Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Жыл таңдауының” продюсері сыйлықсыз қалып ренжіген әншілерге жауап берді

Желтоқсан айының басында “Жыл таңдауы” ұлттық музыкалық жүлдесі эстрадада жүрген 20 әншіге табысталған еді. Бұл орайда марапаттан құр алақан қалған бірқатар өнер иелері реніш білдіріп, бұдан былай “Жыл таңдауына” қатыспайтындарын мәлімдеді. Ал ұйымдастырушы, продюсер Жан Мұқанов әншілердің назына не дейді?

"Жыл таңдауы" жобасының продюсері сыйлықсыз қалып ренжіген әншілерге жауап берді

31 арнаның “Айта берсін” бағдарламасында продюсер ренжіген әншілерге жауап берді, деп жазады Stan.kz.

“Маған сыйлық бермейді” дейтін әртістер қызық. Біріншіден, жұмыс істеу керек шығар? Бұл жерде марапат алған әншілер – әндері хит болған әншілер. Мені көбі сол үшін жек көреді. Бізде “өзіміз ғой” деген дүние бар. Ондай нәрсе болмау керек. Әйтпесе өзіме жасап жатқан дүние болады”, – дейді Мұқанов.

Продюсер бұл орайда тіпті, өз жобаларына да сыйлық бұйырмағанын айтады. Мәселен, Тамара Асар бір жыл ішінде біршама ән жаздырып, халыққа ұсынса да, өзінің продюсері ұйымдастырып отырған шарадан құр алақан қайтқан.

“Көрдіңіздер ғой, Тамарам да (ред. Тамара Асар), Әміре де алған жоқ. Бірақ Тамара қаншама ән айтып жүр, қаншама жаңа әндер шықты. Бірақ ол әндер қатты хит болған жоқ. Сондықтан ол сыйлық алған жоқ. Енді “Ақ баянды” жаңартып, қазақи дүние жасайық деп ұсыныс жасадым. Әдемі шықты номері. Ал Әміреге беруге болар еді. Ол “Славян базарынан” бірінші орын алып келді, ол үлкен тәжірибе, мақтанатын дүние. Бірақ Жан өз балаларына беріп жатыр деп айтпасын, деп бермедім. Ал ренжіген әртістің әні хит болмады, клип түсірілмеді, қаралым жинамады. Ол жерде менің қолым қысқа, дауысқа салған кезде де алға шығып кеткендерді көруге болар еді”, – дейді Мұқанов.

Жан Мұқанов мұндай ауқымды шараны ұйымдастыру арқылы пайда таппайтынын айтады. Мәселен, биыл үшінші рет ұйымдастырылған жоба алғаш рет өз шығынын ақтаған екен.

“Бірінші жылы минусқа кірдік, екінші жылы тіптен минусқа кірдік. Биыл енді ақтады, көп болмаса да, біраз пайда тапқан түріміз бар. Қасымда жүрген адамдар, командам: – Жыл таңдауын қайтесің? – деп айтады. Өз ойым, осындай жоба болу керек. Әртістерге стимул беріп, жұмыс істеп жатқан әншілерді шығарып, “мықтысың” деп сыйлық бергеннің өзі – мотивация. Ал осындай жоба болмаса, ол дұрыс емес сияқты. Келесі жылы бола ма, жоқ па, білмеймін. Кішкене шаршадым десе де болады”, – дейді Жан Мұқанов.

Айта кетейік, сыйлықтан құр қалған әншілердің бірі Мөлдір Әуелбекова өзінің 15 жылдық еңбегін бағаламайтын жерге енді аяқ баспайтынын айтқан еді. Сондай-ақ, Әбдіжаппар Әлқожа да фонограммашыл әншілердің марапатқа ие болғанын айтып ренжіген болатын.

Қазақстандық жұлдыздардың өмірі жайлы t.me/kzshow арнамыздан оқыңыздар.

Талқылау