Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үш жыл бойы 100 теңгеліктерді жинаған": Канистрге толтырып тиын жинаған қазақстандық ақшаны қайда жұмсайтынын айтты

Фото: Медина Жұмабайқызының жеке архивінен

Ақтаулық 50 жастағы Медина Жұмабайқызы соңғы алты-жеті жылда ерекше қаржылық әдет қалыптастырған. Ол 10, 20 және 30 литрлік канистрларға майда тиын жинап, миллиондаған теңгеге дейін жеткізген. Көзге елеусіз көрінетін ұсақ ақша оның қолында қомақты қаражатқа айналған. Stan.kz тілшісі осы ерекше тәжірибенің қыр-сырын білу үшін кейіпкермен арнайы хабарласып, сұхбаттасып көрді.

Медина Жұмабайқызы отбасылық өмір мен кәсіпті қатар алып жүріп, қаржы тәртібін де ұмыт қалдырмаған. Ақтауда тұратын көпбалалы ана – төрт баланың, үш келіннің, алты немеренің әжесі. Ол жеке кәсіпкер ретінде азық-түлік дүкенін жүргізіп келеді. Бір жағынан отбасына қарап, бала-шағасының қамын жасап жүрсе, екінші жағынан күнделікті тіршілікте түсетін майда тиындарды жинауды да әдетке айналдырған.

Оның айтуынша, дүкен болғандықтан ұсақ ақша көп түседі, сол себепті оны бей-берекет жұмсамай, біртіндеп жинап отырады. Бұл кәсіпте жүргеніне 15 жылға жуық уақыт болған. Сонымен қатар оның бұл әрекеті әлеуметтік желіде де қызығушылық тудырып, келіні де видеоны өз парақшасында бөліскен. Медина Жұмабайқызының айтуынша, 6 жылдан бері 100 және 200 теңгеліктерді жинауды әдетке айналдырып жүр.

"Осыдан алты жыл бұрын, ең әуелі, 10 литрлік канистр ыдысына ақша жинап бастап көрейін дедім. Бір жылдың ішінде 800 мың теңге жиналды. Содан мотивация алып, кейін 20 литрлік ыдысқа екі жылдай жинап, шамамен 1,3 миллион теңге шығардым. Үшінші рет одан да үлкен мақсат қойып, 30 литрлік канистрға толтырып отырдым. Оны 2023 жылдың 19 сәуірінде бастап, үш жылға жуық уақыт жинадым. Жақында ғана ашқанымызда, ішінен 1,6 миллион теңгедей шықты. Негізі толық толғанда бұдан да көп болар еді. Бала-шағам да ақша жинап жүргенімді білді. Ыдыстың қақпағын қатты желімдеп, ешкім ашып, ішіндегі ақшаны ала алмайтындай етіп, мықтап жауып қойғанбыз", – дейді Медина Жұмабайқызы.

Оның айтуынша, уақыт өте келе отбасы мүшелері де аналарының қызығушылығына үйреніп кеткен. Балалары кішкентайынан мұндай тәртіпті көріп өскендіктен, жинаққа қол сұқпайды екен.

"Алайда балаларым мен сияқты ақша жинауға құмар емес, оларда мендегідей қызығушылық жоқ. Бастапқы екі жинақты жай ғана бөліп, санап шықтық. Ал соңғысын бөліп есептеп, салмағын да өлшедік. Тиындардың жалпы салмағы 6,2 келідей болды. Негізінен 100 және 200 теңгеліктерді жинап, кейбірін айырбастап отырдық. Ақша жинау барысында қиындықтар да болмай қалған жоқ. Тұрмыстық жағдайларға байланысты қиналған сәттерде “ашып жіберейін” деген ой келген кездер болды. Бірақ ерік-жігерімді жинап, өзімді тежеп, соңына дейін шыдап жинадым", – деп Медина Жұмабайқызы есептеу кезіндегі сәттерді еске түсірді.

Медина Жұмабайқызы ыдысты ашқан сәттің өзі ерекше әсер қалдырғанын айтады. Сонымен қатар ол қомақты соманы да қайда жұмсайтынын да айтып берді.

"Канистрды әр ашқан сайын бір жағынан қуаныш, бір жағынан толқу болды. Қазір бәрі қымбаттап жатқан заман ғой, сондықтан “ақшаның құны бар кезде бір қажетімізге жаратып қалайық” деген ой келді. Бұйырса, алдағы уақытта саяхатқа шығайын деп отырмын. Осы жинаған ақшаны Алла қаласа, сол сапарға жұмсаймын. Еуропаны аралау жоспарда бар. Негізі, дәл осы сапарға қаражат керек болғандықтан, ыдысты ашуға тура келді", – деп түсіндірді Медина Жұмабайқызы.

