Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Жүкті кезімде "сен сайқал, абыройды төктің” деп ұратын": Қазақстандық келіншек туған ағасынан бірнеше жыл көрген қорлығын айтып берді

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған қыз-келіншектер көп жағдайда сорақылықтың бәрін күйеуінен көріп жатады. Алайда сол қорлықты туған ағасынан, өз үйінде сезініп жүрген арулардың жағдайынан хабарыңыз бар ма? Ақтөбелік 28 жастағы Әлияның (кейіпкердің аты өзгерген) айтуынша, ағасының жұлқып, теуіп, итеретін әрекетіне бала кезден бәрі үйреніп қалған. Тіпті ата-анасы да “ағаңның сөзі заң” деп ешқашан араша түспеген. Бауырынан көрмеген жылулықты басқадан іздеген ару бірінші некесінде күйеуі мен енесінің ұрып-соғуына төзе алмаған. Жүкті болып ажырасып келген кезінде ағасы оны тіптен қабылдамай, тағы да соққының астына алған екен. Келіншек Stan.kz тілшісіне екінші некесі мен ағасынан көрген тұрмыстық зорлық-зомбылық жайлы айтып берді.

Фото pexels.com

Әлия отбасында үш ағайынды. Ол – ағасы мен інісінің ортасындағы жалғыз қыз. Алайда келіншектің айтуынша отбасы оған ешқашан “жалғыз гүліміз” деп қарамаған. 

“Кезінде қатты қиыншылық көрдім. Әлі күнге дейін жұдырығын көтеруге дайын тұратын бір ағам бар. Оны ата-анам “үйде сенің айтқаның заң” деп өсірді. Ағамның бұл әдеті кішкентай кезімізден бар еді. Мені итеріп, ұрып теуіп тастайтын”, -деді ол. 

“Ағамнан көрмеген жылулықты басқадан іздеп қателестім...”

Әлия тұрмысқа ерте шыққан. Осылайша отбасындағы қысымнан қашқан ару мұндай ұрып-соғу әрекетін енді ағасы емес, күйеуі мен енесінен көре бастаған. 

“Ағамның қысымының салдары ма білмедім. Өзге жақтан мейірім іздеп, сүйдім-күйдім деген жылы сөздерге алданып, бірінші күйеуіме тұрмысқа шықтым. Мұндай жылылықты көрмегесін оны құлай сүйген едім. Бірақ ол алдаған екен. Келін болып түскеннен кейін “анасының баласы” екенін білдіре бастады. Тіпті енеммен бірге қосылып, ұрып-соғып, қылқындыратын. Ол кезде жасым небәрі 18-19 да еді. Алған соққыларымнан екі рет балаларым шетінеп кетті. Үшіншісін көтерген кезімде шыдай алмай өз анамның қасында болғаным дұрыс деп кетіп қалдым”, – деп баяндады келіншек.

Осы тұста Әлия баласын алдыру туралы да ойлағанын жасырмады.

“Басымда “туысам туармын, тумасам алдырып тастаймын” деген ойлар болды. Алайда келгесін әжелерім “баланы алдырған адам өлтіргенмен бірдей” деп басу айтты. Содан кейін қызымды босануға шешім қабылдадым”, – деп қосты ол.

“Сен сайқал, абыройды төктің”: Ағам қайтып келгенімді бетіме басты...”

Алайда оның қайтып келгені ағасының ашуын одан әрі күшейткенге ұқсайды. 

“Аяғым ауыр кезінде  “сен сайқал, абыройды төктің” деп зекіп, ұрсып, ұрып жүрді. Босанып келгеннен кейін “сендей қарындастың болғанынан болмағаны артық” деп теуіп, ұруын күшейтті. “Өлтірем сені” деп ашуланатын. Әкем араға түсіп әрең дегенде араша болатын. Сол үшін ауырып та қалатын. Анам болса “саған сауап, өзіңе сол керек! Ажырасқан қатын кез келген отбасыны бұзады” деп ұрыстың көкесін шығаратын. Қызым 1-2 жасқа толғанда жұмыс істеп жүрдім. Жұмысқа шекем ісіп, арқам көгала қойдай болып баратынмын. Ішімнен “құдайым мені ала көрші” деп тілейтінмін”, – деді келіншек.

Осындай қиыншылыққа төзіп келген келіншекке ақырында оны барымен қабылдайтын ер азамат жолыққан екен. Әлияға бұл жолы кезіккен жігіт оны қызымен бірге бауырына басуға уәде еткен.

“Не болса да, екінші жолдасымды жолықтырғаннан соң, ешкім ешқандай әңгіме айтпасын деп некеге отырып алдық. Ешкімге айтпай заңды некемізді тіркедік. Жұбайымнан бізге қамқор болуға уәдесін де алып алдым. Ол да қарсы болған жоқ. “Маған да жанұя керек, сәбидің кінәсі жоқ қой” деп қызымды бауырына басты. Осы жолы ағамның ойы маған маңызды болмады. Бастысы ата-анам баталарын берді. Ал бірінші күйеуім бұл кезде басқаға үйленіп кеткен болатын”, -деп қосты ол.

Әлия бұл некесінен соң өмірі түбегейлі өзгергенін жасырмады.

“Арқа сүйер азаматыма айналды. Некемізден кейін ылғи біздің жанымызда болып, жалғыз қалдырған емес. Қазір үш балапаным бар. Үлкен қызым 8 жаста, ұлым шілде айында үшке толады. Ал кішкентайым алты айлық. Қазір құдайға шүкір күйеуімнің арқасында бақытты әйел болып отырмын. Үш баланың анасы, аяулы жармын”, – деді келіншек.  



“Ұрды, соқты, қорлады...“Менің ағам осындай”

Әлия қазір ағасымен қарым-қатынасының жақсармағанын жасырмады.

“Күйеуіме де, маған да қазір ағамның бар-жоғы бәрібір болып кетті. Ол мені іздеп бір хабарласқан емес. Ағам әлі бойдақ. Балаларды ұнатпайды, қашып, ұстағысы келмейді. Әсіресе менің балаларымды көрсе ылғи да “иісі шіріп жатыр мыналардың” деп қолын жуып, антисептик сеуіп отырады. Неге екенін білмеймін, бірақ менің ағам осындай “аға” деуге келмейтін адам. Қазір өз ұлыма әпке-қарындасын сыйлауға, бауырмалдыққа үйретудемін. Оларға жақсы тәрбие берсем деймін. Ең бастысы мен көрген қиындықтың бәрі артта қалды”,- деп қорытты келіншек. 

Желіде осы оқиғаға ұқсас қазақстандық бойжеткеннің видеосы тарап, көпшіліктің талқысына түскен еді. Мұнда ару көгерген бет-жүзін жариялап “мұндай ағам болғанынша, өліп қалғаным жақсы. Құдайым мені ала көрші”, -деген жазба қалдырған. 

Видео астында желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Олардың бірі:

“Жаным өкінішіңе ортақпын”, “Өз туған бауырына қалай қол көтерген оңбаған”, “Ол аға емес, жауыз”, “Бұл қандай аға өзі?”, – десе, енді бірі бойжеткеннің осы күйіне өзін кінәлады.

“Қой дегенде қою керек, еркектің бетіне шаппай”, “Ағасы қол көтерсе, демек қарындасы намысқа тиер әрекет жасаған”, “Шапалақ бір қолдан ғана шықпайды”, – деді пікір білдірушілер.

Stan.kz тілші бойжеткеннің желідегі аккаунтын іздеп, видеоны салынған TikTok парақшасының түгелдей жойылғанын анықтады.

Еске салсақ, жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқығын қорғап, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңға қол қойған еді.

Талқылау