Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

18 жасында алғашқы миллионын тапқан қазақ жігіті туралы не білеміз

Ол тәулігіне төрт сағат ұйықтайды, себебі төрт бауыры мен анасының төрт дүниесі түгел болғанын қалайды. 10 жылдан кейін өзін ағылшын тілінде тренингтер өтетін кауч, кәсіпкер, бір отбасының отағасы боламын деп елестетін 18 жастағы Ниязбен ernur.kz сайтының тілшісі сұқбаттасты.

18 жасында алғашқы миллионын тапқан қазақ жігіті туралы не білеміз

ЕҢ ЖОҒАРЫ ШӘКІРТАҚЫНЫ АЛҒАНДА, ОҚУДЫҢ МӘНІ ҚАЛМАДЫ!

Нияз Қасымбекұлы: Мен бала күнімнен есепке де, тілге де жатық болдым, сондықтан шығар 9-сыныпты қызыл аттестатпен бітіргенмін. Бірақ кішкентайымнан кәсіпкерлікке қызығып, мектеп оқып жүрген кезімде dropshipping-пен айналыстым. Ол кезде көп табыс таптым деп айта алмаймын, бар ойым ҰБТ-ға дайындықта болды. Таң қалатыным, ҰБТ-ға қатысатын кезде замандастарымның бәрінде қорқыныш болады. Мен 10-сыныптан психологияға қызығып, өзімді тәрбиелеп жүретінмін. Сол себепті кез келген дүниеге дайын болдым. Бірақ бағым шауып, Көкшетауға техникалық мамандыққа оқуға түстім, негізі өзім техникалық мамандыққа аса қызықпаймын. Әрине оқуға түскенімді естіген туыстың тілегі, «Сол оқуды жақсы бітір!» деген сөз болды. “Көреміз” деп Көкшетауға аттанып кеттім. Бізді ата-анамыз кішкентаймыздан еркін өсірді, ешқашан “Үйден шықпа” деп шектеу қойған емес. Сондықтан дербес өмір сүруге дағдыланып, 9-сыныптан бастап қайда барып, қайда бармау керек екенін ажырата алатын болдым. Оқуға түскенде Көкшетауға да өзім жалғыз кетіп, оқуға құжаттарымды тапсырдым. Құрдастарымның барлығы ата-анасымен жүргенде таң қалғаным рас. Оқу басталғанда бір семестрде-ақ жоғары стипендияға ие болдым. Кез келген дүниені істеуге қабілетім жетеді, оқығым келсе, негізі оқи аламын. Ал жоғары стипендияға жеткен кезде, оқуымның мәні қалмады. Ол жақтағы өмір ұнамады, студенттер сабақ оқыса да «через не хочу». Сабаққа кешігіп барады, қайтады, ұйықтайды…

Осындай оқу жүйесін көрген Нияз ол білімнің өзіне қажет емес екенін түсінеді. Сол сәттен бастап басқа жұмыстармен айналыса бастайды. Ол қаланың тіршілігінен бейхабар бола тұра инстаграм желісі арқылы адамның есімі жазылатын сағаттар мен мозаика сурет сатуды қолға ала бастайды.

