Жазушы телевизиядағы сауатсыз қазақ журналистерді сынай отырып басшыларға назын айтты

Жұма, 9 Маусым , 2017 13:08

Қазір қай газетті ашсаң де, қай арнаны қоссаң да Елбасының рухани жаңғыру туралы мақаласында көтерілген мәселелер сөз болып жатыр. Ден қойған адам ол талқылаулардың шын пейілмен өтіп жатқанын байқары анық.

1496842848_article_b_1500_

Ешқандай жоспардың тармағын орындау мақсатында емес, ешкімнің нұсқауымен емес, әркім көкейдегі ойын ортаға салып, рухани жаңғыруды іске асыру бойынша ұсыныс, пікірін айту үстінде.Енді оны қоғамның әр саласында көш бастаған тұлғаларымыз басшылыққа алып, игі істерге бастамашы болады деген сенім зор. Олардың ішінде телевизия саласы да бар. Жаңғырудың мәні бұрынғының бәрін жою емес, қолда барды сапалық өзгерту екенін ескере отырып әрі көгілдір экранның мазмұнын байыту ісінде кәдеге жарап қалар деп, көптен көкейде жүрген бірер ойды біз де ортаға салуды жөн көрдік.

Бұл мақалада сөз болатын жайларды арна басшылығында отырған бауырлар байқамаған (көзі түспеген, мән бермеген, түзетуге қолы тимеген…) болуы мүмкін. Сондықтан, көрермен де теледидарды немқұрайлы қарамай, өз тарапынан қолдап, керек жерінде сынап, ұсыныс жасап, пікір айтып отырғаны жөн деген ойдың да жетелегені рас. Бұл сияқты қадамдар сынап-мінеу деп емес, ізгі ниеттен туындаған жанашырлық деп қабылданса, одан телевизия саласы ұтпаса, ұтылмайтыны анық.   Кезінде ақпарат кеңістігінде пайда болған телевизия бір кездері білім көзі де, тәрбие құралы да болған кітапты байытып, толықтыра түскені рас. Түрлі бағдарламалар жасаушылар өздерінің ұрпақ тәрбиелеуге қосатын үлестерін, жауапкершіліктерін сезінгендігінен болар, телеөнімдер шындығында да мол мәлімет беретін дерек көздері болды.

Уақыт өте телевизия кітапты ығыстырып,  бұл басымдық күн санап өсе түсуде. Бірақ, өкінішке қарай, көп жағдайда телевизияның танымдық тәрбие беру әлеуетінен гөрі, танымалдыққа апаратын әлеуеті басым пайдаланылатындай көрінеді. Тіпті, қоғамда белгілі бір тұлға туралы айту керек болса, «бәлен хабарға қатысқан», «түген хабарды жүргізген» деп сипаттайтын әдет пайда болды. Телевизияның қуатты құрал екенін «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» деген ұстанымдағы  адамдар тез байқады. Белгілі бір мәселе бойынша орнықты пікір айта ала ма, көркем сөйлеп, тыңдарманды ұйыта ала ма, жоқ па, бәрібір, бүгінде «көк жәшіктен» көрінуді мақсат етушілер телеэкранға шығуға  ұмтылатыны анық. Осы жаппай ұмтылыс көптеген «әттеген-айлардың» себебіне айналып, тіпті, белгілі бір жағдайларда ұлттық мәдениетімізге зиянын тигізіп отыр.

Иә, теледидардан берілетін көркемдік құны төмен, тілі сақау, тәрбиелік мәні жоқ ақпараттың  зияны орасан зор: жас ұрпақтың дүниетанымын тарылтады, талғамын төмендетеді, тілін бұзады. Сондықтан, қазіргі кітаптан телевизор  үстем болған заманда телехабардың сапасына қойылатын талап жоғары болуы керек. Ал ол, әрине, мамандарға тікелей байланысты. Қазір  бұрынғыдай емес, журналистика факультеті де, оған түскісі келетіндердің саны да көбейді. Және оқуға түскендердің көпшілігі тележурналистиканы таңдауы бұл саланың жастар арасында жазба журналистикаға қарағанда сұранысқа ие екенін көрсетеді. Неге? Қоғамда қалыптасып үлгірген үрдіс бойынша, жастар да телевизияны  танымалдыққа апаратын төте жол деп таңдай ма, әлде? Мектеп бітірушілер арасында журналист мамандығы заңгер, халықаралық қатынастар қызметі, экономист сияқты  ауыз толтырып айтатын беделді кәсіптер санатында. Журналист болуға дайындық мектеп қабырғасынан басталады, ал оқу орнына түсе алмай қалғандарға арналып түрлі үйірмелер, курстар ашылып, шеберлік − сабақтары өткізіледі. Бірде жас журналистерді дайындайтын сондай курсқа барып, дәріс оқығаным бар.

