13,3 млрд теңге тек спортшыларды Олимпиадаға дайындауға ғана жұмсалған қаражат емес — Ербол Мырзабосынов

Фото: Туризм және спорт министрлігі
Миланда өткен XXV қысқы Олимпиада ойындарының алдында Туризм және спорт министрлігі Қазақстан төрт жылдықтың басты додасына мемлекеттік бюджеттен 13,3 миллиард теңге қаржы бөлгенін айтқан еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алайда күні кеше Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов 13,3 млрд теңге тек спортшыларды Олимпиадаға дайындауға ғана жұмсалған қаражат емес екенін мәлімдеді.
"13,3 млрд теңге тек спортшыларды Олимпиадаға дайындауға ғана жұмсалған қаражат емес. Бұл қаржы еліміздің жиырма өңірінде қысқы спорт түрлерін дамытуға, балалардың жүйелі түрде шұғылданып, жоғары жетістіктерге жетуіне жағдай жасауға бағытталған.
Қазіргі таңда “бір медальға осынша қаражат жұмсалды” деген пікірлер айтылып жүр. Менің ойымша, мұндай көзқарас толық ақпараттың болмауынан туындайды. Себебі бұл – тек нәтиже үшін емес, ең алдымен балалардың денсаулығына, болашақ ұрпаққа салынған инвестиция.
Осы жүйелі жұмыстың нәтижесінде бірнеше пайыз дарынды спортшылар іріктеліп шығып, Михаил Шайдоров сияқты Олимпиада шыңына дейін көтеріледі.
Сондықтан әркім өз сараптамасын жасап көрсе болады: бұл қаражат көп пе, әлде аз ба – спорт саласы дамыған мемлекеттермен салыстырып бағамдауға болады.
Біздің жұмсаған қаражатымыз нақты әрі ашық. Қанша спортшыға қолдау көрсетілгені, жаттықтырушылардың жалақысы – барлығы қоғам талап еткендей сандар ашық көрсетілген", – деді Ербол Мырзабосынов.
Айта кетейік, Қазақстан Миланда өткен Олимпиада ойындарында бір ғана жүлдені місе тұтты.
Оны ел қоржынына мәнерлеп сырғанаудан Михаил Шайдоров салды. Ол қысқа және еркін бағдарламада сәтті өнер көрсетіп, Олимпиада чемпионы атанды.
Осы бір алтынның арқасында Қазақстан турнир кестесінде 19-орынға жайғасты.
"Жоғары жалақы, тегін үй мен тамақ, соңғы үлгідегі MacBook": Италиядағы халықаралық мектепте сабақ беретін қазақстандық ұстаздық жұмысы жайлы айтты