1-КУРСТА МОЗАиКА САТЫП, WEB-СТУДИО АШТЫМ

Нияз Қасымбекұлы: Сол бірінші курс оқып жүрген кезімде мозаика мен адамның аттары жазылатын сағаттарды сатып, тек инстаграм арқылы ғана пайда тауып жүрдім. Ақша жетіп тұрса да, неге солай жасап жүргенімді түсінбейтінмін. Бірде тіпті картиналарымды алып паркке барып жарнама жасадым. Бірақ ол жұмыстардың өзінің максималды шамасы болады, одан артық орындауға физикалық күш жетпейді. Қасыма серіктес тапқаныммен, ол процестің тез жүруіне әсер етті дей алмаймын. Сосын өзім курсқа барып жүріп дойбы үйрететін курс ашқым келді. Әкем маған дойбы ойнауды өте жақсы үйреткен. Өзім курсқа баратын жердің иесімен келісіп, балаларға дойбы үйрете бастадым. Ол жақта орыс тілді орта көп болғандықтан, қазақша білетін балаларға арнайы жеңілдік жасап қойдым. Оған қосымша сағаттармен де айналысатынмын, ол жұмыстың мәні қаша бастағанда веб-студио ашып, инстернет-маркетологиясымен, сайт құраумен айналыса бастадым. Қасымда екі жігіт болды, біз сияқты дәл осы салада кәсіп бастап жүрген тағы үш жігіт бар еді. Солармен бірігіп, алты жігіт жұмыс істей бастадық. Бірақ алтаумыз да Көкшетаудың сұранысын білмейміз, “Ол дүние қажет пе?” деген сұрақ бізді қызықтырған жоқ. Кеңсе алып қызметімізді бастаған кезде, кәсібіміз артқа кетті. Сабақтан кейін тамақ ішпей, сол жұмысқа кететінбіз. Бірнеше айлар өткенде командадағы жігіттер азайып, соңында екі топты бастап келген екі жігіт қалдық қой (күліп). Бірақ біз ол тығырықтан шығатын шешім таптық. Көшеде ілінетін жарнама қағаздарын дайындайтын адаммен келісіп, табысты солармен бөлісе бастадық. Бұл біз үшін тамаша кейстердің бірі болды.

18 жасында алғашқы миллионын тапқан қазақ жігіті туралы не білеміз

ТАПҚАН БІР МИЛЛОНЫМЫЗДАН БІР КҮНДЕ АЙЫРЫЛДЫҚ…

Бірінші курста оқып жүріп түрлі кәсіптің дәмін татқан Нияз мамыр соңында жатақхананы тастап, туған ауылына тартады. Бірақ Қызылордаға келгесін үйде жатуды жөн санамай Шымкент қаласына келеді. Мұнда өзіне лайық орта мен серіктестер таба бастайды.

Нияз Қасымбекұлы: Өткен жазда Шымкентке келіп интернет маркетинг саласы бойынша іздене бастадық. Осында үш бала бірігіп жұмыс істеген кезде бір айда миллион табыс таптық. Білмеймін, бәлкім жастық шығар, бойымызда қорқыныш болмайтын?! Үнемі кез келген компанияларға кіріп, ұсынысымызды айта беретінбіз. Шымкент қаласында тапқан 1 миллион теңгемізбен жылдам шешім қабылдап Астанаға жол тарттық. Осы жерде бізден кеткен қателік, ойланбастан кетіп қалғанымыз болды. Басымызда бір жобаның аты ғана бар, тіпті қаңқасы да құралмаған еді. Біз барғанда ЭКСПО көрмесі өтіп жатқандықтан пәтерлері қымбат болды. Астанадан пәтер таба алмай қалдық. Далада қонған күндеріміз де болды, десе де түрлі компанияларға барып, өз жобамызды қазақ-орыс тілінде таныстырып жүрдік. Ол қаланың сұранысы мүлде басқаша екен. Түбі сонда жүрген екі айда 1 миллионнан қайта нөлге түстік…

Бірақ жас жігіттің тауын жоғалған миллион жыға алмайды. Мектеп кезінен блог жазып, желіде өзінің қолтаңбасын қалдыруға тырысып жүрген жасқа «Атамекен» бизнес арнасының қызметкері әлеуметтік желі арқылы хат жазып, өздеріне келуге ұсыныс жасайды. Аталмыш арнадағы “Іскер” деп аталатын бағдарламаға қонақ болған Нияз, өзімен бірге хабарға кейіпкер болып отырған зергер жігітпен танысып, байланыс орнатады. Адамның есімдері жазылған алқаларды сататын жігітпен біраз уақыт өткенде келіспеушіліктер туындай бастайды. Осы тұста тапқыр жігіт оның шешімін басқа шебермен танысу арқылы табады. Қазіргі күнде алқа сатумен жіті айналыспаса да, тапсырыс түссе кері қайтармайды.