«Журналист болсам» деп армандап, жоспар құрып жүрген жастарға «қазақтың қай журналисіне ұқсағың келеді?» деген өте қарапайым сұрақ қойдым. Қатысушылар әдемі киім киіп, суфлерден қарап сөйлеп отыратын тележүргізушілерді жапа-тармағай атай бастады! Жазба журналистердің бір де біреуінің аты аталған жоқ. Журналист боламын деп жүрген жастар біз мақалаларын іздеп жүріп оқыған аға буын журналистерді де, оларға өкшелес келе жатқан біздің қатарластарымызды да, өрнекті тіл, өткір ойымен танылған қазіргі буын өкілдерін де оқымаған болып шықты… Енді бес-алты жылдан кейін осындайлар микрофонын алып, көгілдір экраннан екпіндей сөйлеп тұруы ғажап емес. Естіген емес, өзім куә болған бір жайды мысалға келтіре кетейін. 2010 жылы 1-2 желтоқсан күндері Астанада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық  ұйымның саммиті болып, мен сол жиында ілеспе аударма жасадым.

Саммитке 38 мемлекеттің және үкіметтің сол кездегі  басшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысқаны белгілі. Олардың қатарында ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон, Германия Федералдық канцлері Ангела Меркель, т.б. әлемдік деңгейдегі саясаткерлер болды. Саммиттің қорытынды құжаты түнгі 3-те қабылданып, жария етілгені естеріңізде болар? Оған дейін мемлекет басшылары жабық есік жағдайында жұмыс істеді. Біз, ілеспе аудармашылар, жиналыстың басталуын сарыла күтіп отырдық. Сол кезде саммиттің баспасөз орталығында шаштары бурыл тартқан еуропалық журналистер компьютерлеріне үңіліп, саусақтары пернетақтада лыпыл қағып, материалдар жазып отырды. Дәл сол кезде біздің кейбір тілшілеріміз Тәуелсіздік сарайының әр жеріне барып, ұялы телефондарына қайта-қайта суретке түсіп жүргені назар аудартты. Кейбіреулерінің жүзі таныс – теледидардан күнде көріп жүрген өзіміздің телеарналардың тілшілері. Бәлкім, мен бұл жайды ұмытып кетер ме едім, бірақ келесі күні эфирден берілген репортажында суретке түсіп, мәз болып жүрген сіңліміз   Х.Клинтон мен А.Меркельді «екі мықты әйел» деп сипаттай келіп, лауазымдарын «екі мемлекеттің президенттері» демесі бар ма!   Мұндай салиқалы жиындардан хабар жасауға сарайлардың салтанатынан есі танып, суретке түсіп әбігер болатындарды емес, тәжірибелі, ысылған журналистерді жіберу керектігі туралы бірқатар БАҚ-қа берген сұхбатымда айтқанмын. Бірақ ол естір құлаққа жетті ме, жоқ па, белгісіз. Жалпы, қызметтегі адамдардың теледидар қарап отыруға қолдары тие бермейді. Ал қарай қалсақ, әуелі жаңалықтарға құлақ түреміз.

