"2025 жыл Қазақстан үшін оңай болмайды": Сарапшылар жаңа салық кодексін талқылады
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин министрлік жанындағы сараптамалық кеңестің бірінші отырысын өткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: primeminister.kz
Кеңес отырысына қаржы министрі Мәди Такиев, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов, ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин, 20-дан астам сарапшы, оның ішінде, ірі қаржылық, инвестициялық, талдау және консалтингтік ұйымдардың, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатсының басшылары қатысты.
Жиынға қатысушылар жаңа салық кодексінде ұсынылған шаралармен келісті. Алайда сарапшылар бұл шаралардың шығындар мен бюджет кірістері арасындағы қалыптасқан алшақтықты жабу үшін жеткіліксіз екенін атап өтті. Сарапшылардың айтуынша, салықтық-бюджеттік салаларда реформаларсыз жағдайды түзеу мүмкін емес.
Фото: primeminister.kz
"NAC Analytica" КҚ" (NU) басқарма төрағасы Расул Рысмамбетовтың айтуынша, үкімет өткен жылдары кейінге шегерілген реформаларды қабылдауға мәжбүр.
"2025 жыл Қазақстан үшін оңай болмайды. Өткен жылдардағы кейінге қалдырылған реформаларды қабылдауға мәжбүр боламыз. Өкінішке қарай қазір салықтарға қатысты жағдайды түзету, оларды әкімшілендіруді жақсарту, тіпті кейбір жағдайларда мөлшерлемелерді қайта қарау үшін бірқатар жағымсыз реформаларды қабылдауымыз керек. Ең бастысы, мұны Ұлттық қорды сақтау үшін емес, экономикамыздың нарықтық экономика болып қалуы үшін жасаймыз. Жаңа Салық кодексі, бүгін біз талқылаған ұсыныстардың кейбірі көп ұзамай көпшіліктің талқылауына шығарылады. Барлығын өз пікірін айтуға шақырамын", — деді Расул Рысмамбетов.
Еске салсақ, бұған дейін ұлттық экономика министрлігі жаңа салық кодексі 2025 жылдың 1 шілдесіне дейін қабылданып, 2026 жылдың қаңтарына дейін күшіне енетінін мәлімдеген еді.