ӘКЕМНІҢ ӨЛІМІН ЖҮРЕГІМ СЕЗГЕНДЕЙ ТҮНІ БОЙЫ ҰЙҚТАЙ АЛМАДЫМ…

Нияз Қасымбекұлы: Екінші курсқа барған кезде оқудан кетуге шешім қабылдадым. Сонда жақындарымның бәрі қарсы болды. Тіпті бір психолог туысым шешіміме психолгиялық диагноз қойып, өтпелі кезеңде болатын құбылыс екенін айтты. Ол туралы интернеттен өзім ізденіп қарасам, алдынан бөгет көрмейтін кезеңді атайды, ол диагнозды зерттеуге бір күн уақытым кетті. Одан тек “құлаған” кезде ғана маңдайыңа тиеді, не үлкен теңізге жол ашылуы да мүмкін екен. Бірақ ол кезде менің нақты мақсаттарым бар еді. Жоғарыда айтқанымдай ата-анам бізді шектеген емес, бұл кезде де “өзің шешесің” деген таңдау берді. Бұл өткен жылдың қыркүйек айлары болатын… Әкем жиі телефон шалатын, мен психологияны зерттеп жүргендіктен адамның қатынасын ажырата аламын. Хабарласқандағы әкемнің әңгімелері қызық, өсиет айтып жатқандай көрінетін, ішім бір дүниені сезетін… Ол өмірден қайтатын күні жүрегім сезде ме, түні бойы ұйықтай алмадым. Суық хабарды естігендегі күйімді айтып жеткізе алмаймын. Бірден Көкшетаудан ұшып Қызылордаға бардым. Екі аптадай өзіме келе алмадым. Бірақ мен оны сезіп, дайын болып жүрген сияқтымын…

Әкем маған хабарласып жүрген кезде ауырып жүр екен, бірақ маған ешкім айтпаған. Оқуда жүрген соң алаңдамасын деген болар?! Менің алдағы арман-мақсаттарымның барлығы әкеммен байланысты еді. Екеуміз бірге футбол көретінбіз, қазір футбол көрсем кейде есіме түседі. Мен әр мақсатымды жазып қоятынмын, әкемді мұнда алып барамын, мына қалаға ұшамыз деген сияқты дүниелердің күлі көкке ұшқандай болды.

Ниязды осы бір күйзелістен алып шыққан – өзінің мінезі. Өзінің айтуынша, қараңғы үңгірге түскен кезде оның жарығы психология болған. Ойлай бергеннен ештеңе шықпайтынын түсінген жігіт өзінің ғана емес, отбасындағы бауырларының да үмітін жалғап, оларды жігерлендіреді. Осы бір суыт жағдай оқудан кетуге ойланып жүрген Нияздың бір шешімге келуіне себеп болды. Дегенмен ақылды жігіт алдымен Қазақстан бойынша сауалнама жүргізіп, оларға қаншалықты диплом қажет болғанын анықтайды. Нәтижесінде оның мамандығында оқитын студенттердің 80-90 пайызы болашақта ол салада жұмыс істегісі келмейтіндіктерін айтса, дипломы бар адамдардың өзі оқығанына өкінетіндерін жиі айтыпты.

ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН “ТҰЗДЫ ҮҢГІРДІҢ” 50 БӨЛІМІН АШАМЫЗ.

Нияз Қасымбекұлы: Оқудан кеткен соң Шымқалаға келіп кәсіпкерлердің клубына қосылып, бизнес сабақтарға қатысып жүрдім. Сондағы инвестор тарту туралы дәріс менің миыма жарылыс алып келді. Нөлден бастап түрлі дүниелер жасауға болатынын білгенде қатты таң қалдым. Бір жексенбіні өзімізге кәсіп іздеуге арнадық, сонда маған осы тұзды үңгір жобасы кездесіп қалды. Осы туралы көбірек зерттеп халқы көп Шымкент қаласына осы жобаны жөн санадық. Ертесіне дүйсенбі күні инвесторлармен кездесіп, сейсенбі күні бірден келісімшартқа отырдық. Әрі қарай жұмыс істеуді бастап кеттік.