Белгілі бір репортажды көрсетердің алдында жүргізуші сол туралы қысқаша кіріспе ақпарат береді (оны тележурналистер «подводка» дейді). Дұрысында ол жұртты елең еткізетіндей болып, мәтіннен бөлек жазылуы керек. Бізде солай етуге еріне ме, көп жағдайда жүргізуші кіріспе хабарламасында репортаж жасаушының алғашқы сөйлемдерін не мазмұнын айтып шығады. Бұл – хабар жасаудағы асығыстықтың белгісі болар… бірақ, нәтижесінде материал тартымсыз болып шығады. Хабар жасаушылар телеөнім тұтынушылардың білімді, өмірден көріп-түйгені көп бөлігінің деңгейіне бағдарланса, айтылар сөз, қолданылар сөз орамында олқылықтар да аз болар еді. Бұлай деуімізге ақпараттарда түрлі жиындардың тақырыбын қате айту, халықаралық ұйымдардың, қабылданған заңдардың атауын дұрыс айтпау сияқты жайлар жиі кездесетіні себеп болып отыр. Мысалы, Парламенттен репортаж жүргізетіндер белгілі бір заң жобасы туралы айта келіп, «…өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» дегенді «…өзгертулер мен қосымшалар енгізу туралы» деп айта береді.  Тұрақты тіркестерді мағынасына қарай қолданбау да жиі ұшырап тұрады.

Халқымыз шабандоз жігітті сипаттағанда «Аттың құлағында ойнайды» деген, ал бізде «Домбыраның құлағында ойнайды» деп айту әдетке айналып барады. Қанша бақсаң да семірмейтін малды ет қоспайтын,  жүдеу адамды сөз еткенде «шыр бітпейді» деген тіркес пайдаланылады. Яғни, «май бітпейді», «толмайды» дегенді білдіреді.  Жүргізушілердің «шаруаға шыр бітпейді», сондай-ақ, «таразы талқысына салайық» (ой талқысына емес) деп қолдануы фразеологизмдердің түпті мағынасын түсінбеуден («Қазақстан»). Өзім ұзақ жыл аударма саласында қызмет істегендіктен, мәтіннің аударма екенін және нашар аударма екенін бірден түсінемін. Мысалы, өткен күзде Алматының бір банкіне қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы баяндап тұрған («Хабар») журналист «банктегі шабуыл» деді. Ол банктің ішіндегі шабуыл емес қой, дұрысында «банкке шабуыл» болуы керек-ті. ЭКСПО-ға қатысты жиыннан репортаж жасап тұрған журналист («Астана» арнасы) «жұмыс істеу жобасының кестесін бекітті» деді.

Дұрысында әңгіме жұмыс істеу кестесінің жобасын бекіту туралы екен.   Түрлі бағдарлама жүргізушілерінің өзін ұстау мәдениеті, білім деңгейі де ойлантуы керек. Мысалы, «Ду-думан» деген бағдарламаны жүргізуші ханым таблода жанған 0,5 деген цифрларды «ноль жарым», 5,0 деген цифрларды «бес бүтін оннан ноль» деп жариялады. Сенбеген кісі болса, жазбаларды алып, қарауларына болады. Бұлардың бәрінен үлкен проблема – тележүргізушілердің ішінде де, тілшілердің ішінде де (атын атап, түсін түстемей-ақ қояйық!) «ң» дыбысын айта алмайтындардың болуы. Бұл − телевизия тәрбие құралы екендігін ескермеудің салдары. Балалар үшін телеэкраннан көріну – үлкен мәртебе. Сондықтан, теледидардан күнде көрініп отыратын адамдарға қызыға қарайтыны, еліктейтіні түсінікті. Мұндай сүйіспеншіліктің біздер күтпеген нәтижесі бар: өзі құрметтейтін адамының «сенін анан», «көнілді» деп отыруын бала дұрыс деп, сол қалпында қабылдайды екен! Ендеше, ұрпақ тілінің тазалығына жаны ашитын азаматтар «ң»-ды айта алмау індетінің таралуына жол бермеу керек деп ойлаймын.   Осы ретте телехабарлар кейіпкерлерінің тіліндегі «жасап жатырық», «айтуға керекпіз», «жүрік қой» деген сияқты тіркестердің қолданылуы да – тіл мешелдігіне әкелетін факторлардың бірі екенін айта кеткен жөн болар.

