Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"20 жылда алғаш рет": Қазақстанда жаңа партия тіркелді

Қазақстанда “Байтақ” жаңа партиясы мемлекеттік тіркеуден өтті. Бұл туралы партия басшысы Азаматхан Әміртай мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

“Бұл жеңіс! Қазақстан тарихында алғаш рет жасылдар партиясы пайда болды. 20 жылда алғаш рет жаңа "Байтақ" ресми партиясы тіркелді. Партияны бірінші съезге келген адамдардың істері мен құрамы бойынша бағалауға болады. Еліміздің түкпір-түкпірінен 1450 адам жиналды. Олар мәжбүрлегендіктен емес, біздің істерімізге сенгендіктен келді. Әділетті Қазақстанға сенімді қадам – "Байтақ" жаңа партиясы мемлекеттік тіркеуден өтті. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы тарапынан көп партиялы жүйе құру тапсырмасы болды. Айтылды – орындалды! Әділетті Қазақстанның алғашқы партиясы - нағыз халықтың қолдауымен, қоршаған орта жанашырларының басын қосқан, азаматтық белсенділердің бастамасымен құрылған "Байтақ" партиясы", – деп жазды ол Facebook парақшасында.

Сондай-ақ ол партия жұмысымен таныстыра кетті. 

“Соңғы 7 жылда біз Қазақстанды көп араладық, өңірлердің мәселелерін шештік:

- Түркістан облысында, Келес ауданында заңсыз тас карьерінің жабылуына қол жеткіздік және жақын жерде тұратын 180 000 адамның таза ауамен демалуына септігін тигіздік. 

-Біз Президентке метан шығарындылары мен құмды дауылдардың салдарынан дені сау адамдары қалмаған Жылыой ауданындағы әділетсіз жағдай туралы хабарлай алдық. Қазір бұл мәселе белсенді түрде шешілуде.

- Екі миллион тұрғыны бар Алматының кәріз түтінінен зардап шеккен Іле ауданындағы 70 000 тұрғын біздің көмегімізбен қазір дұрыс тыныстап жатыр. Өйткені партияның арқасында әкімдік бұл мәселеге назар аударып, оны шешуде”, – деп жазды партия басшысы Азаматхан Әміртай. 

Бұл ақпаратты еліміздің Әділет министрлігі де ресми растады.

Талқылау