Мәдиев басқаратын жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Сонымен қатар ол премьер-министрдің орынбасары қызметіне көтерілді. Жасанды интеллект білім беруге, мемлекеттік басқаруға және басқа да салаларға белсенді түрде интеграцияланып жатыр. Жалпы алғанда, еліміз цифрлық үкіметке үш жыл ішінде толық көшіп болмақ.
Өткен жылы үкімет 2024-2029 жылдарға арналған жасанды интеллектіні дамыту тұжырымдамасын қабылдады. Ал биыл мемлекеттік саясатты, жасанды интеллектінің ұлттық платформасын және басым экономикалық салаларды реттейтін “Жасанды интеллект туралы” Заң қабылдады.
2025 жылы елімізде жасанды интеллект мемлекеттік деңгейде стратегиялық құжаттар, арнайы министрлік құру және ірі инфрақұрылымдық жобалар арқылы белсенді түрде насихатталып жатыр. Үкімет экономиканы цифрландыруға, кадрларды даярлауға және жасанды интеллектіні құқықтық реттеуге баса назар аударып отыр.
Негізгі бастамалар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмалары бойынша жүзеге асырылып отыр.
Фото: freepik.com
Қазақстандағы алғашқы АЭС
2025 жылы Қазақстан атом энергетикасын дамыту жолында маңызды қадам жасады. 8 тамызда Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Үлкен ауылында, Балқаш көлі маңында алғашқы атом электр станциясын салуға арналған инженерлік-іздестіру жұмыстары басталды. Бұл АЭС құрылысы алаңындағы ресми жұмыстардың басталғанын білдіреді.
Жобаны халықаралық консорциум жүзеге асырады. Оның жетекшісі ретінде ресейлік "Росатом" компаниясы таңдалды. Ол маусым айында Қытай, Франция және Оңтүстік Корея компанияларымен өткен конкурс нәтижесінде бас мердігер атанған. АЭС-ті 2035–2036 жылдары пайдалануға берілмек. Ал жобаның жалпы құны шамамен 14 миллиард долларға бағаланып отыр.
Жалпы алғанда, билік елде ядролық кластер қалыптастырып, энергетикалық тәуелсіздікті арттыру мақсатында үш атом электр станциясын салуды көздеп отыр. Алдын ала мәліметке сәйкес, екінші және үшінші АЭС-терді Қытайдың CNNC компаниясы салуы мүмкін.
Фото: istockphoto.com
Сенат даулы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады
Сенат депутаттары архив ісі және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеуге қатысты заң жобасын бірінші оқылымда қолдады. Құжат Еңбек кодексі мен 12 заңға өзгеріс енгізуді көздейді.
Негізгі өзгерістер:
- Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау нормалары күшейтіледі;
- Педофилия және дәстүрлі емес жыныстық қатынасты насихаттайтын контентті қоғамдық кеңістікте, БАҚ-та, интернет пен онлайн платформаларда тарату шектеледі.
Сенатор Амангелді Есебайдың айтуынша, бұл шаралар жас ұрпақты қорғауға, отбасы институтын нығайтуға және ұлттық құндылықтарды сақтауға бағытталған.
Дауыс беру қорытындысы бойынша заң жобасы бірінші оқылымда қабылданды.
Кейін Мәдениет және ақпарат министрлігі ЛГБТ насихатына қатысты заң нормаларын түсіндірді. Олардың мәліметінше, ЛГБТ өкілі болғаны үшін ешкім жазаланбайды. Жаза тек құқыққа қайшы контентті таратуға қатысты қолданылады.
Негізгі тетіктері:
- Интернеттегі ЛГБТ насихаты “құқыққа қайшы контент” деп танылады;
- Алғаш рет заң бұзғандар үшін айыппұл – 20 АЕК (2025 жылы 78 640 теңге);
- Бір жыл ішінде қайталанса – айыппұл ұлғаяды немесе 10 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.
Маңызды жайттар:
- Бақылау автоматты түрде емес, тек азаматтардың шағымы негізінде (eOtinish арқылы) жүргізіледі;
- Контент міндетті түрде сараптамадан өтеді;
- Насихат деп бұрынғыдай оң баға беру қарастырылады.
Мысал, екі ер адамның қол ұстасып жүрген видеосы насихат емес. Ал сол видеода ЛГБТ қауымдастығына қосылуға үндеу болса насихат деп бағаланады.
Фото: Алматы облысының әкімдігі
Алатау қаласына арнайы мәртебе берілді
Алматыдағы Алатау қаласы (Alatau City) Қазақстандағы жаңа инвестициялық орталыққа айналды.
2025 жылдың қыркүйегінде президент Тоқаев Қытайдың China State Construction Engineering Corporation (CSCEC) компаниясымен Алатауда ірі жобаларды, бизнес-орталық салуды көздейтін келісімге қол қойды. Жобаны жүзеге асыруға Кореядан (KPMG Korea, KIND) және Сингапурдан серіктестер де тартылды.
