Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"1 миллион теңге берілді": Тұрсынбек Қабатовтың әйелі су астында қалған ауылын көрсетті

Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың әйелі, продюсер Мөлдір Мұқанованың туған ауылын су басты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: https://www.instagram.com/moldir.mt/

Продюсердің туған ауылы – Қостанай облысына қарасты Торғай өңіріндегі Үрпек ауылы. 

“Еліміздің біраз өңірлерін су басып жатқаны барша қазақстандықтардың жанына батып отырғаны белгілі. Оның ішінде өзіңнің туған ауылыңа қауіп төніп тұрғанын көргенде тіпті қиын. Үрпек ауылым Қостанай облысындағы Торғай өзенінің бойында орналасқан. Бала кезімде көктемде су тек ернеуінен асып, жайылымға қажетті көлемде ғана тасып қоятын. Алайда судың биылғы тасуы тым ерекше болып, ел халқына үлкен қауіп төндіріп тұр. Қаншама отбасы үйсіз қалды, қаншама мал қырылды… Көлденең келген бәле-жаладан сақтай көр деп отыратын қарттарымыз, бұл қиындық та артта қалып, бәрі жақсы болады деген үмітім зор. Мен де халықтың бір бөлшегімін, қолымнан келгенше қаржылай көмегімді жасап отырмын. Тамшыдай болса да көмектерін көрсетіп жатқан әрбір жанға Алла разы болсын. Қол көмек беріп күн-түн демей еңбектеніп жатқан елдегі азаматтарымыз аман болсын”, – деп жазды продюсер. 



Өнер иесінің жерлестері мен туысқандары әлеуметтік желіге қанша теңге аударғанын жарыса жазып жатыр. 

“Су тасқынынан зардап шеккен Үрпек ауылының тұрғындарына Тұрсынбек Қабатов 1 млн теңге қаржылай көмек берді. Тұрсынбек пен Мөлдір қарындасымызға мың алғыс. Балаларыңның қызығын көріңдер", – деп алғыс айтты ауыл тұрғыны. 

Одан кейін, Мөлдірдің әпкесі де туған бауырымен мақтанатынын жеткізді. 

“Тұрсынбек пен Мөлдірдің ауылымызға деп жіберген көмегіне мен де қатты қуандым. Есепсіз таза ниеттері үшін де риза болдым. Әкем мен анам көзі тірі болғанда қара шаңырақта отырар ма еді? Өкінішке қарай, ол кісілер жоқ. Бірақ ауылымыз бар, көңілге – медеу. Ауыл ақсақалдарынан келіп жаткан ақ бата, ризашылығын естіп, "аумин" деп отырған жайым бар”, – деп жазды Айгүл Мұқанова. 

Еске салайық, Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Қостанай облысына жұмыс сапарымен барып, төтенше жағдай жарияланған Амангелді, Жангелді аудандары мен Арқалық қаласындағы жағдаймен танысқан еді. 

Сонымен қатар, Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге Астана еріктілері 30 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жіберді. 

 

Талқылау