Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жоғарғы биліктегі тағы бір әйел: Анар Жайылғанова деген кім

Анар Нұралықызы Жайылғанова - қоғам қайраткері, заң ғылымдарының кандидаты. Жуырда ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы болып тағайындалды. Билікке келген тағы бір әйел адам жайлы деректерді Stan.kz ақпарат агенттігі назарларыңызға ұсынады.

Анар Жайылғанова мен Алик Шпекбаев

1969 жылдың 10 шілдесінде Семей қаласында дүниеге келген. 1986 жылы Семей облысы, Шар ауданына қарасты Белтерек ауылында орта мектепті бітіріп, әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің заң факультетінің студенті атанған. 1991 жылы жоғарғы оқу орынын үздік бітіреді.

Алғашқы еңбек жолын Қазақстан Республикасының ғылым академиясының философия және құқық институтында кіші ғылыми қызметкер болып бастаған. 1992 жылдан бастап ұлттық ғылым академиясының аспирантурасында сырттай білім алады.

2003 жылы банк ісі қаржы және несие факультетінің салық мамандығы бойынша жоғарғы мектебін бітірген. Ал 2002 жылы "Қазақстан Републикасындағы сот істерін қамтамассыз етуді құқықтық негізде ұйымдастыру" тақырыбында диссертация қорғаған.

1994-97 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының аға кеңесшісі, артынша 1999 жылға дейін Оңтүстік Қазақстан облысының соты қызметін атқарған. Сонымен қатар, ҚР әділет министрлігінің сот істерін ұйымдастыру департаментінің басшысының орынбасары, талдау басқармасының басшысы болып жұмыс істеген.

1999-2000 жылдар аралығында ҚР президент әкімшілігінің мемлекеттік құқықтық бөлімнің сарапшысы, 2000-2004 жылдары Қазақстан Республикасының жоғарғы сотының кеңесшісі, 2008 жылға дейін ҚР жоғарғы сотының соты лауазымдарын алып жүрген. Артынша 2008-2016 жылдары конституциялық кеңес мүшесі ретінде қызмет атқарған.

Қазіргі таңда заңгерлердің ағылшын-қазақ ассоциациясының, ҚР президенті жанындағы адам құқығын қорғау, кешірім беру комиссияларының мүшелерінің қатарына кірген. 

Егемендік алған жылдары маман ретінде елдің ата заңына үлес қосқан. Жаңа мемлекет орнатуға қол ұшын берген. Қазіргі таңда Анар Жайылғанова қазақстанның ең үздік 50 әйелінің қатарына кірген.

Сонымен қатар, депутат "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынып жатқан үйлердің біркелкі болғанына қарсылық білдіріп, бұлай бола берсе, қалаларды ажырата алмай қалатынынымыз туралы наразылығын жеткізген. Оған қоса, республикалық Назарбаев оқуларын өткізуді қолдаған адамдардың бірі.

Саясаткердің өміріне тоқталар болсақ, таңы кәдуілгі адамдардай басталады. Ерте тұрысымен ол 2-3 шақырым жаяу серуендейді. Класиискалық бағыттағы кітаптарды оқығанды жақсы көреді. Дихан Әбілов, Қабдеш Жұмаділовтің туындыларын жанына жақын тұтады.

Анар Жайылғанова сұхбаттарының бірінде заңның қаншалықты орындалып-орындалмайтыны тек адамның өзінің қолында екенін айтқан болатын. 

"Заңның орындалуы адамдардың тікелей "Қаншалықты заңмен өмір сүремін немесе өмір сүрмеймін" дегенімен байланысты. Бұл уақыттың еншісіндегі дүние деп ойлаймын. Ал бізде менталитет сондай деп айта алмаймын. Өйткені, тарихқа көз жүгіртетін болсақ, біз әрдайым билер мен биліктегілердің айтқанына мойынсұнғанбыз. Сол себепті мен барлығы уақыттың еншісінде деп ойлаймын", - деді депутат.