Кеңес дәуірінде кейбіреулердің  орынды-орынсыз жерде орысша сөздерді қосып сөйлейтін әдеттері болған. Бүгінгінің адамдары шет тілде сөйлейтінін  білдіргісі келе ме, өз тілімізде баламасы бар сөздерді «альтернатива», «креатив», «пиар» деп айтып отырады. Тіпті, Қазмедиа орталығында келушілерді тіркейтін жерді де «ресепшн» деп ағылшынша айтылуы бойынша жазып қойған соң не дейсіз?!.   «Muzzone» деген арнаның  «жүгіртпе жолдарына» көзім түсіп, қарауға тұрмайтын арна екен деп ой түйдім. Басшы бауырымызды жамандыққа қимай, арнасында осындай анайы хабарландырулар беріліп жатқанынан бейхабар шығар деп өзімді сендіргім келеді…   Біраз бұрын аяқ астынан ауруханаға түсіп, сериалдарды сүйіп қарайтын кісімен көрші болдым. Сол кісімен бірге мен де «Айман-Шолпанды», «Қара шаңырақты» қарай бастадым (Сол әдетпен «Көзайымды» да көріп шықтым!). Отандық жақсы сериалдар қатары көбейгені қандай тамаша. Өнерлерін театр сахналарынан тамашалап жүрген актерлерді басқа қырынан көріп, таныдым. Жарнама кезінде көршіме олардың сахнада сомдаған образдары туралы әңгімелеп қоямын. Ол кісі болса, жарнаманың ұзақтығына таусылып, «ащы ішектей созылтпай, тым болмаса, 2-3 жарнамамен шектелсе болмай ма?» деп арна басшыларымен сырттай ұрсысып отырады. Телекөрермендердің ұсыныс-пікірлерін жинайтын болса, басым көбі осындай  жарнамаға қатысты наразылықтардан тұратын шығар деген де ой келеді.

Мен де наразылығымды білдірер едім. Жарнаманың ұрпақты рухани жұтататыны, тілімізді бұзатыны туралы айтар едім. Кішкентай бөбектер теледидарда жарнама көрсетіле бастаса-ақ назарын экранға аударатынын байқадыңыздар ма? Байқамасаңыздар, бірер күн бақылап көруге кеңес беремін.  Тілі енді шығып келе жатқан сәбилерден бастап, 3-4 жастағы бүлдіршіндер де жарнаманың музыкасына елеңдеп, айтылған сөздерді қайталайды. Сондықтан, арна басшылары телевизия – қуатты тәрбие құралы екенін ұмытпаса екен деген тілек бар. Арна басшылары ұлтжанды азаматтар екендігіне күмәнім жоқ. Болашақта жарнаманың көбеймесе, азаймайтыны да анық. Ендеше, ұрпағымыздың тілін қалыптастыруға әсер ететінін факторлардың бірі екенін ескере отырып, мекемесіндегі жауапты адамдар жарнаманы қабылдаған кезде оның сапасына баса назар аударуын талап етсе, құба-құп.

Ең бастысы, жарнама  мәтінін таза қазақ тілді маманға оқыту керек! Әйтпесе, дыбыстарды «жұтып» қою, «ң»-ды «н» деу, орысша акцентпен, сөздің екпінін дұрыс қоймай (сөзіміздің шындығына көз жеткізу үшін «Cif», «Pampers» туралы жарнамаларды тыңдасаңыз жеткілікті!)  сөйлеу арқылы ұрпағымыздың тілі сақау болуына жарнама (яғни, телевизия!) орасан зор «үлес» қосары түсінікті емес пе? Рухани жаңғырудың уақыты келгенін айта отырып, Елбасының «…қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаздады» деуінде зор астар бар. Үлкен жеңістер кішкентай жетістіктерден құралатыны сияқты, тіл мәселесіндегі біз айтқандай, бәзбіреулер үшін «елеп-ескеруге тұрмайтын» қателер үлкен қатеге – ұрпақ тілінің жұтаңданып, шұбарланып, сақаулануына алып келуі  мүмкін екенін  ұмытпауымыз керек.

Жазушы Камал Әлпейісова, Егемен Қазақстан

Тағы да оқыңыз:

Динара Сәтжан «Қазақстан» арнасына басшылық қызметке келді

Қытайдың 51 компаниясы Қазақстанға көшіп келмек

Шыдамы жетпеген адам орта жолдан оразасын бұзуға бола ма?

Источник: Stan.kz

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Источник: Stan.kz

1
Комментариев
  • Anonymous says:

    Керемет жазылған! Көптің ойынан дөп түскен мақала

Leave a Reply

Your email address will not be published.

Орташа айырбас бағамы
24.07.17
Сатып алу
Сату үшін
USD
327
329.5
EUR
370
374
RUB
5.05
5.12
Міндетті түрде оқыңыз
Соңғы жаңалықтар