Жалпы тұзбен емдеу Ресейде өте жақсы дамыған, бірақ Қазақстанда айтарлықтай танымал емес. Тұзды үңгірлер сулы және құрғақ болып екі түрге бөлінеді. Сулы нұсқасы моншаларда, СПА салондарында кездесіп қалады. Бірақ адам емдейтін құрғақ тұзды үңгір сирек. Қазір күніне 25-30 адам келеді, түрлі конкурстар ұйымдастыруамыз. Бұл қазақтарға енді сіңіп жатыр, сондықтан қабылдауы орыстардыкінен төмендеу. Бір сеанс ересектерге 1000 теңге тұрады, толық қабылдау кезінде 10 күнге созылады. Бір сеанстың ұзақтығы бір сағат уақытты құрайды. Қазір Шәуілдір қаласынан да бір филиалынан аштық. Осы жылдың соңына дейін 50 бөлімін ашамыз деп отырмыз.

18 жасар жігіт үшін көп ақша табу деген қалыпты жағдай сияқты көрінеді. Ол тіпті өзін жұмыс істеп жүрмін деп ойламайды, өйткені әр ісінен ләззат алады. Ақпан айында ашылған “МахSol” тұзды үңгірі қазір қаншама жанның дертіне шипа болып отыр. Осы жобаны бастаған кезде алдарына “5 миллион” деген мақсат қойған Ниязбен оның серіктестері бұл межені толтырған. Жас та болса, өзінің жобасының дамуы үшін мықты команда керек екенін түсінетін жігіт жұмысқа өзінен жоғары, білімді адамдарды алғысы келеді екен.

СҮЙГЕН ҚЫЗЫМДЫ ЖҮРЕК АУРУЫНАН ЕМДЕДІМ…

Бизнесте жүрген бозбала махаббатты да ұмыт қалдырмаған. Өзінің ұнатқан қызымен сөйлесіп жүргенде оның жүрегі ауыратынын, дәрі ішетінін білген Нияз оны сол қапастан алып шығу үшін барын салады.

Нияз Қасымбекұлы: Бір қызбен сөйлесіп жүретінмін. Ол қыздың жүрегі ауыратын, мен оның жүрегіне жылулық жетіспейтінін сезіп, сонымен күнделікті жұмыс істей бастадым. Сенесіз бе, тіпті ішіп жүрген дәрісін қойдырдым. Ол қыз бәлкім мені ұмытып кеткен шығар, әлде осы сұқбатты оқып отырған да болар?! Бірақ кейін арамыз алыстап кетті, ол қайта кездесетін болса мен оған үйленер едім. Бірақ мен табиғатымнан қыздардың соңынан жүгіргенді ұнатпаймын. Дұрыс-бұрыстығын білмеймін, бірақ қарым-қатынас басталмай тұрып шарт қоямын. Ол қыз қысқа кимеуі керек, менімен “Давай”, “Мақұл” деп қоштаспауы керек.

Кәсіпкер жігіт сөзінің арасында болашақ жарының дипломсыз болса да, ибасыз болмауын қадағалайтынын нықтап айтты. Одан бөлек болашақта қазақ елін дамытатын, алдыңғы қатардағы адам болғысы келеді. Қазір тұзды үңгірден бөлек басқа да жобаларын іске асыруды көздеп жүр. Сонымен қатар өз тәжірибесімен бөлісуден қашпайтын қарапайым жігіт өзге адамдарға менторлық етіп те жүр. Нияздан тәжірибе жинаған екі әйел кісінің бірі сән салонын ашса, екіншісі кондитерлік дүкенін іске қосқан. “Мен білгенімді адамдарға тегін үйреткім келеді” деген жастың болашақта әлемдік деңгейдегі коуч болғысы келеді. Ал біз оған қашанда тілектеспіз.

 Қарашаш Есенбай

Тағы оқыңыз: 

Шығыс Қазақстанда жол бойында жүрген аюдың видеосы тарады

Ақтауда 37 жыл бұрын жерленген марқұмның орнына жақында қайтыс болған адамды көмген

Назарбаев пен Путин келеді дегенді естіген петропавлдық шенеуніктер жол бойындағы ауылдарды қоршап жатыр

Талдықорғанда мұғалімінің ұрысын көтере алмаған оқушының жүрек талмасы ұстап қалды

Талқылау