Сондай-ақ, ол заңды толықтай қатаң ережелер мен тәртіпке құруға болмайтынын жеткізді. Мұнымен қатар, азаматтарды жаппай соттай берудің орнына, олардан айыппұл талап етуді ұсынды. Себебі, сотталушылардың көбеюі бюджетке үлкен нұқсан келтіреді. 

"Заңды қаталдандыра берген де дұрыс емес негізі. Қатал қылатын және босататын жерлер болады. Сол себепті біз экономикалық қылмыстар мәселесіне келгенде кінәлі азаматтарды бас бостандығынан айырғанша, айыппұл төлеуге мәжбүрлеуді ұсынып отырмыз. Себебі, түрмедегілер бюджет есебінде отыр.

Яғни жауапкершілік пен жаза қылмыс түріне қарай тағайындалуы тиіс. Полиция қызметіне келер болсақ, өкінішке орай, жақсы емес жағдайлар көптеп кездесіп жатыр. Оның барлығы жолдаудың өзінде де айтылды. Осы тұста полиция реформасының аса қажет екенін атап өткім келеді", - деді Анар Жайылғанова. 

Бұдан өзге агенттік төрағасы судьялардың жағдайына қатысты да пікір білдірген болатын. Кей жерде судьяларды жақтауға болатынын, кейде керісінше оларға қарсы сөз айтуға болатынын жасырмады. Сондай-ақ, судьялардың жұмысы тым көп екеніне тоқталды. 

"Кезектен тыс сайлау өткізу және оған біздің азаматтарымыздың қатысуы – азаматтық қоғамымыздың дамуының бір белгісі. Тәуелсіздік алғалы бізде өте көп жұмыс жасалды. Әсіресе, азаматтық қоғамды дамыту жағынан. Қазіргі таңда осындай қызу талқылау болып жатқаны біздің азаматтарымыздың немқұрайлы қарамайтынының бір белгісі.

Осындай белсенділік көрсетіп жатқан халқымыз сайлауға да бір кісідей қатысып, өзінің таңдауын жасайды деп ойлаймын. Өзінің көңілі қалайтын, осы Елбасымыз салып берген сара жолды әрі қарай жалғастыратын, халық сенім артатын азаматты өзі таңдайды", - деген болатын президент сайлауы туралы. 

Бұдан өзге ол ұлықтау рәсімінің міндетті түрде өткізілуі керектігіне тоқталды. Айтуынша, бұл халықтың мемлекет басшысының өзіне тиесілі төлқұжатты алып жатқанын көру үшін қажет. 

"Өзге де стандартқа сәйкес процедуралық сәттер туралы парламентте осыған дейін айтылған болатын. Сондай-ақ, мұның барлығы 19 наурыз күні парламент мәжілісінің қабырғасында жасалды. Есесіне осы жолы ұлықтау рәсімі кезінде ол президент ретінде ОСК-да тіркеліп, ресми Қазақстан Республикасының президенті атанды", - деді ол. 

Мұнымен қатар, Анар Жайылғанова сұхбаттарының бірінде үкіметтің таралуына және мұны жасауға президенттің қаншалықты құқығы бар екеніне тоқталған болатын. 

"2017 жылы 19 наурыздағы конституциялық реформаға сәйкес, үкімет жаңадан сайланған президенттің алдында өкілеттігін тоқтатпайды. Ол тек жаңа сайланған мәжіліс алдында өкілеттігін тоқтатуы мүмкін. Бұдан өзге, 70-баптың 7-тармағына сәйкес, президенттің үкіметті таратып, оны қайта жаңартуға құқығы бар. Егер мемлекет басшысы премьер-министрді өзгерткісі келсе, онда үкіметтің бәрі отставкаға кетеді. Бұл жолы мемлекет басшысының бастамасы болып отыр", - деді Анар Жайылғанова. 

Жуырда мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы атанған Анар Жайылғанова осы уақытқа дейін көптеген сұхбатында кез келген салада баланс сақтау маңызды екеніне тоқталған болатын. 

Талқылау