Әлеуметтік желіде тараған видео көпшіліктің қызығушылығын тудырып, Медина Жұмабайқызына түрлі пікірлер мен жылы лебіздер легін жазған.

"Видеоны көргеннен кейін алыс-жақын туысқандар жақсы лебіздерін білдіріп жатыр. “Берекесін берсін, жақсы күндеріңе жұмсаңдар” деп тілек айтып жатыр. Оқырмандар да күнде жылы сөздерін жазып, қолдау көрсетеді. Кейбірі әзілдеп, “банкте майда тиындар қалмаған шығар, бәрі сізде екен ғой” деп пікір қалдырды. Әрине, араларында “қалай айтпай, білдіртпей жинап жүргенсіңдер?” дегендер де болды. Бірақ ондай сөздерге мән бермеймін. Ең бастысы, ниет", – дейді көпбалалы ана.

Фото: Медина Жұмабайқызының жеке архивінен

Ақтаулық әйелдің сөзінше, оған видео шыққаннан кейін туыстар арасында “ақша бере тұршы” деп сұрағандар болмаған. Кейбіріне қаражаттың нақты қандай мақсатқа жұмсалатынын бірден айтып қойған да екен. Медина Жұмабайқызының айтуынша, кейін одан көріп ақша жинай бастағандар да бар. Бірақ арасында “шыдай алмай, ашып қоямыз” деп әзілдейтіндер де кездеседі дейді ол.

"Екінші жиналған 20 литрліктегі ақшаны үшінші ұлымның тойына жұмсап, әулетімізге келін түсірдік. 30 литрлік ыдысты соңына дейін толтырғанда, 2 миллион теңгеден асатын еді. Оның ішінде 200 теңгеліктер көп болды. Тағы да ақша жинау жоспарымда бар. Алдағы уақытта 40 литрлік ыдысқа жинайын деп отырмын, Алла қаласа. Жалпы, осылай ыдыстарға ақша жинау менің хоббиім десем де болады. Өзіме қатты ұнайды. Тиын жинаған сайын көбейе береді. Мысалы, қомақты соманы бірден жинау оңай емес, кейде керек кезде таба алмай қаласың. Ал осылай аз-аздан жинап отырсаң, кейін қажет нәрсеге жұмсауға мүмкіндік болады", – дейді Медина Жұмабайқызы.

Медина Жұмабайқызының отбасы

Кәсіпкер әйелдің айтуынша, осылай ақырындап жинау кейін ойда жүрген қажет дүниелерге қаражат жұмсауға мүмкіндік береді.

"Барлық нәрсені аз-аздан бастасаң, нәтижесі осылай жақсы болады. "Ақша тиыннан құралады" деген мақал бар ғой. Былай қарасаң, көзіңе кішкентай болып көрінгенімен, кейін осындай тиыннан қомақты қаражат жинауға болатынын түсінесің. Қаржылай сауатты болу үшін адам ақшаның кірісі мен шығысын білуі керек деп ойлаймын. Ақшаны оңды-солды шаша беру – бұл да сауатсыздық. Әр тиынды орнымен жұмсай білу қажет. Өзім күнделікті ақшаны қайда жұмсағанымды дәптерге жазып жүремін. Әдетке айналдырғанмын. Ай сайын, жыл сайын қанша жұмсағанымды есептеп отырамын", – дейді Медина Жұмабайқызы.

Сонымен қатар ол барша қазақстандықтарға аз-аздан болса да ақша жинап, оның берекесін көруді тілейді.

"Ақша жинап жүрген әрбір қазағым бай болсын дегім келеді. Әрбір 10 теңгелеп, 100 теңгелеп болсын жинағанын ақшасының берекесін берсін. Банкте жинағаннан қарағанда осылай тиындап жинаған ұнайды. Мысалы, мен үшін банк шотында жинасам, тез шешіп алатын секілді болып отырамын. Тек ұзақ уақыт бойы шешіп ала алмайтын депозитке жинамасаң. Ал мынау канистрда аузы қатты жабылған болғаннан кейін оны шешіп алуға болмайтыннын көріп, өзіңді тыйып тұрасың. Ал банкте кез келген қосымша арқылы ақшаны шешіп алуға өте тиімді, жылдап етіп жасап қойған", – дейді Медина Жұмабайқызы.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 16 Сәуір, 2026 09:00