Биыл қала арнайы құқықтық мәртебе алды. Қаланың аумағы 88 мың гектардан асады (Алматыдан үлкен). Жоба алдағы 30 жыл ішінде Жалпы ішкі өнімге 40–50 миллиард доллар әкеледі деп күтілуде.
Фото: freepik.com
Тұрғын үй жинақ жүйесі арқылы ипотека беретін банктер көбейеді
Қазақстанда екінші деңгейлі банктер “Отбасы банк” сияқты тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі аясында ипотека бере алады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл өзгеріс бәсекелестікті арттыратынын айтты.
Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаевтың айтуынша, екінші деңгейлі банктер “Отбасы банктің” тәжірибесін қолданып, жинақ көлеміне қарай ипотека береді. Ұзақ мерзімді перспективада бұл жаңалық несиелік пайыздық мөлшерлемені төмендетіп, қаржыландыруды тұрақты етеді.
Маманның пікірінше, егер жеңілдетілген ипотека сақталмаса, тұрғын үй бағасы 15-20% төмендеуі мүмкін. Жинақ жүйесі мен жаңа банктердің қатысуы нарықтағы бәсекелестікті күшейтіп, Отбасы банктің монополиялық позициясын азайтады.
“Отбасы банк мемлекеттік рөлін сақтайды, әлеуметтік топтарды қолдай береді. Ал қалған азаматтар үшін тұрғын үй жинақ жүйесі бойынша ипотеканы екінші деңгейлі банктер ұсынады”, – деді Арман Бейсембаев.
Бұл өзгеріс нарыққа тұрақты қаржы базасын қалыптастырып, инфляцияны төмендетуге және ипотека ставкаларын тиімді етуге ықпал етуі мүмкін.
Сыртқы саясат және Қазақстанның әлемдік аренадағы орны
“Орталық Азия-АҚШ” саммиті
Биыл 6 қарашада Тоқаев Трамппен кездесу үшін АҚШ-қа барды. Мемлекет басшысы Президент Дональд Трамппен келіссөз жүргізді. Ақ үйдегі кездесу нәтижесінде, екі ел басшылары құны 17 миллиард доллардан асатын келісімдерге қол қойды.
Фото: Ақорда баспасөз қызметі
Осылайша екі тарап ықпалдастықтың кең көлемдегі мәселелерін жан-жақты талқылап, өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективті бағыттарын нақтылады. Сонымен қатар президенттер халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.
“Орталық Азия - Қытай” саммиті
Қазақстан биыл бірнеше ірі халықаралық саммиттің ұйымдастырушысы әрі қатысушысы болды. Маусым айында Астанада “Орталық Азия - Қытай” екінші саммиті өтіп, оған қатысу үшін арнайы 16 маусымда Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин елордаға келді. Сол күні екі ел басшысы кездесіп, келіссөз жүргізді.
Президент Тоқаев пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин жүргізген келіссөз нәтижесінде 24 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды. Екі ел делегациясының мүшелері энергетика, аэроғарыш, цифрландыру, кеден, ауыл шаруашылығы, электронды сауда, туризм, зияткерлік меншік, медицина, медиа, ғылым, өңіраралық байланыс салаларындағы ынтымақтастықты қамтитын құжаттармен алмасты. Олардың ішінде инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау, техникалық-экономикалық ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімдер бар.
Фото: Ақорда баспасөз қызметі
Сондай-ақ Қазақстан даму банкі мен China Development Bank (CDB) 1 миллиард доллар көлемінде несиелік желі бөлу туралы келісімге келді. Алынған қаражат экономиканың негізгі өңдеуші өнеркәсіп, энергетика, инфрақұрылым және агроөнеркәсіп кешені секілді салалардағы жобаларды қаржыландыруға бағытталатыны айтылды.
Келісімнің басты ерекшелігі – қаржыны АҚШ долларымен де, қытай юанімен де пайдалануға болады. Несиелік желінің едәуір бөлігі Қытайдың ұлттық валютасында есеп айырысатын жобаларға арналады.
Көп ұзамай тамыз айының соңында Тоқаев ресми сапармен Қытайға барды. Мемлекет басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысты. Бұл кезде де екі ел басшысы келіссөздер жүргізді. Келіссөз барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту жолдары қарастырылған.
“Орталық Азия – Жапония” диалогы
Тоқаев 18-20 желтоқсан аралығында ресми іссапармен Жапонияға барды. Мемлекет басшысы бұл сапарында Жапония императоры Нарухито және премьер-министр Санаэ Такаичимен келіссөздер жүргізді. Сондай-ақ сапар аясында президент “Орталық Азия – Жапония” саммитіне қатысты.
