17 жасында ана атанған ақтаулық блогер келін: Маңғыстаудың келіні болу сор емес, мақтаныш!

17 жастағы маңғыстаулық блогер Айжамал Кенбаева жуырда ана атанды. Мектеп бітіре сала отбасын құрған ол ата-ана, туған-туыс тарапынан болған қарсылыққа қарамаған. Бүгінде Айжамал - ибалы келін, бақытты жар, аяулы ана. Батысқа келін болу қиын ба, ол жақтың ырым-жоралғылары қандай, инстаграмдағы табыс көзі қанша - Stan.kz тілшісі блогерден сұрап білді. 

келін

Күйеуіммен мектеп кезінен таныспыз

Ақтаудағы Жаңаөзен қаласында туылдым. Қазір кондитермін. Осы кәсіпті бастағаныма үш жылдай болды. 15 жасымнан бастап жұмыс жасап келе жатырмын. Қосымша табыс ретінде инстаграммен айналысамын. Күйеуіммен мектеп кезінен таныспыз. Бір мектепте оқыдық. Ол менен бір жас үлкен. Сегізінші сыныпта жүргенде дос болып араласа бастадық. 11 сыныпты бітіргеннен кейін екеуміз шаңырақ көтердік. 

Тұрмысқа шығуыма әкем бес ай бойы қарсы болды

Мектеп бітіре сала ұзатылып, тұрмыс құратынымды білген соң басында ата-анам қарсы болды. Туған-туыстарым әлі ерте, әлі кішкентайсың деп уәждерін айтты. Бірақ күйеуімнің ата-анасы біздің үйге келіп, менің отбасыммен танысып, мені келін қылып алғысы келетіндерін айтты. Менің ата-анам ата-енемнің жақсы адамдар екенін білді. Біздің мектеп кезде сөйлесіп жүргенімізді білгендіктен, екі тараптан да қатты қарсылық болған жоқ. Бірақ та әкем бес ай бойы келісімін бермей жүрді. Ұзатылуыма бір апта қалған кезде әкем өз келісімін берді. 

келінТұрмыс құрудан қорыққан жоқпын

Жігітім маған үйленуге ұсыныс жасаған кезде әлі ерте дедім, көп ойландым. Үш жыл бірге жүрген соң оның қандай адам екенін білдім. Сондықтан аса бір қатты қарсылық танытқан жоқпын. Мені ертең асырай алады деп жүз пайыз сенімді болдым. Жалпы мен тұрмыс құрудан қорыққан жоқпын. Тұрмысқа ерте шығуды құптаймын деп те, құптамаймын деп те айта алмаймын. Әркімнің өмірі әртүрлі, менің тағдырым осы болды.



Тұрмысты ерте құру таңғалатын нәрсе емес

Жалпы Маңғыстауда ерте тұрмысқа шығу үйреншікті сияқты. Бізде "ойбай" деп таңғалатындай дүние емес. Мен күйеуге шығардың алдында өзіме сенімді болдым. Күйеуге шығып, келін атанатынымды білдім. Үлкен жауапкершілікті сезіндім, барлығын біле тұра тұрмыс құрдым. Тек айтқым келгені, өзіңізге сенсеңіз, жауапкершілікті алып жүре алатын болсаңыз, сенімді болсаңыз неге шықпасқа?! Егер жақсы жігітті жолықтырып тұрсаңыз ...

Келіндік өмірде жолы болған жанмын

Мектеп бітіре сала тұрмысқа шыққаным үшін өкінген емеспін. Жолдасым керемет жан, ата-енем де өте жақсы адамдар. Үйде мені келін деп емес қыздарындай көреді, бәрі еркелетеді. Мен де өзімді келін сияқты емес, осы үйдің қызы сияқты сезінемін. Үй тірлігіне келер болсақ, үйде барлық шаруаны енеммен бірге жасаймыз. Үш қайын інім де барынша көмек қолын созады. Жалпы келіндік өмірде жолы болған жанмын. Балалы болған соң, жолдасым екеуміз тынбай еңбектенудеміз. Күн демей түн демей, торт пісіремін. Жолдасым өз жұмысын жасап, баламыз үшін еңбек етіп жүрміз.  Ата-анамызға салмақ түсірмей, үйленеміз деген өзіміз, ешкім бізді қинап қосқан жоқ, жауапкершілікті өз мойнымызға алуымыз керек деп жүрміз.

келінМаңғыстаудың келіні болу сор емес, мақтаныш

Бәрі батыстың келіндерінің өмірінен шошиды. Негізі, барлық әдет пен ғұрыпты сақтаған Маңғыстауға келін болу - ол үлкен бақ. Басынан түспейтін әппақ орамалы, ұзын етек көйлегі, әдемі кәжекейі - өзінше әсем көрініс. Нағыз келіндік өмір ол осы маңғаз Маңғыстауда. Адам 3 күннен кейін көрге де үйренеді дегендей,  бұл Маңғыстауда қалай келін болып, сіңісіп кеткеніңді де түсінбей қаласың. Маңғыстауымның келіні болғаныма мақтанамын. Маңғыстаудың келіні болу сор емес, мақтаныш!



Толғатып жүрген кезімді видеоға жүктегенім үшін сынағандар болды

Желідегі парақшама толғақ қысқандағы жан қиналысымды видео етіп жүктедім. Сол үшін сынағандар болды. Әрине, оны ашып жазу қазаққа жат. Мен бар болғаны өз тарихымдағы ең маңызды сәтті естелік қылып қалдырғым келді. Бірақ та, сол видеоны көріп, көзіне еріксіз жас алып, аналарға бас игендер өте көп болды.

келінЖеліден айына 500-600 мың табыс табамын

Келіндік өмірмен бірге блогерлік хоббиімді алып жүру өте қиын. Бірақ қалаған адам барлығына уақыт таба алады. Келін мен блогер келіннің өте көп айырмашылықтары бар. Бізге уақытты жеткізу оңай емес. Негізі блогер келіндерді мақтау керек деп ойлаймын. Себебі үйінің тірлігі, кешкі, түскі ас, үйдің тазалығы, баласын бағуы, оқырмандары, инстаграмға уақыт бөлу, әдемі контент - барлығына үлгеру - көп адамның қолынан келмейді. "Осы келіннің қолынан телефоны түспейді" деп сынағандар өте көп болды. Дегенмен осыншама жетістіктерге жеткеннен кейін, керісінше, бәрі мақтайды.

Инстаграмнан айына табатын табысым әртүрлі. Ең азы - 300 000 теңге. Ең көбі  500-600 000 теңге шамасында. 

 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр