Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бишімбаев пен Байжанов сотта нақты қай қылмысы үшін кінәсін мойындайтынын айтты

24 сәуірде Астана соты Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты сот тергеуін аяқтады. Сотталушылардан тағылған айыпқа қатысты ұстанымдары сұралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Жоғарғы сот

Судья Айжан Құлбаева Бишімбаевқа басты сот талқылауында прокурор айыптау актісін оқып, айып тағып, тағылған айып бойынша өз ұстанымын нақтылағанда екі бап бойынша кінәсін толық мойындамағанын еске салды.

"Енді сот тергеуі аяқталғаннан кейін, сіздің айғақтарыңыз тыңдалып, куәгерлерден жауап алынып, аудио-бейне жазбалар қаралып, қылмыстық іс материалдары зерттеліп болғаннан кейін сіздің ұстанымыңыз бұрынғысынша қалмай ма? – деп сұрады судья Бишімбаевтан.

"Менің ұстанымым, құрметті алқабилер, мен азаптау бойынша кінәні мойындамаймын", - деді сотталушы.

"Сіздің азаптауларға қатысты ұстанымыңыз өзгеріссіз қала ма?”, – деп сұрады Айжан Құлбаева.

"Иә, мен мойындамаймын", – деді Бишімбаев.

Келесі кезекте судья Бишімбаевтан екінші бап – аса қатыгездікпен кісі өлтіру бойынша ұстанымын сұрады.

"Екінші эпизодтың маған аса қатыгездікпен қасақана кісі өлтірді деген айып тағылған бөлігінде мен Нүкенованың өліміне әкеп соқтырған соққыларды жасағанымды мойындаймын. Бірақ оны қасақана жасағанымды мойындамаймын", – деп жауап берді Бишімбаев.



Судья Айжан Құлбаева Бишімбаевтан “Нүкенованы қасақана аса қатыгездікпен өлтірді деген кінәні мойындамай, абайсызда оның өліміне әкеп соқтырған ауыр дене жарақатын салғаныңызды мойындайсыз ба?” деп сұрады. 

"Мен заңгер емеспін, анығын айта алмаймын. "Иә" ауыр соққы жасадым, соның салдарынан қайтыс болды", – деп жауап берді Бишімбаев.

Екінші сотталушы Бақытжан Байжанов та өз ұстанымын білдірді. Ол кінәсін мойындаған жоқ.

"Менде жасырды деген айып бар, бірақ мен ештеңе жасырған жоқпын. Арам ойым болған жоқ. Бишімбаев маған мен жасадым деп айтты. Кадрларды қарамай, видеоларды өшіргіздім. Алайда ол жерде не болғанын білмедім. Не болғанын білген соң бірден жедел жәрдем шақырдым. Тағылған айыптарды мойындамаймын. Бірақ менде кінә бар. Жедел жәрдемді ертерек шақыруым керек еді. Бар кінәм – осы", – деді Байжанов.

Айта кетейік, Бишімбаев сотында айыпталушы үнемі жүгінетін көріпкелден жауап алынды. Оқиға болған күні Бишімбаев оған қайта-қайта хабарласып, Салтанаттың жағдайы нашарлап бара жатқанын айтқан. 

Талқылау