Фото: Ақорда баспасөз қызметі
Келіссөздер барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты байланыстарды дамыту перспективасы егжей-тегжейлі талқыланды. Онымен қоса, екі ел арасында 3,7 миллиард доллардан асатын 60-тан астам құжатқа қол қойылды. Нәтижесінде Қазақстан Жапонияға уран жеткізетін болды. Осылайша “Қазатомөнеркәсіп” ұлттық атом компаниясы мен жапониялық Kansai Electric Power Co. табиғи уран концентраттарын сату және сатып алу туралы ұзақ мерзімді келісімге қол қойды. Мәміле құны мен уран концентраттарын жеткізу көлемі құжатта көрсетілмеген. “Қазатомөнеркәсіп” басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов келісімге қол қойылғанын растады. Алайда келісімнің құны құпия екенін жеткізді.
Қазақстанға не үшін бір палаталы парламент қажет және Тоқаевтың жаңа реформасы неге әкеп соғады
Трампқа Қазақстаннан не керек және АҚШ біздің елге не бере алады?
Биыл Каспий құбыр консорциумына бір жылда үш рет шабуыл жасалды
17 ақпанда Каспий құбыр консорциумына кіретін Кропоткинская мұнай айдау станциясына ұшқышсыз аппараттар шабуыл жасады. Мәліметке сәйкес, “террористік шабуылды” жарылғыш заттардан бөлек металл оқ-дәрілермен толтырылған жеті ұшқышсыз аппараттар жасаған.
Соққы араға уақыт салып қайталанып тұрған. Мәліметке сәйкес, шабуыл жасағандар нысанның жұмысын тоқтатуды және станциядағы жедел қызметкерлерді өлтіруді мақсат еткен. Десе де, мұнай жеткізу нысанының қызметкерлері зардап шеккен жоқ. Консорциум жұмысшылары мұнай төгілу қаупінің алдын алыпты. “Кропоткинская” мұнай айдау станциясы уақытша жұмысын тоқтатып, мамыр айында қайта пайдалануға берілді.
Қазақстанның сыртқы істер министрлігі қазақстандық мұнайға шектеу жоқ екенін, штаттық режимде жұмыс жалғасып жатқанын айтты. Министрліктің хабарламасынан соң да Қазақстан мұнайын айдау 30%-ға дейін төмендеуі мүмкін екені хабарланды. Мұны Каспий құбыр консорциумының мамандары айтты. Ал мұнай-газ саласы сарапшыларының сөзінше, экономикаға келетін шығын шамамен 600 миллион доллар (306 миллиард 228 миллион теңге) болуы мүмкін.
Фото: forbes.kz
Сонымен бұл шабуыл мұнымен тоқтаған жоқ. 19 наурызға қараған түні Краснодар өлкесіндегі “Кавказская” мұнай айдау станциясына ұшқышсыз ұшу аппараты шабуыл жасады. Шабуыл салдарынан дрон сынықтары резервуарлар арасындағы мұнай құбырына құлап, өрт шықты. Таңертеңге қарай өрттің аумағы 1700 шаршы метрге жетті. Жарақат алғандар туралы ақпарат жоқ.
Ал 29 қараша күні Каспий құбыр консорциумының Теңіз терминалына тағы бір шабуыл жасалып, салдарынан сыртқы айлақтық құрылғы ауыр зақымданды. Экипажсыз катерлермен жасалған мақсатты террористік шабуыл салдарынан Сыртқы айлақтық құрылғы (ВПУ-2) қондырғысы айтарлықтай зақымданған. Теңіз терминалындағы жүктеу жұмыстары мен басқа да операциялар дереу тоқтатылып, танкерлер Каспий құбыр консорциумы акваториясынан шығарылған. Ал консорциум қызметкерлері мен мердігерлер арасында зардап шеккендер болмаған.
Кейін еліміздің Сыртқы істер министрлігі жағдайға үн қатты. Министрлік бұл жағдай Қазақстан мен Украина арасындағы екіжақты қатынастарға зиян келтіретін әрекет деп бағалады. Болашақта мұндай оқиғаларға жол бермеу үшін украин тарапынан нақты шара қабылдауды сұрады. Ал Украина тарапы бұл әрекет Қазақстанға немесе басқа да үшінші тараптарға бағытталмағанын айтты.
Десе де Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстан Украинаның Каспий құбыр консорциумына жасаған шабуылынан 238 миллион доллар (121 миллиард 468 миллион 060 мың теңге) шығынға ұшырағанын жеткізді. Осылайша, 2025 жылы ресми ақпарат бойынша Каспий құбыр консорциумы инфрақұрылымына кем дегенде 3 рет нақты шабуыл жасалды.
2025 жылы болған басты саяси оқиғаларға шолу: Қазақстанда не өзгерді