Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Дүкенге кіре берісте шалшықты басып кетті": Қарағандыдағы ер адамның өліміне қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды

Қарағандыда 33 жастағы ер адамды дүкеннің кіре берісіндегі темір табалдырықта электр тогы соққанын тұрғындар көзімен көрген. Марқұмның жақындары техникалық қауіпсіздік сақтамаған дүкен қожайыны мен қалалық әкімдікті жауапқа тартуды сұрайды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап.

Оқыс жағдай дәл осы әлеуметтік дүкеннің кіре берісінде болды. 33 жастағы экспедитор Ұлан Шәйкенов павильонға азық-түлік кіргізбек болғанда, кіре берістегі темір табалдырықта тоққа түскен. 

“Аяғындағы тәпішкесі ұшып кетті. Жер дымқыл болатын. Сол жердегі темірден соққан болуы керек, суға құлап түсті. Мен артында келе жатқанмын, көтеріп жатқыздым. Саусағым дір ете қалды. Электриктер бар күшті марқұм Ұлан алғандықтан маған ештеңе болмағанын айтты”, – деді марқұмның әріптесі Андрей Савельев.

“Дүкенге кіріп бара жатқан бала шалқасынан түсіп құлады. Жүгіріп- жүгіріп қасына осында жүрген қыздар барсақ бірінші көпең-көк сияқты еді, одан кейін қап-қара боп кетті. Бірінші көмек беріп дүкеннен жүгіріп шықты”, – деді куәгер Бақыт Молдашева.

Бұл оқиғаны марқұмның туғандары әлеуметтік желіге жариялағаны сол-ақ екен, желі қолданушылары 3 күн бұрын дәл осы дүкенде ұқсас жағдай орын алғанын жазды. 36 жастағы сатушы да шелекпен су көтеріп келе жатып құлаған. Оны да тоқ соққан болуы мүмкін деп отыр.



Қайғы жамылған отбасы дүкенде техникалық қауіпсіздіктің сақталмағанын айтады. 

“Беті адам танымастай қап-қарап боп кеткен. Тоқ соққанда адамның беті қараяды ғой. Ол менің туған апамның жалғыз ұлы. Өмірінде не арақ ішпейді, не темекі тартпайды, спортпен айналысады. Сол жерге жөндеу жасап кабельдің бәрін ашып тастаған әкімдік қой, ол да жауап берсін. Дүкеннің иесі Мария деген кісі ол да жауап берсін”, – дейді марқұмның туысы Мөлдір Бекбосынова.

Дүкен қожайыны болса, келеңсіздік тоқтан болды дегенге сенбейді. Ол қазір ауруханада жатыр. Полиция бөлімшесінде оны жедел жәрдем көлігі алып кеткен.  

Қала әкімдігі де кінәні мойнына алғысы келмейді. Айтуларынша, дүкен маңайындағы жөндеу жұмыстарының бұл оқиғаға қатысы жоқ.

“Қарағанды жарықтың маманы келіп жерде жатқан кабельдердің бәрі тоққа қосылмағанын анықтап берді, анықтап айтты”, – деді Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Бекенов.

Дегенмен, полиция адам өлімі тоқ соғу салдарынан болған деп отыр. Осының негізінде қылмыстық іс қозғады.

“Жазатайым оқиға бойынша ҚР ҚК-нің 306- бабы бой ынша қылмыстық іс қозғалды, сот- медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес жәбірленушінің өлімі ток соғу салдарынан болғаны анықталды”, – деді Қарағанды облыстық ПД ресми өкілі Бақытжан Құдияров.

Айта кетейік, дүңгіршек Сарыарқа әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тиесілі. Жауаптылар кәсіпкер оны жалға алғанын, сондықтан ондағы олқылыққа да сол жауапты екенін айтты. Істің немен бітері әзірге белгісіз. Белгілісі марқұмның артында әйелі мен кәмелетке толмаған екі баласы қалды.

Талқылау